astana-view

Жайлы мектеп: Мақсат Қиқымов мәжілісмендерге Ұлттық палатаның атқарған жұмысы мен ұсыныстарын баяндады

2023 жылғы 21 Сәуір
16776 просмотров

Ұлттық палата «Жайлы мектеп» жобасы бойынша бизнеспен 30-дан астам рет кездесті және екі рет отандық өндірушілердің көрмесін ұйымдастырды. Өңірлік палата мамандары аймақтағы кәсіпорындарды 500 реттен артық аралады. Бұдан бөлек кәсіпкерлердің мемлекеттік сатып алуға қатысуының заңды болуына қатысты бірқатар ескерту енгізіп, жемқорлықтың алдын алу үшін электрон форматта өтуін талап етті. Нәтижесінде «Жайлы мектепке» қажетті жабдықтарды отандық кәсіпкерлер толық қамтамасыз ете алатынына көз жеткізді. Палатаның атқарып жатқан шаралары мен ұсыныстарын басқарма төрағасының бірінші орынбасары Мақсат Қиқымов мәжілісмендерге баяндады.

Бүгін Мәжілісте AMANAT партиясы фракциясының кеңейтілген жиналысы өтті. Онда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына жолдауындағы тапсырмасы аясында «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасын іске асыру мәселелері талқыланды.

Мемлекет басшысы VIII сайланған Парламенттің алғашқы сессиясында Қазақстан «нақты индустрияландыру, өндірісті локализациялау, инфрақұрылымды жаңғыртумен айналысуы керек. Бюджеттен қаржыландырылатын жобаларды бірінші кезекте отандық кәсіпкерлер іске асыруы тиіс» деп атап өтті. Аталған тапсырма негізінде және отандық кәсіпкерлерді қолдау мақсатында Ұлттық палата аталған жобаны қазақстандық кәсіпорындардың әлеуетін іске асыратын үлкен мүмкіндік ретінде қарастырады.

«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы білім беру саласындағы проблемаларды шешуге бағытталғанын білеміз. Бұл ретте, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен отандық бизнес, аталған жобаны қазақстандық кәсіпорындардың әлеуетін іске асыратын үлкен мүмкіндік ретінде қарастырамыз. Бұл жаңа жұмыс орындарының құрылуына, өндірісті кеңейтуге және модернизациялауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, құрылыс және өңдеу секторларын дамытуға серпін беріп, мемлекет бюджетіне түсетін төлем ұлғаяды», – деді Мақсат Қиқымов.

Сонымен қатар, Ұлттық палата өкілі «Атамекен» отандық өндірушілерді жобаға барынша тарту үшін ауқымды жұмыс жүргізгенін атап өтті.

«Өткен жылдың қазанынан бастап бизнеспен 30-дан астам бірлескен кездесу өткіздік. Бұдан бөлек 120-дан астам отандық өндірушілердің қатысуымен 2 көрме ұйымдастырылды. Нәтижесінде отандық өнімдер шетелдік тауарлармен бәсекелесе алатынына көз жеткіздік. «Атамекеннің» өңірлік палаталары компаниялардың қуаттылық көлемін тексеру және мүмкіндігін анықтау мақсатында аймақтағы кәсіпорындарды 500 реттен артық аралады», – деді төрағаның орынбасары.

Мақсат Қиқымов бүгінде атқарған жұмыстардың нәтижесі жақсы екеніне тоқталды. Оның айтуынша, бастапқыда 35 жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеуге сатып алу қағаз арқылы жүргізіліп, бірақ кейін бұл әдіс ашық емес болғандықтан өзгертілген.

Сондай-ақ, палата өкілі құрылыс материалдарын, жиһаздар мен жабдықтарды өндірушілер – электроника, жылыту жүйелері, кабельдер, есептегіштер, есіктер мен терезелер және басқа заттарды өндірушілер Ұлттық жоба аясында өнімін жеткізуге дайын екенін айтты.

«401 мектепке жалпы көлемде 1,5 млн жиһаз қажет.  Отандық жиһаз өндірушілер бұл көлемді толығымен, яғни 100% дейін, тіпті одан да артығымен жаба алады. Сондықтан отандық өндірушілердің тауарларын сатып алу бойынша мониторинг тетіктерін қарастыру өте маңызды деп санаймыз. Осыған байланысты, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен келісім бойынша, нормативтік құқықтық актілерде мектеп құрылысының барысына мониторинг жасайтын ақпараттық жүйесінде Отандық өндірушіден нақты сатып алынған тауарлар бойынша бас мердігердің есеп толтыруын бекіту қажет», – деп ұсынды Қиқымов.

Сонымен қатар, ол жоба бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылатынын ескере отырып, бірінші кезекте жергілікті өндірушілерді тарту қажет деп есептейтінін тағы да атап өтті. Ондай тауар өзімізде өндірілмеген жағдайда ғана шетелдік өнімді пайдалану қажеттігін жеткізді.

Сөз соңында Мақсат Қиқымов мектептерді жабдықтау бойынша отандық өндірушілердің тауарларын қолданудың негізгі міндеттеріне тоқталды.

«Мұның барлығы Отандық өндірушілердің тауарларын қолданудың негізгі міндеттері», – деп түйіндеді сөзін Мақсат Қиқымов.

Айта кетейік, отырысқа оқу-ағарту министрі  Ғани Бейсембаев, «Samruk-Kazyna Construction» АҚ басқармасының төрағасы Мәулен Айманбетов те депутаттарға жоба бойынша есеп беріп, сұрақтарына жауап берді.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер