astana-view

Оңайлатылған декларация қолданушылар үшін ҚҚС бойынша шек «тұзаққа» айналды

2023 жылғы 14 Шілде
4984 просмотров

«Атамекен» Ұлттық палатасы жанындағы жұмыс тобының қатысушылары оңайлатылған декларация және бөлшек салық негізінде арнайы салық режимдерін қолданатын кәсіпкерлерге салық салу мәселесін талқылады.

Жиын барысында кәсіпкерлер оңайлатылған декларацияда жұмыс істейтін кәсіпкерлерді ҚҚС төлеуші ретінде тіркеу жөніндегі талаптан босату мәселесін көтерді. Кәсіпкерлердің пікірінше, оңайлатылған декларация мен ҚҚС бойынша міндетті тіркеудің түрлі шегінің әрекеті онсыз да күрделі салық салу жүйесін қиындатады.

«Біз шатасып кеттік – оңайлатылған декларация бойынша шекті табыс жарты жылда – 24 000 АЕК, жылына 48 000 АЕК. Ал ҚҚС бойынша шек 20 000 АЕК-ті құрайды. Осылайша кәсіп жүргізуде біліктілігі аз кәсіпкерлер осыған бағдарланады – жылына 165 млн теңге. Олар осы шекті табыс деп, оңайлатылған режиммен жұмыс істей аламыз деп ойлайды. Бірақ ҚҚС бойынша шекті не ұмытып кетеді немесе мүлдем білмейді. Оның шегі былтыр 61 млн теңгені құрады, биыл – 69 млн теңге. Соның салдарынан кәсіпкерлер ҚҚС шегінен асып кетіп, 15 пайыздық әкімшілік айыппұл төлейді. Сондықтан біз мұндай тұзақ болмауын және оңайлатылған декларация қолданушылар ҚҚС-тан босатылуын қалаймыз», – деді «Атамекен» ҰКП жанындағы шағын және орта бизнеске салық салу жөніндегі қосалқы топтың басшысы Берік Зайыров.

Оның айтуынша, кейінгі үш жылда бірнеше ондаған мың кәсіпкер ҚҚС шегінен асып, тағайындалған айыппұлдар туралы хабарлама алған.

Бөлшек салыққа келетін болсақ, кәсіпкерлер «(кіріс - шығыс) *10% салық» формуласы бойынша жаңа опцияны ұсынды, қолданыстағы бөлшек салық сияқты шекті айналым қолданылады. Салық салудың бұл нұсқасы негізінен заңды тұлғалармен жұмыс істейтін кәсіпкерлерге пайдалы болады. Бұл ұсынысты барлығы да қолдады.

Кәсіпкерлер үшін бөлшек салық бойынша қызмет түрлерін кеңейту және заңнама деңгейінде бірыңғай салық мөлшерлемесін белгілеу мәселесінің өзектілігі де сақталады. Кәсіпкерлер талқылау барысында биыл бөлшек салық енгізу кезінде бюрократиялық кідірістер болғанын бірнеше рет атап өтті.

Жаңа Салық кодексінің жобасына ұсыныстарды талқылау осы жылдың соңына дейін жалғасатын болады. Салық заңнамасын жетілдіру бойынша өз ұсыныстарын жолдағысы келетін кәсіпкерлер ҰКП салық департаментіне мына электрон пошта арқылы жолдай алады: info@atameken.kz.

 

 

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер