astana-view

Түркістан облысында мақта кластерін дамыту жолдары зерделенеді

2023 жылғы 01 Наурыз
- Түркістан облысы
5847 просмотров

Түркістан облысында мақта кластерін дамытуға күш салынады. Бұл мақсатта шитті мақтаны сатудан бөлек, мақта талшығын терең қайта өңдеуге басымдық беріледі. «Turkistan» индустриалды аймағында жеңіл өнеркәсіп жетекші салаға айналмақ.

Осы саладағы өзекті мәселелер өңірге жұмыс сапарымен келген ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин қатысуымен өткен мақта зауыттарының басшылары мен шаруалардың кездесуінде талқыланды.

Серік Жұманғарин өңірді өнеркәсіптік дамыту жобаларымен танысты. Жақын арада Мақтаарал, Ордабасы, Сауран, Шардара және Жетісай аудандарында 12 тоқыма тігін фабрикасын ашу жоспарланып отыр.

Нәтижесінде мақта талшығын терең өңдеу көлемі 17 мыңнан 66 мың тоннаға дейін ұлғайтылады. Мақтаарал ауданында 5 жыл ішінде мақта-тоқыма кешені құрылады, оның ішінде мақта өңдеу зауыты, логистикалық хаб, трикотаж өндірісі, бояу және әрлеу және тігін фабрикалары салынады. Облыстың осы ауданында келер жылы мақта жіп және иірілген жіп өндіретін зауытты іске қосу жоспарлануда. Ал биыл "Turkistan" индустриялық аймағы базасында шұлық бұйымдары мен костюмдер шығаратын кәсіпорынды іске қосу жоспарланған.

Түркістан облысында тәулігіне 2500 тонна томат өндіретін кәсіпорын және сағатына 10 мың шикізат шығаратын мұздатылған кептіру қондырғысы бар зауыт пен жеміс — көкөніс комбинатын салу жұмыстары қолға алынды. Жоба құны 25,5 млрд. теңге тұратын алып өндіріс кешені Шардара ауданында орналасады. 2027 жылы құрылысы аяқталатын тамақ өнеркәсібінде 300 жаңа жұмыс орны ашылады.

Мақтаарал ауданында мақта өңдеу зауыты мен тігін мата фабрикасы салынады. 10 мың гектарға өзбекстандық жоғары сапалы мақта сорты өсіріліп, жыл сайын ауқымы арттырылады.

Түркістан өңірі – Қазақстанда мақта өсіретін және жылыжай шаруашылықтары ең көп шоғырланған жалғыз аймақ. Жалпы ауданы 844 га республикадағы жылыжайлардың 67%-ы оған тиесілі.

Жыл сайын өңірде 300 мың тоннадан астам мақта өндіріледі, 22 мақта өңдеу зауытында 25 мың шаруа жұмыспен қамтылған.

Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасы директорының айтуынша мәселе күрделі,  жағдайды шешу үшін терең өңдеуді қарқынды енгізу қажет.

 

«Бүгінгі таңда елде мақтаны терең өңдейтін екі ғана кәсіпорын жұмыс істейді, екеуі де Түркістан өңірінде орналасқан, бірақ олардың қуаттылығы өңірде өндірілетін шикізаттың тек 15%-ын ғана өңдеуге мүмкіндік береді. Оны сату құны әлемдік нарықтағы мақта талшығының бағасына тікелей байланысты болғандықтан, әлемде мақта өнімдерін артық өндірген кезде оның сату бағасы күрт төмендейді», –  деп атап өтті Асылан Ибадуллаев.

 

Серік Жұманғаринмен кездесуде мақта зауыттарының өкілдері мен шаруалар саланың өзекті мәселелерін айтты. Екі негізгі мәселе – субсидиялар және жеңілдетілген несиелеу. Атап айтқанда, шаруалар мақта зауыттарын Аграрлық несие корпорациясы арқылы төмен пайыздық мөлшерлемемен қаржыландыру мәселесін қарастыруды сұрады.

Екінші мәселе – аударылған субсидияларды өзгеріссіз қалдыру. Өсімдік шаруашылығы дақылдарының өнімділігі мен сапасын арттыруды субсидиялаудың қолданыстағы ержелерінде өтпелі өтінім көзделген. Осы механизмге сәйкес шаруа отандық тыңайтқыш өндірушіге тыңайтқыш құнының жартысын төлейді, ал екінші бөлігін субсидия түрінде зауытқа мемлекет тарапынан өтеледі. Дәл осы механизм Түркістан облысында ең көп танымал. Бүгін Ауыл шаруашылығы министрлігі аударым өтінімдерінің механизмін жоюды жоспарлаған жаңа ережелер жобасын әзірледі. Алайда шаруалар мен өндірушілер тыңайтқыштарды арзан бағамен алу үшін оны қалдыруды сұрайды.

Нәтижесінде, өтпелі өтінімдер бойынша субсидияларды төлеу тетігін қалдыру, сондай-ақ тыңайтқыштарды сатып алу кезінде субсидияларды ауыл шаруашылығы өндірушісі тікелей ала алатын үшжақты шарттың тетігін қосымша қосу туралы шешім қабылданды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер