astana-view

Шаруалар субсидиясын толық алмады: премьер-министр АШМ-ге Ұлттық палатаның  барлық ескертуін назарға алуды тапсырды

2023 жылғы 04 Шілде
5076 просмотров

Субсидиялаудың бірыңғай мемлекеттік ақпараттық жүйесі (СБМАЖ) әлдеқашан іске қосылғанымен, әлі күнге дейін субсидияға өтінім бере алмай жүрген шаруалар бар. Себебі платформаның кейбір техникалық кемшілігі реттелмеген. Фермерлер мәселені көтеріп, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасына бірнеше рет хабарласты. Соның негізінде палата Ауыл шаруашылығы министрлігімен де кездесті. Дегенмен цифрлық жүйе толық жұмыс істемейді және мәселені шұғыл шешу керек.

Бұл туралы ҰКП басқарма төрағасының бірінші орынбасары Мақсат Қиқымов премьер-министрдің төрағалығымен өткен Президент жанындағы цифрландыруды енгізу мәселелері жөніндегі комиссия отырысында айтты.

«Gosagro» субсидиялаудың бірыңғай мемлекеттік ақпараттық жүйесі (СБМАЖ ) жұмыс істеген сәттен, яғни биылдан бастап Ұлттық палата АШМ-мен техникалық қателер және кемшіліктерді жою үшін бірнеше рет талқылады. Ақпараттық жүйені іске қосудың бірінші кезеңінде бірқатар проблема болды, оның ішінде порталда өтінім беру нысаны субсидиялау қағидаларында бекітілген нысандармен сәйкес келмеді. Кейін бұл мәселе пысықталып, реттелді.

Сондай-ақ, 2023 жылдың 30 маусымында фермерлердің өтінішімен АШМ өтінімдерді «кері қайтарып алу» функциясын пысықтады. Бұл дұрыс толтырылмаған өтінімдерді азайтып, дұрыс толтырылғанын ауыл шаруашылығы басқармасының жедел қарауына ықпал етті. Алайда ақпараттық жүйенің әлі де проблемасы бар. Мақсат Қиқымов сол мәселелерге тоқталды.

«Сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау бағдарламасы шеңберінде субсидиялау қағидаларында көзделген «Хабарландыру» беру функциясы пысықталмаған. Яғни, ішінара мерзімінен бұрын өтеуді жүргізген фермерлердің өзгертілген төлемдер кестесінде пайыздық мөлшерлемені субсидиялау мүмкіндігі жоқ. Екінші проблема, сүт өңдейтіндердің өтінімінде болып тұр. Олар терең өңдеу өнімдерін өндіру үшін жұмсаған шығынын субсидиялауы керек. Кәсіпкер бір өтінімде сүт сатып алуға арналған бір ғана электрондық шот-фактураны тіркей алады. Ал, олардың бір емес, бірнеше өнім шығаратынын білеміз. Сонда күнделікті өнімі көп және оның әрқайсын жеке-жеке енгізіп отыру қиын. Осыған байланысты порталда бір өтінімде 100 ЭШФ дейін тіркеуді көздеу қажет», – деп көтерді фермерлердің проблемасын Ұлттық палата өкілі.

Бұдан бөлек Мақсат Қиқымов тағы бір проблеманы атады. АӨК субъекті шығысының бір бөлігін өтеу бойынша субсидиялау қағидалары шеңберінде инвестициялық салымдар кезінде тиегіш, тартқыш сияқты бірқатар позиция бар. Онда малды тасымалдау үшін малдың барын растау, яғни ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру дерекқорымен (АШМБ) интеграциялау талап етіледі. Ал, ақпараттық жүйеде әлі де осы позициялар бойынша субсидия алу реттелмеген.

Үкімет басшысы Әлихан Смайылов Ауыл шаруашылығы министрлігі платформаның функционалына қатысты «Атамекен» ҰКП-ның барлық ескертуін назарға алу керегін, ал облыс әкімдіктері уақытылы субсидиялар төлеп, фермерлермен бірге жыл соңына дейін «Қазақстан Ғарыш Сапары» порталында егіс алқаптарын цифрландыру қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар, жаңадан құрылған облыстардың әкімдіктеріне СБМАЖ жүйесінде фермерлер алдындағы міндеттемелерді қабылдау жөніндегі жұмысты шілденің соңына дейін аяқтауды тапсырды.

Айта кетейік, бұған дейін Ұлттық палата фермерлердің субсидияны толық ала алмай жүргенін, жаңа платформаның кемшін  тұстары барын бірнеше рет көтерді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер