astana-view

Жаңа салық режимі: өзін-өзі жұмысқа қамтығандарға бір салық режимін қолдану ұсынылды

2023 жылғы 12 Шілде
6553 просмотров

 «Атамекен» Ұлттық палатасы жаңа Салық кодексіне ұсыныстар әзірлеуді жалғастырып жатыр. Жаңа құжат Қазақстанда 2025 жылдан бастап күшіне енуі тиіс. Күн тәртібінде – өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, жеке кәсіпкерлер және «үй маңындағы дүкен» иелеріне салық салу.

Қазіргі кезде микро кәсіпкерлер үшін үш салық режимі қолданылады. Атап айтқанда, бірыңғай жиынтық төлем, патент және мобильді қосымшаны қолдана отырып салық режимі. ҰКП жанындағы шағын және орта бизнеске салық салу жөніндегі қосалқы топтың басшысы Берік Зайыров осы салықтарды айналымның 4% бірыңғай мөлшерлемесін белгілей отырып, бір режимге оңтайландыруды ұсынды. Мұнда 1% – жеке табыс салығы және 3% –4 000 АЕК (2023 жылы 13,8 млн теңгені құрайды) мөлшерінде шекті айналымды белгілей отырып, әлеуметтік төлемдер (зейнетақы аударымдары, әлеуметтік медициналық сақтандыру және әлеуметтік аударымдар).

«Бір қарағанда 4 % мөлшерлеме көп көрінеді. Бірақ оның артықшылығы бар, егер айына сізге 100 мың түссе, онда сіз небәрі 4 мың теңге төлеп әрі қарай жұмыс істей бересіз. Демек, зейнетақылық, әлеуметтік аударымдар бойынша төменгі шек жоқ. Бұл үлкен плюс», – деп атап өтті Берік Зайыров.

Бұдан бөлек, спикер өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен микрокәсіпкерлер үшін кірісі 4000 АЕК болатын барлық кәсіпкерді қамтитын қызмет түрлерінің тізімін кеңейтуді ұсынды. Өйткені қазір, мысалы, патентті тек 33 қызмет түрі қолдана алады. Бұл ұсыныс бизнес-қоғамдастықтың оң пікіріне ие болды.  

 «Менің пікірімше, сапаны бақылаудың үздік жолы – заңды жұмыс істеу. Тіпті үй жағдайында торт пісіріліп, ол тортты тұтынған адам ұланып қалса және себебі – сапасыз жұмыс болып анықталса да. Ал үй жағдайындағы кондитер заңды түрде жұмыс істейтін болса, бәрі ашық болады, соған сәйкес тиісті жазалауға да болады. Ал кондитер көлеңке аймақта жұмыс істеін жалғастырса, онда біз оны іздеп шаршаймыз. Қызмет түрлерін кеңейту кәсіпкерлерге заңды жұмыс істеуге жол ашады», – деді Қазақстанның тікелей сату қауымдастығының атқарушы директоры Анастасия Калашникова.

Сонымен қатар, «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Тимур Жаркенов уәкілетті мемлекеттік органдардың Қазақстандағы ШОБ субъектілері үшін арнайы салық режимдерінің санын қысқартуға қатысты позициясы туралы хабардар етті.

«Біз арнайы салық режимдерінің саны барынша аз болғанын қалаймыз. Қазір қолданыста алтауы бар. Бұл сан көп. Сондықтан арнайы салық режимдері аз болуы үшін бірыңғай тәсіл пысықтауды ұсынамын. Салық режимдерін барынша біріздендіру өз деңгейінде пысықталуы керек», - деді Тимур Жаркенов.

Үй маңындағы дүкендерге салық салу мәселесі де өзекті тақырып болды. Берік Зайыров оңайлатылған декларация негізінде салық режимін сақтауды ұсынды. Бұл режимді пайдаланатын кәсіпкерлерді ҚҚС төлеушілер санатынан алып тастады. Бұл шара кәсіпкерлер арасындағы шатасуды жояды. Оңайлатылған декларацияның тартымдылығына ставканы 3%, ал азық-түлік өнімдерін (үй маңындағы дүкендер) сататын кәсіпкерлер үшін – 1% деңгейінде сақтау да ықпал ететін болады.

Бөлшек сауда және қоғамдық тамақтану қауымдастығының жетекшісі Марина Бошель үй маңындағы үкендерді қолдау бойынша ұсыныстарды қолдады. Сонымен қатар «кәсіпкер өз қызметін оңайлатылған декларацияда немесе бөлшек салық шеңберінде қайда бастау керегін таңдай алуы үшін» қызмет түрлерін кеңейту қажеттілін атап өтті. Ол сондай-ақ «салық салудың жеңілдетілген режимі –  бизнестің алға жылжуына және бюджет кірісінің жақсы өсуіне мүмкіндік беретін қадам, өйткені кез-келген кәсіпкер төлеуге мүдделі болады» деп атап өтті.

Талқылау барысында бизнес өкілдері оңайлатылған декларация шеңберінде қызмет түрлерін шектеу жөніндегі қолданыстағы талаптардың орындылығына қатысты өз позицияларын білдірді. Берік Зайыров уәкілетті мемлекеттік органдар оңайлатылған декларацияда жұмыс істейтін жеке кәсіпкерлер арқылы консультациялық, заңгерлік қызметтер көрсеткен жағдайда ірі салық төлеушілердің кіріс бөлігін төмендету тәуекелдерін көріп отырғанын, сондықтан осы мәселе бойынша одан әрі талқылау қажет екенін түсіндірді.

Жалпы, оңайлатылған декларация негізінде жұмыс істейтін өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен жеке кәсіпкерлерге салық салу бойынша ұсыныстарды жұмыс тобы мүшелерінің көпшілігі қолдап отыр.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер