astana-view

Ұлттық палата «Бір ауыл – бір өнім» жобасын іске асыру бойынша оқыту семинарын өткізді

2023 жылғы 01 Наурыз
5694 просмотров

«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы 2023 жылғы 27-28 ақпанда «Мен кәсіпкер» кәсіпкерлік әлеуетін дамыту» құралы шеңберінде көзделген «Бір ауыл – бір өнім» жобасын іске асыру мәселелері бойынша кіріспе онлайн оқыту семинарын өткізді. Семинар аудандар мен ауылдық елді мекендердің әкімдері, кәсіпкерлік және индустриялық даму басқармалары, облыстардың ауыл шаруашылығы басқармалары, «Атамекен» ӨКП директорлары мен қызметкерлері, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ өкілдері, Іскер әйелдер кеңесінің мүшелері үшін ұйымдастырылды. 2 күн ішінде семинарға 527 адам қатысты.

Семинардың мақсаты «Бір ауыл – бір өнім» жобасының іске асырылуымен таныстыру болды.

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі басқармасының бастығы Е.Е. Қазбеков құттықтау сөз сөйлеп, жобаны мемлекеттік қолдау құралымен таныстырды.

Семинар барысында «Бір ауыл – бір өнім» жобасына енгізу үшін өзекті өңірлік ерекшеліктер мен өнімдерді анықтау, мемлекет пен бизнестің өзара іс-қимылы үшін алаң құру, өңірлерде бренд комитеттерін құру бойынша ұсыныстар қалыптастыру сияқты мәселелер қамтылды.

Оқытуды Жапония Халықаралық ынтымақтастық агенттігінің (JICA) БАБӨ жобасының бас кеңесшісі Харагучи Акихиса жүргізді. Ол Қырғызстанда БАБӨ тәсілін енгізу және Қазақстан үшін ұсынымдар туралы айтты.

Жобаның мақсаты – жергілікті қоғамдастықтардың тұрақты жұмысына ерекше назар аудара отырып, шағын бизнесті ілгерілетудің тұрақты моделін тарату. Жоба тәсілінің бірегейлігі мынадай рәсімдер кешенінде жатыр: мақсатты өнімді анықтау, оны әрі қарай өндіру, тек жергілікті ресурстардан, қаптама мен жапсырманың дизайнын мұқият әзірлеу, сапаны қатаң бақылау, сондай-ақ жергілікті және әлемдік нарықтарға ілгерілету.

«Бір ауыл – бір өнім» жобасы Қырғыз Республикасында 2007 жылдан бастап Ыстықкөл облысының аумағында Жапондық Халықаралық ынтымақтастық агенттігімен (JICA) бірлесіп енгізілді және іске асырылуда. Осы тәсілдің арқасында Ыстықкөл облысында 18-ге жуық шеберхана ашылды, бұл 4 000-нан астам (төрт мың) жұмыс орнын құруға мүмкіндік берді. 2017-2022 жылдар аралығында Жапония, Қытай, Корея, Қазақстан, Өзбекстан Сауд Арабиясы, Біріккен Араб Әмірліктері, Ресей, АҚШ, Франция, Германия, Испания және Еуропаның басқа елдері сияқты ішкі және сыртқы нарықтарда сәтті сатылатын 280 өнім әзірленді. Соңғы 6 жылда БАБӨ жобасының арқасында қырғыз өндірушілері 167 экспорттық келісімшарт жасасты.

Қырғыз Республикасында БАБӨ жобасын іске асыру тәжірибесі JICA жүзеге асырған әлемдегі ең табысты БАБӨ жобасы ретінде Қазақстандық тарапты қызықтырады.

«Атамекен» ҚР ҰКП Басқарушы директоры С.Д. Әбдікәрімова өңірлерде бренд-комитеттер құру және БАБӨ дүкендерін ашу жоспарлары туралы айтып берді.

Семинарға қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, оларға жауап ала алды.

«Бір ауыл – бір өнім» жобасын іске асыру мәселелері бойынша қатысушылар үшін пайдалы ақпаратпен қызықты пікірталас болды.

«Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма мүшесі, Басқарма төрағасының орынбасары Т.А. Нақыпбеков «Бір ауыл – бір өнім» жобасы өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етуге, ауыл тұрғындарын нарықтық тартымдылығы бар бірегей жоғары сапалы өңірлік өнім жасауға тартуға бағытталғанын, нәтижесінде өңірлердің танымалдылығын арттыруға және туристік ағынның ұлғаюына әкелетінін атап өтті. Қазақстанда «Бір ауыл – бір өнім» жобасын іске асырудың түпкі мақсаты ауыл тұрғындарының әлеуетін дамыту және нығайту және ауыл тұрғындарының кедейлік деңгейін қысқарту болып табылады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер