Кәсіпкерлер мен депутаттар жеке білім беру ұйымдарын қаржыландыру және кадр даярлауды талқылады
Ұлттық палата алаңында Мәжіліс депутаттарының қатысуымен еліміздегі меншік нысанына қарамастан жеке білім беру ұйымдарын қаржыландыру және жан басына шаққандағы қаржы бөлу мәселелері талқыланды. Бизнес өкілдері жеке балабақшалардағы педагогтардың статусын көтеруді ұсынды. Сонымен қатар, кәсіпкерлер мәжілісмендерге кәсіптік біліктілік туралы заң жобасы бойынша пікірін жеткізді.
Бүгін «Атамекен» ҰКП Төралқасының Адами капиталды дамыту және бизнестің әлеуметтік саясаты комитетінің кеңейтілген отырысы өтті. Жиынға «Республика» партиясының депутаты Олжас Құспеков және біліктілік жөніндегі кіші комитет жетекшісі мен мүшелері қатысты.
Ұлттық палата басқарма төрағасының бірінші орынбасары Мақсат Қиқымов депутаттар тарапынан бизнестің проблемасына, оның ішінде адами капиталды дамытуға назар аударылып, мәселелер жылдам шешілетініне сенім білдірді.
«Еліміз жаңа тарихи кезеңдерге аяқ басып келе жатыр. Көптеген мәселе қазір «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы арқылы үкіметтің араласуымен шешімін тауып, едәуір жұмыстар атқарылып жатыр. Бірақ проблемалар әлі өте көп. Мәселені үкіметпен шеше алмасақ, депутаттармен ақылдасып, проблемаларды талқылап, шешімін тауып жатырмыз. Осы екі аптаның ішінде «Аманат» партиясының фракциясы өтті. Сол кезде өнеркәсіпті қолдау бойынша көптеген мәселені шештік. Бүгін де сындарлы пікір алмасу өтеді, білім беру сапасы, білікті мамандар даярлау бойынша нақты ұсыныстар әзірленеді деп ойлаймын. Себебі бизнес адами капиталды дамытудың барлық мәселесіне қатысуға дайын. Ашықтықтың жақсы үлгісін «Республика» партиясының депутаттары көрсетіп отыр. Мұндай кездесулер жүйелі негізде өтуі тиіс. Бүгін талқыланатын мәселелер болашақта шешілетініне сенімдемін», – деді Мақсат Қиқымов.
Бизнеспен кездесуге бастамашы болған «Республика» партиясының депутаты Олжас Құспеков білім саласындағы кәсіпкерлердің проблемаларын шешуге атсалысып, заңнама деңгейінде ұсыныстарын қолдауға дайын екенін жеткізді.
«Бүгін келген себебім... Сайлауалды бағдарламамызда айтып кеткендей, халыққа уәде еткендей «біз бизнесті қолдаймыз» деп шештік. Сондықтан осы кездесуге бастамашылық еттім. Әлеуметтік салада бизнес жасап жүрген әріптестерімнің мұңын естіп, кездесуден кейін шешілетін мәселелерге атсалысуға ниеттеніп отырмыз. Мақсатымыз – қордаланған мәселелерді шешу және депутат ретінде сіздердің ұсыныстарыңызды заңнамалық деңгейде бекітуге дайынбыз», – деді Олжас Құспеков.
Әрі қарай бизнес өкілдері проблемаларын айтты. Республикалық жеке білім беру ұйымдары қауымдастығының төрағасы Роза Садықова мемлекеттік тапсырысқа қатысушы – жеке білім беру ұйымдарын қаржыландырудың шарттарының тең емес екенін атап, жекеменшік балабақшадағы тәрбиешілердің еңбек өтілі мен біліктілік деңгейіне байланысты еңбекақысы мен үстемақы қарастыруды ұсынды.
«... Маман даярлауда үлкен балабақшалардың базасын лаборатория ретінде жекеменшік балабақша қызметкерлерінің біліктілігін арттыруға пайдалану керек. Педагог тәрбиешінің статусын көтеру үшін жекеменшік балабақшадағы тәрбиешілердің еңбек өтілі мен біліктілік деңгейіне байланысты еңбекақысы мен үстемақысын қарастыру керек. Мемлекеттік балабақшаларда алып отыр. Модератор, сарапшы, зерттеуші секілді деңгейдегі мамандар бюджеттен жеке-жеке бағдарламалармен ақы төленіп отыр. Ал бізде тек жан басына шаққан нормативпен төленеді. Осыны заңнамалық жолмен ретету керек. Осы және басқа мәселелер кәсіпкерліктің дамуына да кедергі келтіріп отыр», – деді Роза Садықова.
Сонымен қатар, «Biliminvest» білім беру инвесторлары ұлттық қауымдастығының вице-приезиденті Күләнда Батырбекова бизнестің әлеуметтік мәселелерді шешуге қатысуы туралы тоқталып, жаңа заман талабына сай ұсыныстарын жеткізді. «Қазақстандық тіркелім» ЗТБ ОЖБ басшысы Светлана Заитова қазақстандық кәсіби қызметтер нарығының кадрлық проблемаларына тоқталды. Сондай-ақ, бизнес кәсіптік біліктілік туралы заң жобасы бойынша ұсыныстарын жеткізді. Мәжілісмен Олжас Құспеков кәсіпкерлердің мәселелерін назарға алып, жұмыс тәртібінде шешетінін айтты.
Бұдан әрі Адами капиталды дамыту және бизнестің әлеуметтік саясаты комитетінің төрағасы Талғат Доскенов Комитет отырысты қорытындылап, кәсіпкерлердің ұсыныстары депутаттар мен мемлекеттік органдарға жеткізілетінін атап өтті.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: