astana-view

eQonaq: Кәсіпкерлер не білуі керек?

2023 жылғы 28 Наурыз
- Қызылорда облысы
8311 просмотров

Қонақүй иелері шет ел азаматтары келгені жөнінде заңда көрсетілген мерзім, яғни 1-3 күн аралығында eqonaq.kz немесе egov.kz арқылы ішкі істер органдарын хабардар етуі керек. Қызылорда облысында құзырлы органдарға жыл басынан осындай 3400 хабарлама берілген.

Бұл туралы Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасындағы Сауда, қызмет көрсету және туризм комитетінің отырысында өңірдегі полиция департаменті Көші-қон қызметі басқармасы бастығының орынбасары Сағындық Қамитбеков айтты.

Шараға Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Салават Құлмахан, жауапты мемлекеттік орган өкілдері және қала, аудан кәсіпкерлері офлайн, онлайн қатысты.

«eQonaq ақпараттық жүйесі туристік ағынды және көші-қонды есепке алуға арналған платформа. Бұл бір жағынан еліміздегі туристік қызмет сапасын арттырса, екінші жағынан көші-қон заңнамасын сақтауға септігін тигізеді. Бұл жерде бізге қонақүй иелерінің, яғни кәсіпкерлердің қолдағаны аса маңызды. Елге келген шет ел азаматы тұрғын жай үшін жеке немесе заңды тұлғадан қызмет алады. Осы кезде кәсіпкерлер eQonaq.kz  арқылы бізге хабарлама жіберсе жеткілікті», – деді Сағындық Қамитбеков.

Шарада жауапты мемлекеттік органның өкілдері кәсіпкерлерді көші-қон заңнамасын бұзбауға шақырды. Заң талаптары орындалмаған жағдайда Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес жауапкершілікке тартылады.

Атап айтқанда, Кодекстің талабына сәйкес жатын орын иесі шет елден келген азаматтардың келгені және кетуі жөнінде уақыты хабардар етпесе ескерту алады. Әрі қарай 25 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. Егер бұндай жағдай бір жылдың ішінде қайталанса айыппұлдың көлемі 30 айлық есептік көрсеткішке жетеді.

Комитет отырысында кәсіпкерлер шет елден жұмысшы алдыру жолдары, тәртібіне қатысты сұрақтарын қойып, жетілдіруге арналған ұсыныстарын айтты.

Айта кетейік, Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының жанында 5 салалық комитет жұмыс істейді. Өнеркәсіп, агроөнеркәсіп кешені, адами капиталды дамыту және бизнестің әлеуметтік саясаты, сауда, қызмет көрсету және туризм, сондай-ақ құрылыс комитеті. Кәсіпкерлер өзекті мәселелерін осы комитеттерге қарауға ұсына алады. Ұсыныс-пікірлерді 8 /7242/ 40-09-81 байланыс нөмірі немесе kyzylorda@atameken.kz поштасы арқылы жолдай аласыздар.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер