astana-view

Арнайы салық режимдері: Ұлттық палатада кәсіпкерлердің жаңа кодекске ұсыныстары қаралды

2023 жылғы 10 Сәуір
7543 просмотров

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының алаңында салық салу мәселелері жөніндегі жұмыс тобының отырысы өтті. Жиын барысында кәсіпкерлер жаңа Салық кодексі шеңберінде арнайы салық режимдері жайында пікірлерін ортаға салды.

Ұлттық палата мамандары салық салу мәселесі шағын және орта бизнесті тұрақты дамыту үшін негізгі мәселе екенін айтты. Сондықтан мемлекеттік органдар тарапынан нақты позицияның әзірленуіне қарай салық заңнамасындағы болжамды өзгерістер бизнеске жеткізілетін болады.

 «Шағын және орта бизнесті қолдау мәселесі өзекті тақырып. ШОБ-ты қолдау түсінікті салық заңнамасы болмаса мүмкін емес. Күндердің бірінде  отырып, салық кодексінің ережелерін жүйелі пысықтап, ертең өзгертпеу үшін нақты базалық шешімдер қабылдау қажет болады. Бұл шаралар бизнесті ашық жұмыс істеуге, көлеңкеден шығуға ынталандырады. Қазір бизнестің дамуына кедергі келтіретін көптеген мәселе қордаланған және бұл мәселелерді жүйелі түрде шешу қажет», – деді «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Тимур Жаркенов.

 Қазақстанның тәуелсіз бизнес одағының басшысы Берік Хаиров шағын бизнес субъектілері үшін арнайы салық режимдерін реформалауға қатысты өз ойын айтты. Өз презентациясында спикер салық салудың арнайы режимдерінің артықшылығы және кемшіліктері қалай жұмыс істейтінін көрсетті, сондай-ақ оның пікірінше, ШОБ үшін ең өзекті режимдерді қазіргі қалыпта сақтаған дұрыс.

Қатысушылар жалпыға бірдей декларациялау және «көлеңкелі» бизнестің үлесін төмендету бойынша мемлекет жүргізіп жатқан жұмыс аясында өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін режимді реформалау мәселесі бойынша пікір алмасты.

Сондай-ақ, кәсіпкерлер үшін оңайлатылған декларация түріндегі арнайы салық режимін сақтау мәселесі өзекті. Берік Хаиров бұл режимді сақтауды ұсынды, бірақ пысықталған форматта.

«Жеңілдетілген декларацияны үстеме бағасы аз кәсіпкерлер үшін аралық режим ретінде қалдыруды ұсынамыз. Оңайлатылған декларацияның салық режимінің болуы келесі кезеңмен – бөлшек салық режимімен бірге кәсіпкерлердің бизнесті бөлшектеуге деген ынтасын айтарлықтай төмендетеді», – деді спикер.

Айта кету керек, жиын барысында кәсіпкерлер бөлшек салық режимін қолдануға болатын қызмет түрлері бойынша ЭҚЖЖ тізіміне қосымша ЭҚЖЖ енгізу, ҚҚС шегі және т. б. сияқты бірқатар мәселені көтерді.

«Адамдарда арнайы салық режимін қолданудың түбегейлі қарапайым тәсілі болуы керек... Қазіргі кезде қолданыстағы салық режимдері тым күрделі, халықтың 100%-нда салық декларациясын толтыру үшін қажетті бухгалтерлік білім жоқ... Мысалы, қарапайым адамдар туралы айтпағанда, маған режимдер, есептеулерді білу қиын. Кәсіпкерлер өзін тамақтандырып, салықтық есептіліктің қитұрқы формаларын толтыруы керек», – деді Қазақстанның тікелей сату қауымдастығының атқарушы директоры Анастасия Калашникова.

 «Атамекен» ҰКП жанындағы салық салу мәселелері жөніндегі жұмыс тобы арнайы салық режимін реформалау бойынша шоғырландырылған ұсыныстар әзірлеуді жалғастырады. Барлық ниет білдіруші салық заңнамасын жетілдіру бойынша өз ұсыныстарын мына электрон поштаға жібере алады: info@atameken.kz.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер