astana-view

Райымбек Баталов машина жасаудағы шағын және орта бизнестің дамуын айтты

2023 жылғы 11 Мамыр
6516 просмотров

«Атамекен» ҰКП Төралқа төрағасы Райымбек Баталов Қазақстан машина жасаушыларының XI форумында машина жасау саласындағы шағын және орта бизнестің дамуы туралы айтты.

Елде шағын бизнесті қолдаудың республикалық және өңірлік екі деңгейі бар. Райымбек Баталов шағын бизнестің табысты жұмыс істеуі үшін жергілікті атқарушы органдардың қолдауы үлкен рөл атқаратынын атап өтті.

 «Шағын бизнес – бірінші кезекте өңірлердегі әкімдіктер мен қолдағы бар инфрақұрылымға байланысты. Бірнеше өңірде жақсы үлгілер бар. Атап айтқанда, Алматыда индустриялық парктер құрылып жатыр. Біз шағын бизнестің қажеттілігін көріп отырмыз. Қазір инфрақұрылымның болуы – ең маңызды мәселелердің бірі. Әкімдіктің осы бағыттағы позициясы  мен назары  осындай индустриялық парктер құруға бағытталуы – шешімдердің бірі», – деп санайды спикер.

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Қазақстанның машина жасаушылар одағын қоса алғанда, барлық даму институты, салалық бірлестіктермен өңдеу өнеркәсібін дамыту бойынша тығыз ынтымақтастық жүргізіп  жатқанын атап өткен жөн.

Қазіргі кезде Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қазақстанның машина жасаушылар одағының қатысуымен Қазақстанда машина жасау саласын дамытудың кешенді жоспарын әзірлеу бойынша жұмыс жүргізілуде.

«Жақсы бағдарламалар бар. Кейінгі 20 жылда бағдарламалар көп әзірленді, бірақ оларды іске асыру қиынға соғып жатады. Оларды оңай және тиімді жүзеге асыру үшін біз жауапкершілікті белгілейтін құралды әзірлеп, енгіземіз. Яғни, бұл бизнес, әкімдіктер, орталық мемлекеттік органдар, даму институттары және басқа да ұйымдарың жауапкершілігі көрінетін дешборд болмақ», – деді «Атамекен» ҰКП басшысы.

Спикер мұндай жүйе «жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру кезінде енгізілгенін және жұмыс істеп тұрғанын және оны квазимемлекеттік сектор компаниялары мен ірі кәсіпорындарға одан әрі тарату қажет екенін атап өтті.

Еске салсақ, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы отандық кәсіпкерлер мен инвесторларды қолдауға ерекше көңіл бөледі. Бизнесті қолдау бойынша ұсынылған тәсілдер Үкіметтің алға қойған міндеттеріне қол жеткізуге және Қазақстанның өңдеу өнеркәсібін әртараптандыруға мүмкіндік береді деп жоспарланған.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер