astana-view

Бизнесті қатаң бәсеке және санкция салдарынан қорғау керек – Мұрат Амрин

2023 жылғы 12 Мамыр
5654 просмотров

«Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы орынбасарының м.а. Мұрат Амрин Қазақстан машина жасаушыларының XI форумында «Самұрық-Қазына» қорының елішілік құндылықты ынталандырудағы рөлі» атты панельдік сессиясы аясында қордың сатып алу процесіне қатысты пікірін білдірді.

Мұрат Амриннің айтуынша, кейінгі үш жылда «Самұрық-Қазына» АҚ-тың жыл сайынғы жиынтық сатып алу көлемі шамамен 4,7 трлн теңгені құрайды. Сатып алуға жыл сайын 16 мыңға жуық өнім беруші қатысады, оның 40%-дан астамы шағын және микробизнес өкілдері.

«Самұрық-Қазына» қоры отандық тауар өндірушілер үшін тауар, жұмыс және қызметтерге ірі тапсырыс беруші. Ал тауар өндірушілер өз кезегінде жұмыс орындарын құрады және өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына тікелей әсер етеді», – деді Мұрат Амрин.

Спикер «Атамекен» Қазақстан машина жасаушылар одағының жобалық-сметалық құжаттамасы жоқ құрылыс-монтаж жұмыстары бойынша тауарларды отандық тауар өндірушілерден басым сатып алу қажеттілігі туралы ұсынысын қолдайтынын атап өтті. Бұл ретте қолданыстағы сатып алу тәртібінде тауар өндірушілер үшін көзделген барлық жеңілдікті сақтау қажет.

Мұрат Амрин кәсіпкерлердің қатаң бәсеке және санкция жағдайындағы жұмысына қатысты пікір білдірді.

«Біз қуып жету шараларын қолданбай, бизнеске озық, қолайлы жағдайлар жасауымыз керек. Сондықтан кәсіпкерлер қатаң бәсекелестік пен санкциялық саясат жағдайында отандық бизнес тапсырыс беруші көздеген міндеттемелерді орындай алатындай барынша тиімді шарттарға ие болуы керек. Сонымен қатар, кәсіпкерлер өз бизнесін дамыту векторын сауатты жоспарлау үшін нақты «ойын қағидаларын» (тапсырыс берушілердің алдын - ала және ұзақ мерзімді сатып алу жоспарлары) көруі керек», – деп атап өтті спикер.

Еске салсақ, Астанада Қазақстан машина жасаушыларының XI форумы өтіп жатыр. Форум мемлекет пен бизнестің пікірталас алаңы, онда әртараптандыру, импортты алмастыру, инвестициялар тарту және біліктілікті арттыру механизмдері, машина жасау және өңдеу өнеркәсібі саласын дамытудың өзекті мәселелері талқыланады.

Жалпы, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының Қор сатып алуында бизнесті қолдау және қорғау жөніндегі жұмысы бизнес-қоғамдастық, сондай-ақ сатып алу әдіснамасын жетілдіру жөніндегі жұмысқа өз қолдауы мен мүддесін білдірген мүдделі мемлекеттік органдар және ұйымдармен бірлесіп жалғасы табатын болады.

 

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер