astana-view

Шаруалар қолындағы малымен жайылымсыз қалуы мүмкін – Ернұр Әбжан

2023 жылғы 26 Сәуір
3101 просмотров

Бүгінде Мәжілісте жайылым мәселелері жөніндегі заң жобасы қаралып жатыр. Ондағы өзгерістердің бірі жайылымдық жердің пайдаланушыларына қойылатын талаптарды қатаңдатуға бағытталған. Егер түзету қабылданса, шаруалар жайылымсыз қалуы ықтимал. Бұл туралы «Атамекен» ҰКП Құрылыс және жер қатынастары департаменті директорының орынбасары Ернұр Әбжан Facebook парақшасында мәлімдеді. 

Сарапшының сөзіне сүйенсек, талқы Мәжілістегі жұмыс тобының отырысында болған. Жер кодексінде фермердің жайылымында жайылымға жүктеме нормасының 20%-дан аз мөлшерде мал болған жағдайда мұндай учаске мәжбүрлеп алып қоюға жатады деп көзделген. Депутаттар осы жүктемені 50%-ға көтеруді көздеп отыр. Бірақ Ернұр Әбжан бұл түзетуге түбегейлі қарсы.

«Бұл дұрыс норма сияқты, неге оны қолдамасқа? Бірақ ешкім, тіпті Ауыл шаруашылығы министрлігі, бұл норманың шындап келсек, ешқандай норма емес, жайылымдағы мал санының оңтайлы көрсеткіші де емес, ал фермердің өз жерінен айырылатын шекті сызық екеніне назар аудармайды», – деді маман.


Сарапшы норманың атауын жазды:
«Жайылымдардың жалпы ауданына жүктеменің шекті рұқсат етілген нормасы, яғни жайылым алаңына шаққандағы мал санының шегі, және оған қол жеткізу малдың шамадан тыс жайылуына және жайылымның деградациясына әкеледі».


Ернұр Әбжанның түсіндіруінше, фермердің пайдалануында 1 000 га жайылым бар десек, онда Жүктеме нормасы бойынша (100%) ең көп дегенде 200 бас ірі қара мал жаюға болады, ал ең азы (20%) 40 бас болуы қажет. 

«Ал егер фермер мал санын 200 басқа жеткізсе, жайылымды ұтымсыз пайдаланып жатыр деген негізбен одан жерді алып қояды. Тиісінше, мал саны неғұрлым көп болса және ол норманың 100%-на жақындаған сайын, фермер қолда бар жерді жоғалтпау үшін жайылымдардың қосымша алқаптарын іздеуге алаңдайды. Ал жайылымдық жерлерді «қажетті» таныстарсыз бүгін алу мүмкін емес, оны жұрттың бәрі біледі», – деп жазды ол. 

Сонымен қатар, маманның айтуынша, бұл норма АШМ-ге оңтайлы, яғни жайылымда ұсынылатын мал саны бойынша норма жоқ екені ешбір келеңсіздік туғызбайды. Одан қалса министрлік өкілдері бірнеше сұрақты жауапсыз қалдырған.

«Мәжілістің өткен отырысында АШМ жайылымдағы малдың оңтайлы саны қандай екенін түсінбей және ол туралы сұраққа жауап бермей, бұл түзетуді қолдады. Оған қоса неліктен 50%-ға дейін көтеру қажет, бәлкім 40% немесе 60% оңтайлы болар ма еді, деген сұраққа АШМ-ның жауабы болмады», – деді ол.

Ернұр Әбжан бұл норманы қабылдамай, оның орнына ұсынысын айтқан. Оны кей депутат пен АШМ өкілдері қолдаМАған.

«Түзетулерді алып тастауды және оның орнына жайылымды пайдаланушылар үшін мал басын нормадан 50%-ға дейін кезең-кезеңімен, жайылымдарды алғаннан кейін 5 жыл ішінде  жоғарылату жөніндегі талапты АШМ-ның тиісті қағидалары шеңберінде енгізуді ұсындым. АШМ мен депутаттардың көпшілігі ұсынысқа қарсы болғанымен, жұмыс тобының кей мүшесі келісті. Себебі, фермерлерге ондай талап қою, тіпті жайылымдарында малдары бола тұра, алайда ол АШМ-ге қажет нормадан төмен болса, ондай фермерлердің жерлерін жаппай алып қоюға әкелуі мүмкін», – деп түсіндірді спикер.

Маман норманың салдарына да тоқталды.

«Мал басын қысқа мерзімде ұлғайту үшін қомақты қаражат қажет екенін ескере, АШМ-ның қолдап отырған өзгерістері біраз шаруаны қолдарындағы малымен жайылымсыз қалдыруы мүмкін», – деді Ернұр Әбжан.

 

Сарапшының жазбасына қолдап, нормаға қарсы пікір жазғандар бар.

«Бұл депутаттар сонда не ойлап отыр? Бұл норманы қабылдаса ауылда малмен күн көріп отырған қарапайым қазақ жайылымдық жерден айырылады, әрі қарай мал басынан айырылады, ауыл экономикасы құлдырайды, сөйтіп малдан, күнкөрісінен айырылғандар қалаларға барсын, онда онсызда жанып тұрған әлеуметтік жағдайды одан әрі ушықтырсын дегендері ма? Бұл нағыз зиянкестік! Қабылданбауын талап етемін! Осы норманы қабылдауға мұрындық болып жүрген Парламенттегі жұмысшы топ мүшелерін жарыққа шығарып оларды қоғамдық айыптауды ұйымдастыру керек деп санаймын», – деп жазды Әлімжан Әлібаев.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер