astana-view

 Шағын бизнесте қыз-келіншектер басым

2023 жылғы 14 Шілде
6044 просмотров

 Астана қаласының өңірлік Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы, елордалық мәслихат депутаты Сәуле Самидин бизнестің қай салаларында әйелдер саны басым екенін айтты.

– Елордалық Іскер әйлдер кеңесінің жұмысы туралы айтып беріңізші.

– Кеңес «Атамекен» ҰКП жанынан құрылған. Кеңестің басты міндеті – әйелдер кәсіпкерлігін дамыту. Әрине, әйелдер кәсіпкерлігі мен бизнесі, әйел кәсіпкерлерді қолдаудан басқа, біз әйелдердің өмірі мен қызметіне қатысты түрлі мәселелерді көтереміз. Бұл әлеуметтік мәселелер, соның ішінде тұрмыстық зорлық-зомбылық, еңбек теңсіздігі, саяси аренадағы әйелдердің өкілдігі.

Астана қаласында біз 5-10 жыл бойы бизнеспен айналысып келе жатқан қалыптасқан әйелдер қауымдастығын жинадық. Біздің стратегиялық мақсатымыз – әйелдерге кедергілерді жеңуге және өз бизнесін ашуға көмектесу.

 Былтыр Қазақстанның барлық өңірінде әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталықтары ашылды. Бастапқыда бұл БҰҰДБ қолдауымен әйелдерге арналған бағдарлама болды және жақсы нәтиже көрсетті. Қазір бағдарлама жалғасып келеді. Жобаны экономика министрлігі қаржыландырады. Арнайы бөлінген қаражат бүкіл Қазақстан бойынша бөлінеді және әйелдер кәсіпкерлігін дамытып, қолдауға бағытталған.

Дамыту және қолдау дегеніміз не?  Бұл дегеніміз кәсіп бастауға гранттар да, оқу жоспарындағы қолдау да. Сондықтан әр түрлі оқу бағдарламалары, семинарлар өткізіледі және әр өңірде сол өңір үшін қажет нәрсені қамтитын өзіндік бағдарлама бар.

Астана бизнесінде әйелдердің үлесі 52%-ға жуық. Бұл микро және шағын бизнес. Негізінен үйдің жанындағы азық-түлік дүкендері, бөлшек сауда бизнесі, сән бизнесі, қызмет көрсететін бизнес, PR, креатив индустрия, қолөнершілер, өз қолымен өнім жасайтын үй шаруасындағы әйелдер. Жеңіл өнеркәсіпте, тамақтану саласында әйлдер басым. Сондай-ақ, Астанада білім беру саласы, шығармашылық үйірмелер, мектепке дейінгі оқыту, балабақшалар, білім беру студиялары дамыған. Әрине, ірі және орта бизнесте әйелдер көп емес. Бірақ біз онымен жұмыс істейтін боламыз.

– Кеңесте осы уақыт ішінде қандай жұмыстар атқарылды?

– Кеңеске басшы болғаныма кп болған жоқ. Осы уақыт ішінде біз «Атамекеннің» әр өңірлік палатасы жанындағы әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталықтарымен бірлесіп көптеген іс-шара өткіздік.

Бізге хабарласқан әрбір әйел туралы ақпарат жинаймыз. Олар өзін дамытқысы келетін көпбалалы әйелдер. Олар кеңес беру қызметтеріне жүгінеді: қандай қолдау шаралары бар (қаржылай және қаржылай емес), нені және қалай ашуға болады, салық сұрақтары бар. Нәтижесінде кәсіпкерге қажетті ақпаратты «бір терезеден» алады. Банктерден несие алу немесе коммерциялық жылжымайтын мүлікке ипотека алу туралы сұрақтар жиі кездеседі.

Өтініш білдірген әйелдер туралы мәліметтер базасында жиналған ақпарат әйелдерге қажетті тақырыптарды талдауға және жүйелеуге мүмкіндік береді және соған сәйкес шеберлік сабақтар мен тренингтер тақырыптарын анықталады.

Біздің әйелдер іскер әйелдер болғандықтан, олар белгілі бір саланың мамандары. Егер әйел бөлшек саудада табысты болса, онда ол сатылымды қалай арттыруға немесе өз дүкенін қалай ашуға, осы салада қандай міндеттер мен мәселелерге тап болуға және оларды қалай шешуге болатыны туралы тренинг өткізеді.

Қаржылық сауаттылық бойынша тренингтер мен шеберлік сабақтар сұранысқа ие: бухгалтерлік есеп, салық есепті қалай жүргізу керек, пайданы қалай есептеу керек, өнімің өзіндік құнын қалай салу керек. Осылайша, тәжірибелі әйелдер бастаушы кәсіпкерлерге қарапайым мәселелер бойынша кеңес береді.

– Сауле Самидинқызы, әйелдер жиі жүгінетін ТОП- мәселені айтыңызшы.

– Жеке кәсіпкерер немесе ЖШС-ны қалай ашуға болады, олардың айырмашылығы қандай? Салық салу мәселелері. Мемлекет ұсынатын қандай да бір грантты қалай алуға болады деген сұрақтар. 

– Кәсіп бастығысы келетін болашақ кәсіпкерлерге қандай көмек көрсетіледі? Мұндай көмекті қанша адам алды?

– Қазір деректер базасында 400-ге жуық әйел тіркелген, бұл бір жыл ішіндегі көрсеткіш. База үнемі жаңартылып отырады.

Кеңесте бірнеше бағдарлама, әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы бар, онда колобарация жолға қойылған. Менторинг бағдарламасы бөлек жүргізіледі. Бұл кезде 15-20 бастаушы бизнес өкілі таңдалады, оларға 9-10 ай бойы жетекшілік ететін ментор тағайындалады. Маман ментор ретінде ай сайын кездесулер өткізеді, жаттықтырады, мақсаттар мен міндеттерді анықтауға, бизнестің басқа деңгейіне шығуға – масштабтауға, бизнес-процестерді ұйымдастыруға көмектеседі. Жылдың соңына қарай кәсіпкерлер қандай да бір нәтижеге жетуі керек. Бұл өте жақсы қолдау, өйткені адам сенімділікке, білімге ие болады, белгілі бір нәтижеге қол жеткізген әріптесінен тәжірибе алады. Әрине, әйелге сенім мен үміт сыйлайтын өте жақсы бағдарлама бизнесті ұйымдастырудың басқа деңгейіне өтуге көмектеседі. Әйел үйде тігіп, содан кейін өз шеберханасын ашқан көптеген нақты мысалдар бар. Мұндай мысалдар әйелдерді басқа деңгейге көтеруге ынталандырады.

– Қолдау мен көмек алған әйелдер кейін ментор, тәлімгер болуға тілек білдіре ме?

– Белгілі бір жетістікке жеткен әрбір қыз-келіншек  ментор бола бастайды. Өйткені, ол өзі барлық жолды жүріп өтті және басқаларға неден бастау керегін түсіндіре алады. 5 адамның біреуі ментор болады деп айтуға болады. Бірақ біз тәлімгерлерді, тренерлерді даярлау міндетін қоймаймыз, міндет – барлық кәсіпкерлерді табысты ету. Бизнеске белгілі бір міндеттерді шешуге дайын болу керек.

Қазір сіздің іс-әрекеттеріңізге сенімділік алуға көмектесетін ақысыз бағдарламалар бар екені өте жақсы. Адам өзінің қабілетіне, біліміне, іс-әрекетіне сенімді болған кезде бизнес табысқа жетеді, сонда ғана нәтиже болады!

– Қолдаудан бөлек әлеуметтік және қайырымдылық көмек көрсетіледі деп айттыңыз. Осы бағытты айтып кетсеңіз.

– Біз «ЭКО тегін бағдарламасы» арнайы бағдарламасына, онкологиялық аурулары бар әйелдерді қолдауға арналған қайырымдылық таңғы ас-аукционға, «Қазақстандағы зорлық-зомбылыққа қарсы ESD-вакцина» форумына, «Жануядан Асар» қайырымдылық іс-шарасына, «Тұсау кесу» рәсіміне қатысып, 12 балаға арналған сыйлықтар дайындадық. Senior Club 65+ адамға арналған қауымдастық, сондай-ақ соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлерін жеңіс күнімен құттықтадық.

– Кәсіп бастағысы келетін қыз-келіншектерга қандай кеңес берер едіңіз?

 Менің ойымша, әйелдің өзі шығармашылқ тұлға болып туған сияқты. Өйткені кез-келген әйел қай кезде де қолымен бір нәрсе жасай алады, өзінің хоббиі бар, бала кезінен бір нәрсені ермек қылады. Мұның бәрін бизнеске айналдыруға болады. Мысалы, бізде торт пісіру, қолөнер, көрпе тігуді ұнататын әйелдер өте көп. Сіздің шеберлігіңізді рельске қоюға, масштабтауға және бизнеске айналдыруға болады.

Қазір ұлттық және мәдени бағыт өте жақсы дамып келеді. Біздің өнеріміз, салт-дәстүрлеріміз үлкен назар аударып, басқа да ауқымдарға ие болып жатыр. Сондықтан бизнесте ұлттық бағытқа назар аударуға болады.

Біз қарапайым нәрселерді шығармашылықпен ұсынған кезде креатив экономика деген ұғым бар. Қыз-ұзатудағы үйлену көйлектерінің салонына мысал келтірейін. Біз бастаған кезде дәстүрлі заттарымызды әлемдік трендтермен үйлестірдік, жаңа өнім шықты. Мысалы, сәукеле бұрын ауыр маталар мен тастардан жасалған, енді біз оны жеңілдеттік – шілтер мен моншақтардан жеңіл еуропаландырылған нұсқасын жасадық.

 Көп жағдайда әйелдер өз бизнесін ашқысы келеді. Бірақ олардың сенімділігі жоқ, сондықтан әйел бойындағы өзіне сенімділікті арттыру маңызды. Мұны білім, тәжірибе және біліктілік арқылы жасауға болады. Бұл бағытта біздің табысты әйелдер қауымдастығы көмектеседі, ынталандырады, мүмкін шабыт береді. Көптеген әйел бізге дәл осы үшін – мотивация үшін келетініне сенімдімін. Біреудің жетістікке жеткенін көргенде, олар да өзіне деген сенімділікке ие болады.

Кәсіпкер әйел үшін ең маңызды қасиет – өзіне деген сенімділік. Бойымыздағы қорқынышымыз бізді жиі тежейді: егер мен инвестиция салсам, пайда таба аламын ба? Қорқудың қажеті жоқ!

Адам тырыспайынша, ол жетістікке жете алмайды. Біз қорқынышымызды басып, тырысамыз, жасап көреміз, мақсаттарымызға жетудің алғашқы қадамын жасаймыз!

 Сұхбатты «Атамекен» ҰКП дайындады


Еншілес ұйымдар

Серіктестер