astana-view

Қазақстандық бизнес қытай инвесторлармен тікелей жұмыс істей алады – Райымбек Баталов

2023 жылғы 17 Мамыр
4900 просмотров

Бүгін Бейжіңде «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы Райымбек Баталов Қытай қауымдастықтары және салалық компаниялармен тікелей байланысы бар Бүкілқытайлық өнеркәсіп және сауда федерациясының мүшелерімен кездесті.  

«Бүкілқытайлық өнеркәсіп және сауда федерациясы біздің стратегиялық серіктесіміз. Өйткені ұйым туризм, тау-кен металлургиясы және өңдеу өнеркәсібі, көлік, ауыл шаруашылығы және басқа да көптеген саладағы бірқатар бизнес қауымдастықты қамтиды. Ұлттық кәсіпкерлер палатасы секілді Бүкілқытайлық өнеркәсіп және сауда федерациясының да өңір-өңірде филиалдары бар. Бұл ынтымақтастық қазақстандық кәсіпкерлерге қытай инвесторлармен тікелей жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Бұл біз үшін үлкен артықшылық екені сөзсіз. Федерацияның Қытайда белсенді жұмыс жүргізіп жатқанын және оның құрамында орта және ірі бизнестің жұмыс істеп тұрған, прогрессивті және жоғары технологиялық кәсіпорындары бар екенін атап өту өте жөн», – деп атап өтті Райымбек Баталов.

 Спикер қазіргі кезде «Атамекен» ҰКП комитеттер мен қауымдастықтардың қатысуымен қытай серіктестермен белсенді жұмыс жүргізіп жатқанын айтты.

 

«Біз үшін бұл жұмыс жаңа бірегей мүмкіндіктер ашады. Осылайша, біз отандық және қытай бизнесіне байланыс орнатуға көмектесе аламыз, соның көмегімен қазақстандық кәсіпкерлер Қытайдан нақты инвестициялық серіктестер тауып, тиімді жобаларды бірлесіп жүзеге асыра алады. Осы бірлескен жұмыстың нәтижесі Қазақстан экономикасына Қытай тарапынан инвестицияның артуына түрткі болатынына сенімдімін», – деді Ұлттық палата басшысы.

Бүкілқытайлық өнеркәсіп және сауда федерациясы төрағасының орынбасары Фан Гуанхуа дипломатиялық қатынастар орнаған сәттен бастап Қазақстан мен Қытай шекаралық мәселелерді шешу, трансшекаралық мұнай және газ құбырларын салу, өндірістік қуаттар саласындағы халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асыру және тұрақты жан-жақты стратегиялық әріптестік орнатуда бастама көтергенін айтты.

«Қытай – Қазақстанның ең маңызды сауда және инвестициялық серіктестерінің бірі. 2022 жылы Қытай мен Қазақстан арасындағы сауда көлемі 23,6%-ға ұлғайып, 31,2 млрд долларға жетті. Өткен жылы Қытайдың Қазақстанға салған инвестициясы 23 млрд долларға жетті. Қытай Коммунистік партиясының 20-шы Бүкілқытайлық конгресінің есебінде «Бір белдеу – бір жол» бастамасын сапалы дамытудың маңызы атап өтілді. Бұл бізге қазақстандық және қытай кәсіпорындар арасындағы ынтымақтастықты нығайту үшін маңызды бағдарлар береді», – деді Бүкілқытайлық өнеркәсіп және сауда федерациясы төрағасының орынбасары Фан Гуанхуа.

Оның пікірінше, Қазақстан бастаманың негізгі қатысушысы болып отыр және екі ел инфрақұрылымдық жобалар, цифрлық технологиялар, жаңартылатын энергия көздері, байланыс, медициналық көмек, мәдени және білім беру алмасуларын және басқа да көптеген саланы қоса алғанда, бастама шеңберінде кең ауқымды салаларда ынтымақтасып жатыр.

«Жаңа бастапқы жолда бола тұрып, Қытай мен Қазақстан «Бір белдеу, бір жол» бастамасы шеңберінде көптеген саладағы практикалық ынтымақтастықты одан әрі тереңдетіп, екі ел экономикасының сапалы дамуына бірлесіп ықпал ететін болады», - деп қорытындылады спикер.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер