astana-view

Құқық қорғау органдары «ыңғайлы» айғақ алу үшін бизнесті ұйымдасқан қылмыстық топқа жатқызады

2023 жылғы 12 Шілде
6897 просмотров

Бүгінде коммерциялық ұйымдардың басшысын не қызметкерін ұйымдасқан қылмыстық топқа жатқызу жиілеп кетті. Экономикалық қылмыстарды криминалға жатқызады. Құқық қорғау органдары мұндай бизнесті неге қылмыстық жауапкершілікке тартады және Ұлттық палата мұнымен қалай күреседі? Бұл туралы «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Ербол Өстеміров айтып берді.

 Қылмыстық кодекстің ережесі коммерциялық ұйымның қызметкеріне қатысты қолданылып жатыр. Сот-тергеу практикасындағы бұл тенденция мамандарды алаңдатып отыр.

 «Коммерциялық ұйым мен қылмыстық топтың белгілерін бірдей қылып көрсетеді. Мысалы, бір атқарушы орган, ұйымдастырылған құрылым, табысты бөлу және басқалары. Әдейі немесе білместіктен бе, әйтеуір, коммерциялық ұйымның белгілері қылмыстық топтың атрибуттары ретінде қабылдануы мүмкін. Ал бизнесті ешқашан жалғыз жүргізу мүмкін емес. Соны пайдаланып, бизнесті қылмыстық топқа жатқызу репрессия механизмі болып келеді. Құқық қорғау органдары үшін таптырмайтын құрал болып тұр. Олар мұны бизнестен «ыңғайлы» айғақ алуда пайдаланады. Тіпті коммерциялық ұйымның басшысына қысым көрсетуге мүмкіндік туады», – деді Ұлттық палата өкілі.

Қылмыстық кодексте қылмыстық топтардың қылмысы ауыр және аса ауыр қылмысқа жататын баптар бар. Бұлар ұйымдасқан қылмыспен күресу үшін қабылданған. Оның ішінде, өзі қылмыс жасамай, қылмыстық топты құрып, басқарғаны үшін де қолданылады. Сол себепті оларға тым ауыр жаза қарастырылған.

«Сондықтан экономикалық қылмыс жасаған кәсіпкерлерді ұйымдасқан қылмыстық топпен бір деңгейде қарастыруға болмайды. Қылмыстық кодекстің бұл бабын коммерциялық ұйымға қатысты пайдалануына ерекше назар аудару қажет», – деп атап өтті Ербол Өстеміров.

Ұлттық палата мәселені шешу үшін ҚР Жоғарғы сотының 2001 жылғы 21 маусымдағы № 2 нормативтік қаулысына «заңды тұлға ретінде тіркелген ұйымның құрылтайшылары, қатысушылары, басшылары, басқару органдарының мүшелері және қызметкерлері ұйымдық-штаттық құрылымы бойынша ҚР ҚК нормаларына сәйкес қылмыстық жауапкершілікке тартылмайды» деп қосуды ұсынды.

 Сонымен қатар, олар кәсіпкерлік, экономикалық немесе басқаруға қатысты қылмыстық жасаса, Қылмыстық кодекстің бұл нормасы қолданылмауы керек. Тек ұйым әуел бастан қылмыс жасау үшін құрылған болса, Қылмыстық кодекстің бұл бабымен жауапқа тартуға болады.

 «Балама ретінде бұл ережелер ҚР ҚК 31-бабында («Топ жасаған қылмыстық құқық бұзушылықтар үшін қылмыстық жауаптылық») жаңа жеке бөлім ретінде не ҚР ҚК 262-бабына ескертпеде («Ұйымдасқан топты, қылмыстық ұйымды құру және оған басшылық жасау, сол сияқты оған қатысу») жаңа жеке бөлім ретінде енгізілуі мүмкін.  Сондай-ақ, азаматтарды қорғауды күшейту бойынша қабылданған заңнамалық шараларды ескере отырып, құқық қорғау органдарының тәжірибесін түзетуді ұсынамыз», – деп қорытындылады Ербол Өстеміров.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер