astana-view

«Атамекен» ҰКП премьер-министрге инвестициялық жобалардың интерактивті картасын таныстырды

2023 жылғы 27 Мамыр
6002 просмотров

«Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы Райымбек Баталов инвестициялық жобалардың интерактивті картасын қолдана отырып, өңір экономикасындағы басым салаларға сүйеніп, бизнесті дамытуға қаржылық қолдау көрсетуді ұсынды. Бұл бастама ҚР премьер-министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен орта бизнес өкілдерімен кездесуде айтылды. Іс-шараға Ақмола, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарының кәсіпкерлері қатысты. Республика бойынша мұндай кездесулер өңірлік бөліністе өткізілетін болады.  ​

Өңірлердің бәсекелестік артықшылықтарын толық іске асыру және олардың инвестициялық әлеуетін жедел ашу үшін «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері өңірлердегі 3-5 басым сала/қосалқы салаларға назар аударуды ұсынды.

«Бизнес-қоғамдастықтың тиімді өзара іс-қимылы мақсатында мемлекеттік органдар өңірлік палаталар жанынан кәсіпкерлердің  проблемаларын шешу үшін салалық кеңестер құрды. Кеңестер өңірдегі бизнес-пікірді салалық бағыт, салалық проблемалар тізілімі, инвестициялық жобалар тізіліміне сәйкес шоғырландырады», - деді Райымбек Баталов.

Спикердің айтуынша, әр облыста өңірлік ерекшелігіне қарай орта және ірі жобаларға инвестиция салуға дайын кәсіпкерлер бар. Осындай инвесторлардың тізіліміне ие бола отырып, Ұлттық палата Үкімет пен жергілікті атқарушы органдарға әр өңірдің мамандануын бірлесіп өзектендіруді, қысқа мерзімде өңірлерді дамыту бағдарламасына кіретін инвестицияларды тартудағы тежеуші проблемаларды еңсеру жөніндегі шаралар кешенін әзірлеуді ұсынды.

«Сонымен қатар, біз инвестициялық жобалардың интерактивті картасын қолдана отырып, өңір экономикасындағы басым салаларға сүйеніп, бизнесті дамытуға қаржылай қолдау көрсетуді ұсынамыз. Бұл туралы біз Парламенттің Мәжіліс пен Сенатының депутаттарымен ақылдастық. Олар бізді қолдап отыр. Бұл туралы бұған дейін ел Президенті айтқан болатын. Өтпелі бақылау мемлекеттік қолдау шараларының ашықтығын және барлық тараптардың өз міндеттемелерін орындауын қамтамасыз етеді. Инвестициялық штаб жұмысында интерактивті картаны осындай дашборд түріндегі жобалар туралы деректерді қолдану мен шоғырландырудың ыңғайлылығына байланысты пайдалануды ұсынамын», - деп толықтырды «Атамекен» ҰКП басшысы.

Осы құралдарды енгізу үшін Ұлттық палата Ұлттық экономика министрлігімен бірлесіп, жергілікті атқарушы органдар мен орталық мемлекеттік органдарды осы интерактивті картасымен жұмыс істеуге үйрету үшін бағдарлама әзірлеуге дайын.

ҚР премьер-министрі Әлихан Смайылов мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін арттыру маңызды бағыт екенімен келісті.

«Мемлекеттік қолдау алған бизнес өз өндірісін кеңейтіп, шикізаттық емес өнім шығарудың өсуін қамтамасыз етуі тиіс. Мұнда ішкі нарықтың қанықтылығына басымдық беру керек. Әр жобадан біз барынша экономикалық тиімділікке қол жеткізуіміз керек. Бұл экономиканы одан әрі әртараптандыруға және тұрақты жұмыс орындарын құруға үлес қосуға мүмкіндік береді», - деп түйіндеді премьер-министр.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер