Қорғаныс министрлігі жобаларға қатыса алатын қазақстандық IT-компаниялардың тізбесін кеңейтеді
«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының алаңында ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Дархан Ахмедиевтің басшылығымен ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, білім және инновациялар комитеті, ҚР Қорғаныс министрлігі өкілдерінің IT-қоғамдастықпен кездесуі өтті.
Іс-шара мақсаты – әскери ұйымдар мен елдің IT-саласы арасында жемісті диалог пен ынтымақтастық орнату.
Дархан Ахмедиев кездесудің мақсаты Қорғаныс министрлігінің жабық конкурстарына қатыса алатын IT-компаниялардың тізімін кеңейту екенін айтты.
«Бұл шара бізге де, ІТ саласына да маңызды. Біз барлық процесс ашық болғанын қалаймыз. Сонымен қатар сіз ұсынатын қызметтер мен өнімдердің сапасын жақсартқымыз келеді. Конкурсқа қатысатын тізілімдегі қазақстандық IT-компаниялардың тізбесін кеңейтуді жоспарлап отырмыз. Әдетте конкурс жарияланған кезде 3, ең көбі 4 компания қатысады. Мұндай жағдайда бәсекелестік әлсіз екені түсінікті. Біз өз жобаларымызды сапалы орындай алатын компаниялардың санын көбейтуіміз керек», – деді Қорғаныс министрінің орынбасары.
Кездесу аясында Қорғаныс министрлігінің өкілдері IT-жобалар және цифрлық инновацияларды іске асыруға байланысты басымдықтар, сын-қатер мен қажеттіліктер, Қорғаныс министрлігімен жұмыс істеуге рұқсат алу тәртібі жайында айтты. Олар сондай-ақ ынтымақтастықтың ықтимал салалары мен IT-қоғамдастықтың сараптамасы мен қатысуын талап ететін жобалар туралы таныстыру материалдарын ұсынды.
Кездесуге офлайн және онлайн қатысқан ІТ компаниялар өздерін қызықтырған сұрақтар қойды, оларға Қорғаныс министрлігінен толық жауап алды.
ІТ саласы тарапынан қызығушылық жоғары болды – іс-шараға салалық компаниялардан 100-ге жуық өкіл қатысты.
Кездесу барысында бағдарламалық қамтамасыз етуді әзірлеу, киберқауіпсіздік, деректерді талдау және ынтымақтастықтың көптеген әлеуетті бағыты анықталды.
Қорғаныс министрлігі өкілдерінің IT-қоғамдастықпен кездесуі идеялар, тәжірибелер және білімдермен алмасу үшін жемісті алаң болды. Кездесу нәтижесінде өзара түсіністікке қол жеткізілді және одан әрі ынтымақтастық үшін нақты қадамдар белгіленді.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: