Кәсіпкерлер теміржолдағы тар өткелдер проблемасына қатысты шешімін ұсынды
Көлік саласының кәсіпкерлері теміржол инфрақұрылымына жеке инвестиция тартуды ұсынды. Бұл туралы олар ҚР премьер-министрі Әлихан Смайыловтың батыс өңірлерінің орта бизнес өкілдерімен кездесуінде мәлімдеді. Бейнеу-Маңғыстау, Достық, Қостанай торабы, Есіл-Новоишимка және басқа магистральдық темір жолдардың тар өткелдері мәселесі жедел шешімді талап етеді. Бұл ретте кәсіпкерлер мемлекеттен осы инвестицияларды қайтарудың нақты механизмін күтеді.
«Атамекен» ҰКП көлік жөніндегі жұмыс тобының жетекшісі Бақытбек Қадыровтың айтуынша, бұл мәселе Отандық кәсіпкерлер кеңесінде көтерілгеніне қарамастан, әлі шешілмей келеді.
«Егер мемлекеттің мүмкіндігі болмаса, теміржол инфрақұрылымына жеке инвестициялар тарту қажет. Өйткені, теміржолдағы тар өткелдер мәселесін жедел шешу керек. Теміржолға ерекше назар аудару және жеке инвестицияларды тарту механизмдерін пысықтау қажет. Инвестиция – иелік ету немесе ішінара иелік ету. Ал инфрақұрылымды қаржыландыруды іздеу – бұл бизнестің емес, банктің жұмысы. Бұл мәселені Үкімет пен «Атамекен» ҰКП деңгейінде пысықтау қажет», – деп атап өтті спикер.
Бақытбек Қадыров логистердің сараптамалық қауымдастығы көлік маршруттарын сәтті реттеу үшін инфрақұрылымның барлық компонентін және оның өткізу қабілеттілігін пысықтау керегін түсінетінін айтты. Тастанды пойыздармен қазіргі жағдай үнемі болатын түйткілге айналмауы керек.
Айта кету керек, өткен жылдың өзінде Қазақстанда 70 мыңға жуық тастанды пойыз тіркелген.
Сондай-ақ, жиын барысында Әлихан Смайыловқа Құрық портында «САРЖА» көп функциялы теңіз терминалын салу жобасы ұсынылды. Оған жылына 10 миллион тоннадан астам өткізе алатын жалпы айлақтары бар 7 негізгі теңіз терминалы кіреді.
Қазіргі кезде объектіге кірме жолдарды (11,6 км) салу жүріп жатыр. Сонымен қатар терминалдардың ішіне 4 жол салынды (3,5 км), кірме автожолдың құрылысы аяқталып, 2 локомотив сатып алынды және пайдалануға дайын. Айлақ және электрмен жабдықтау желілерінің құрылысы аяқталды. Жалпы жүк терминалының алаңы да дайын.
Жоба іске асырылса өткізу қабілеті артады және Қазақстанның экспорттық бағыттарын әртараптандыруды қамтамасыз етеді.
Сонымен қатар, ол Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтқан көлік маршруттарын, әсіресе Орта дәліз, Транскаспий халықаралық көлік бағыты, Солтүстік-Оңтүстік бағыттарын дамыту міндетін толық орындайды.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: