Арнайы экономикалық аймаққа қатысушылардың жұмысы тоқтап тұр – Ұлттық палата
Өткен жылдың соңынан бастап көлік прокуратурасының ұйғарымы бойынша сыртқы экономикалық қызметке (СЭҚ) қатысушылар әрбір тізбе мен өтініш үшін 20 мың теңгеден кедендік алым төлеуге мәжбүр. Бұған дейін қазақстандық тауар мен құны төмен тауарды ресімдегені үшін кедендік алым (200 еуроға дейін) бір декларация (бір өтініш) деңгейінде төленген болатын.
«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мемлекеттік органдардан мәселені заңнамалық деңгейде шешуді бірнеше рет сұрағанына қарамастан, мәселе шешілмей келеді.
«Атамекен» ҰКП кедендік әкімшілендіру департаментінің директоры Дина Мамашеваның айтуынша, мемлекеттік кірістер органдары сыртқы экономикалық қызметке қатысушыларының АЭА аумағына әкелінетін тауарды мүлдем декларацияламауға құқығы бар екенін білсе де, осы тақырып бойынша кедендік тексерулерді жүргізіп, артық төлемдерді қосымша есептеуді жалғастырып жатыр.
«Көлік прокуратурасы да, мемлекеттік кірістер органдары да соттарда кәсіпкерлерді қолдамайды. Нәтижесінде, Қаржы министрлігі жанындағы апелляциялық комиссияда қазақстандық компаниялардың кедендік тексерулерге қатысты бірден үш шағымын қарау нәтижесі бойынша ҰКП қоспағанда, комиссияның барлық мүшесі тексерушілердің қорытындысын қолдады. Берешектің жалпы сомасы 70 млн теңгеден асты. Бірақ осыған ұқсас бұзушылықтары бар тағы бес компания бар», – деді Дина Мамашева.
ҰКП мамандары алты ай ішінде мұндай заңсыз алымдарды өндіріп алу салдарынан кедендік ресімдеудің жеңілдетілген тәртібі іс жүзінде жойылып кетті, ал арнайы экономикалық аймақтарға қатысушылардың жұмысы іс жүзінде тоқтап қалды.
«Астана-жаңа қала» арнайы экономикалық аймағындағы кеден өкілі Әсет Бисенғазиев құрылыс компаниялары үшін отандық тауарларды кедендік ресімдеу қызметтерін көрсетеді.
«Қазіргі жағдай – нонсенс. Бұл арнайы экономикалық аймақтың консепциясына, осы идеяға кереғар. Кеден алымына қатысты мәселені реттемесе, тұрғын үйдің түпкілікті құнына, пайдалануға беру мерзімдеріне, ішкі сауда айналымына кері әсер етуі мүмкін. Өйткені құрылыс компаниялар және құрылыс материалдардың жеткізушілердің басым бөлігі құрылыс салушылар – арнайы экономикалық аймақтың резиденттерімен жұмыс істейді», – деді Әсет Бисенғазиев.
Кәсіпкерлер қиын жағдайға тап болды. Қосымша қаржылай шығындар тауар құнын арттырды. Ал мемлекеттік кірістер органдары бұрын шығарылған тауарлар бойынша өсімпұлды ескере отырып, кедендік алымды қосымша есептеген жағдайда, кәсіпкерлер өз қызметін толығымен тоқтатуға мәжбүр болады.
Ұлттық палата бұл мәселені мемлекеттік органдарының талқылауына бірнеше рет шығарған. Алайда отандық тауар өндірушілерді қолдаудың орнына Әділет министрлігіне «мемлекеттік кірістер органдары алатын кедендік алымдар мөлшерлемелерін бекіту туралы «Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 5 сәуірдегі № 171 қаулысына өзгерістер енгізу туралы» ҚР Үкіметі қаулысының жобасы енгізілді. Онда қазақстандық тауарлар мен құны төмен тауарларды ресімдеу үшін кедендік алым ретінде 6 АЕК (20 700) мөлшерлемесі ресми тіркелген (200 еуроға дейін).
Анықтама: Кедендік ресімдеудің жеңілдетілген тәртібі арнайы экономикалық аймақтардың (АЭА), соның ішінде: «Астана – жаңа қала», «Павлодар» және «Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі» аумағына әкелінетін қазақстандық тауарлар үшін арнайы әзірленді.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: