Биылдан бастап мемлекеттік мекемелерге автобус паркін құруға тыйым салынады
Енді Қазақстандағы мемлекеттік мекемелерге автопарк құруға тыйым салынған. Ал мемлекет қатысуы бар қолданыстағы автопарктердің басым бөлігі 2025 жылға дейін бәсекеге қабілетті ортаға беріледі. Бұл бастама Yellow Pages Rules қағидаты бойынша бизнесті қорғау шеңберінде Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, қауымдастықтар және жеке автобус тасымалдаушыларының бірлескен күш-жігері арқылы іске асырылды.
2023 жылғы 14 сәуірде «акциясының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу пайызынан астамы мемлекетке тиесілі мемлекеттік кәсіпорындар, заңды тұлғалар және олармен үлестес тұлғалар жүзеге асыратын қызмет түрлерінің тізбесін бекіту туралы» ҚР Үкіметінің 2015 жылғы 28 желтоқсандағы № 1095 қаулысына өзгерістер күшіне енді.
Мемлекеттік органдармен талқылау ҚР премьер-министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен 2022 жылғы 1 шілдедегі Отандық кәсіпкерлер кеңесінде, түрлі деңгейдегі алаңдарда өткізілді.
Қазіргі кезде елімізде мемлекеттің қатысуы бар он автобус паркі бар, соның ішінде алтауын 2025 жылға дейін бәсекелік ортаға беру жоспарланған.
Бұған дейін осы мәселе бойынша ҚР премьер-министрінің 2020 жылғы 25 қарашадағы № 146-р өкімімен ҚР Автомобиль көлігімен қалалық жолаушылар тасымалын дамыту бойынша шаралар кешені, ҚР Үкіметінің 2021 жылғы 12 қазандағы № 728 қаулысымен кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы қабылданды.
«Бұған дейін «Атамекен» ҚР ҰКП-ның мемлекет реттейтін тарифтермен жолаушылар автобус тасымалы нарығында адал бәсекелестік үшін жағдай жасау жөніндегі дәйекті және қағидатты позициясы кезіндегі шиеленісті жүйелі жұмыс болды. Сонымен қатар, бұл мәселеде ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің қағидатты позициясының болмауын атап өткен жөн. Бұл ұйым қолданыстағы коммуналдық парктерді жекешелендірумен негізсіз әуре-сарсаңға салып жүр. Оның салдары экономикаға орны толмас залал тигізіп, бизнестің дамуына кедергі келтіріп жатыр. Атап айтқанда, Алматыда 2023 жылға арналған бюджеттен 400 автобусқа 40 млрд теңге (әрқайсысы үшін 100 млн. т.) бөлу жоспарланған. Бұл ретте «АЛМАТЫЭЛЕКТРОТРАНС» ЖШС коммуналдық паркі сыбайлас жемқорлықтың жоғары деңгейі кезінде қызметтің тиімділігінің жоқ екенін көрсетті», – деді «ҚР Автокөлікшілер одағы» ЗТБ бас директоры Сәбит Аманбаев.
Енді акциясының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) 50%-дан астамы мемлекетке тиесілі мемлекеттік кәсіпорындар мен заңды тұлғалар үшін және олармен үлестес тұлғаларға жолаушылар мен багажды тасымалдауды жүзеге асыру үшін автобус парктерін құруға тыйым салынады.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: