Ұлттық палата Үкіметке арнайы салық режиміндегі кәсіпкерлік тізімін кеңейтуді ұсынды
Биыл 1 қаңтардан бастап бөлшек салықтың арнайы режиміне өзгерістер енгізілді. Бүгінде кәсіпкерліктің тек 190 түрі бұл режимді пайдаланады. Алайда мұндай кәсіпкерлердің түрін арттырып, олардың да салығын 4 пайыздан 2 пайызға төмендету керек. Бұл ұсынысты «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Тимур Нақыпбеков Үкімет отырысында айтты.
Бүгінгі таңда өңірлік палаталардың тікелей қатысуымен, Қарағанды және Қызылорда облыстарының бірнеше ауданында бөлшек сауда ставкалары төмендетілді. Бұл жұмыстың қарқынын күшейтіп, арнайы салық режиміндегі кәсіпкерліктің санын көбейту керек. Тимур Нақыпбековтің айтуынша, Ұлттық палатаның елдегі кәсіпкерлікті дамытудағы позицияларының бірі осындай.
«Бизнес-ортаға түпкілікті әсер ететін тағы бір маңызды мәселе – жүргізіліп жатқан салық саясаты. Қазір арнайы режим шеңберіндегі кәсіпкерліктің тек 190 қызмет түріне рұқсат етілген, оның ішінде сауда және қоғамдық тамақтану кәсіпорындары бар. Сонымен қатар, барлық кәсіпкерді қолдау мақсатында Ұлттық палата барлық қызмет түріне осы арнайы салық режимін тарату арқылы кеңейтуді ұсынады», – деді төрағаның орынбасары.
Сонымен қатар, Тимур Нақыпбеков Қарағанды мен Қызылордадан өзге өңірдегі кәсіпкерлер салық ставкасының төмендеуін күтіп отырғанын атап өтті. Осы тәсілді қалған аймақтарда енгізу үшін Ұлттық палата мамандары мәслихаттармен талқылауға дайын.
Бұдан бөлек Палата өкілі Үкімет отырысында бизнесті реттейтін заңнаманы қайта қарау, сот жүйесі, қылмыстық және қылмыстық-процестік кодекстерді оңтайландыру реформаларына тоқталды.
Айта кетейік, бүгінде арнайы салық режимі арқылы бөлшек сауда салығы 4%-дан 2%-ға төмендетілді. Мұндай режимді әзірге елдегі 190 кәсіпкерлік түрі пайдаланып отыр.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: