astana-view

Антикор алаңында ҰКП Кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесінің отырысы өтті

2023 жылғы 11 Шілде
5285 просмотров

 2023 жылғы 11 шілдеде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінде Қайырбек Сүлейменовтің төрағалығымен Кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің көшпелі отырысы өтті.

Кеңесте «Атамекен» ҰКП және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бизнестің құқығы мен заңды мүддесін қорғау жөніндегі өзара іс-қимылын күшейту туралы мәселе қаралды. Кеңес жұмысына өңірлік кәсіпкерлер палаталары кеңестерінің төрағалары мен Агенттік департаменттерінің басшылары қатысты.

 Қайырбек Сүлейменов жиынды ашып, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларына сәйкес Агенттік бизнес субъектілерін кәсіпкерлік қызметке негізсіз араласудан қорғау бойынша мақсатты жұмыс жүргізіп жатқанын атап өтті.

 Бизнес субъектілерінің қатысуымен жүргізілетін тергеу әрекеттерін ведомстволық бақылау және келісу алгоритмі бекітілді. 2023 жылдан бастап Агенттік бизнестің дамуына кедергі келтіретін сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін оқшаулау бойынша жобалық тәсілдерді енгізіп келеді.  Кәсіпкерлік қызмет еркіндігінің шектеуін алып тастауға бағытталған «Бизнеске жол» жобасы іске асырылып жатыр.

 Кеңес мүшесі, белгілі қоғам қайраткері Айгүл Соловьева баяндама жасап, «Бизнеске жол» жобасы аясында 10 мың кәсіпкермен 700-ден астам кездесу өткізілгенін атап өтті. 23 салада 340-тан астам түйткілді мәселе шешілді,  9,2 мыңнан астам кәсіпкерге көмек көрсетілді. Жер пайдалану құқығын іске асыру, инфрақұрылым объектілеріне қосылу, ақпарат алу және шектеулерді алып тастауға қатысты өтінімдері кері қайтарылған кәсіпкерлердің 210 мәселесі шешілді.

Сонымен қатар, жер қатынастары, көлік және автомобиль жолдары, мемлекеттік сатып алу, құрылыс және басқа да салаларда кәсіпкерлердің құқығын қорғауды шектейтін факторлар әлі де сақталып отыр.

«Кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласқаны үшін заңда көзделген жауапкершілік шаралары тәжірибеде әлі де жеткіліксіз қолданылады», – деп атап өтті Айгүл Соловьева өз баяндамасында.

 Агенттік тарапынан лауазымды тұлғалардың кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласу фактілерін әлі жеткілікті түрде анықтау жолға қойылмаған. Кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласу үшін жауапкершілік ҚР ӘҚБтК-нің 173-бабында қарастырылған.

Мемлекеттік органдармен шарттық қатынастарда кәсіпкерлердің құқығын қорғау мен мүддесіне өкілдік ету әрдайым қамтамасыз етілмейді. Өйткені судьялардың шешімдерінде мемлекеттік мүддені қорғау әлі де басым. Лауазымды тұлғалардың кәсіпкерлермен келісімшарттық міндеттемелерді сақтамауы шарттардың талаптарын бұзып қана қоймай, бюджет заңнамасын, мемлекеттік сатып алу, концессия, лизинг, мемлекеттік-жекешелік әріптестік және басқа  заңдарды бұзуға әкеп соғады.

  «2022-2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасының маңызды бағыттарының бірі – бизнестің адалдығына жәрдемдесу. Алайда, кәсіпкерлердің сыбайлас жемқорлыққа тартылуы әлі де жоғары деңгейде қалып отыр», – деп атап өтті Айгүл Соловьева.

Заңсыз әрекет ету және мәселелерді сыбайлас жемқорлық тәсілімен шешуді қалайтын кәсіпкерлердің үлесі шамалы өсті. Сондай-ақ, қосымша ақыға мәселе тезірек және әуре-сарсаңсыз шешіледі деп санайтындардың үлесі артқан.

Кәсіпкерлердің сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметпен өзара іс-қимылы көбінесе бизнес субъектілерінің шағымдарын бірлесіп қараумен ғана шектеледі. Бұл шара жеткіліксіз.   

«Ұлттық кәсіпкерлер палатасына «Атамекен» ҰКП съезінде қабылданған сыбайлас жемқорлыққа қарсы кәсіпкерлер хартиясының ережелерін тәжірибеде белсенді қолдану қажет», – деп атап өтті Қайырбек Сүлейменов.

Кеңес барысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне, Бас прокуратура жанындағы Құқық қорғау органдары академиясына және өңірлік кәсіпкерлер палаталарына бірқатар ұсыныс айтылды.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне:

- кәсіпкерлер қауымдастықтарымен бірлесіп, заңмен берілген өкілеттіктер шеңберінде жеке сектордағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шараларын жетілдіру және кәсіпкерлік қызметті шектейтін әкімшілік теріс әрекеттер мен қылмыстық құқық бұзушылықтарды анықтау және жолын кесу жөніндегі жұмысты күшейту;

- Бизнестің парасаттылығын арттыру үшін кәсіпкерлік қызметтегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдағы әріптестік нысандарын кеңейту, Қазақстан Республикасы мақұлдаған осы саладағы халықаралық актілердің ережелерін іске қосуды қамтамасыз ету ұсынылды.

 ҚР Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдары академиясына сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметпен бірлесіп кәсіпкерлердің құқығын бұзғаны үшін жауапкершілік нормаларын тиімді қолдану, лауазымды адамдардың кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласқаны үшін жауапкершілікті көздейтін ҚР ӘҚБтК-нің 173-бабын практикада кеңінен қолдану мақсатында құқық бұзушылықтың көрсетілген түрін анықтау және құжаттау әдістемесін әзірлеу ұсынылды.

 Кеңес материалдары мәлімет үшін Президент әкімшілігі, Үкімет аппараты және Бас прокуратураға жіберілетін болады.

 

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер