astana-view

Шаруа ұтылмайтын баға керек – Ербол Есенеев азық-түлікті форвардтық сатып алудағы өзгерістер туралы

2023 жылғы 08 Маусым
4645 просмотров

Фермерлерге 2024 жылы ауыл шаруашылығы өнімдерін форвардтық сатып алудағы өзгерістер таныстырылды. Онлайн жиынға 50-ге жуық адам қатысты және олар Азық-түлік корпорациясының ұсыныстарын талқылады.

«Азық-түлік корпорациясы» ҰК» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары Дархан Дәуітов келер жылға ауыл шаруашылығы өнімдерін форвардтық сатып алудың үш нұсқасын ұсынды.

«Жалпы «Азық-түлік корпорациясының» бағдарламасы соңғы жылдары айтарлықтай тиімді және фермерлерді қолдаудың қолжетімді механизмі болып келеді, мұны білесіздер. Одан бөлек бірқатар сұрақ бар. Соларды ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің, яғни бизнестің мен мемлекеттік органның өкілдерімен талқылағымыз келеді... Биыл астық нарығы бидайға және майлы дақылдардың басқа түрлеріне төмен сатып алу бағасының шегін көрсетіп отыр. Өткен жылы мамыр-маусым айларында бидай бағасы тоннасына 160-170 мың теңге болды. Осы жылы 80-100 мың теңге. Осыған байланысты форвардтық сатып алу шеңберінде сатып алу бағаларын анықтаудың әртүрлі тәсілін қарастыру қажеттілігі туындады», – деп талқылауды бастады Дархан Дәуітов.

Азық-түлік корпорациясы талқылауға мынадай үш нұсқаны салды:

  • Бірінші, классикалық форвард, көктемде күзде жеткізілетін ауылшаруашылық өнімдерінің белгіленген бағасы және көктемде жүз пайыз алдын ала төлем.
  • Екінші, көктемде күзде жеткізілетін ауылшаруашылық өнімдерінің белгіленген бағасы және жетпіс пайыз алдын ала төлем. Және он пайыз өнімді жеткізгеннен кейін төлеу.
  • Үшінші, 2023 жылы қалдырыңыз. Көктемде біз алдын-ала төлемнің белгілі бір бөлігін береміз, ал күзде жеткізілім жүзеге асырылады. Сондай-ақ, баға күзде белгіленеді.

Ұлттық палата басқарма төрағасының міндетін атқарушы Ербол Есенеев аталған үш ұсынысты алдымен шаруалар өзара талқылап, кейін корпорацияға жеткізуді ұсынды. Себебі фермердің шығыны артты, сол себепті баға нарығын қайта қарау керек.

«Бұл алғашқы кездесу болғандықтан, сұрақ көп. Барлығы объектив бағаны қалайды. Ауыл шаруашылығының одақтары барлық аймақ бойынша объектив бағаларды жинай алады. Ертең біз фермерге тиімсіз тәсілді келіспеуіміз үшін солардың пікірін білуіміз керек. Бұл көп уақыт алмайды. Әр шаруашылықтың басшысы өз бағасын біледі. Шығынын өтеп, тауарының ақысын айта алады... Қазір фермердің еңбегінен басқаның бәрі қымбаттады. Жерді өңдеуге байланысты барлық шығындар – гербицидтер, тыңайтқыштар, техника қымбаттады, жалақыны көтеру керек. Үстеме шығындар өте көп. Фермерлер бұл жағдайларға еш әсер ете алмайды. Сондықтан келесі жиында нақты санды – бағасын талқылап, фермер ұтылмайтындай шешім қабылдайық», – деп түйіндеді жиынды Ербол Есенеев.

Жиынға қатысушылар келесі отырысқа нақты ұсыныс айтып, жан-жақты зерделеуге келісті. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы одақтары өңірлердегі бағаны нақтылап, азық-түлік корпорациясының ұсыныстарын қарастырады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер