astana-view

Кәсіпкерлердің құқығын қорғау кеңесі Мемлекеттік сатып алу туралы жаңа заң жобасын сынға алды

2023 жылғы 18 Шілде
5563 просмотров

Қазақстанда мемлекеттік сатып алудағы сыбайлас жемқорлық фактілері азаймай отыр. Жыл сайын мыңдаған бұзушылық анықталады. Былтырдың өзінде камералдық бақылау Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 207-бабы бойынша мемлекеттік сатып алудың 32 мың рәсімінде бұзушылықты анықтады. Сондай-ақ, өткен жылы бұл салада 7,4 мыңға жуық әкімшілік іс қозғалып, 774,3 млн теңге айыппұл салынды.

Мемлекеттік сатып алу саласындағы осы және өзге бұзушылықтар туралы «Атамекен» ҰКП Кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңесте айтылды. Отырысқа Қайырбек Сүлейменов төрағалық етті.

2023 жылдың басынан бастап Ұлттық палатаға әртүрлі өңірден, оның ішінде Абай және Қызылорда облысының кәсіпкерлерінен шағым түсті. Олар мемлекеттік коммуналдық кәсіпорындардың тарапынан болатын бұзушылықтарды мәлімдеді.

Мұндай кәсіпорындардың басшылығы кәсіпкерлерге жеткізілген тауарлар мен жұмыстарға ақы төлеуді тоқтатқан, салдарынан бизнес шығынға батқан. Сөйтсе заң банкроттық сатысында тұрған тапсырыс берушілердің мемлекеттік сатып алуын жүргізу кезінде тауарларды, жұмыстарды және қызметтерді жеткізуші кәсіпкерлерді қорғамайтын болып шықты.

Бірақ бұл кәсіпорындар заңның шектеуіне сәйкес міндетін орындай алмайтынын біле тұра, тіпті соттың шешімі бола тұра, мемлекеттік сатып алу рәсімдерін жасаған.

Сондай-ақ, кеңесте мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманың жетілмегенін ескере отырып, бұзушылықтарды жою мақсатында ел президенті 2022 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында мемлекеттік сатып алудың сапалы жаңа жүйесін құруды және жаңа заң әзірлеуді тапсырғаны атап өтілді.

Қазақстан Тәуелсіздігінің отыз жылында мемлекеттік сатып алу туралы бірнеше дербес заң қабылданды, алайда олар экономиканың осы сегментіндегі сыбайлас жемқорлықты жоя алмады.

«1997 жылы әзірленген Мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманың тұжырымдамасы сыбайлас жемқорлық проблемаларын және мемлекеттік сатып алу саласының тиімділігін шешпейді. Бұл тұжырымдама биыл Қаржы министрлігі әзірлеген мемлекеттік сатып алу туралы заң жобасында қайта жаңартылды», – деп атап өтті Қайырбек Сүлейменов.

Мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманың осалдығы – мемлекеттік сатып алудың барлық негізгі бағыты мен сатысын бір мемлекеттік органның құзыретіне шоғырландыруы. Яғни, бір мемлекеттік орган сатып алу саласындағы мемлекеттік саясатты жасайды, оның құқықтық регламенттелуін айқындайды, сатып алуды ұйымдастырады және өткізеді, тауарларды сатады, ал соңында осы кезеңдердің заңға сәйкестігін өзі бақылайды.

Кеңес мүшелерінің пікірінше, Қаржы министрлігі әзірлеген мемлекеттік сатып алу туралы жаңа заңның жобасы, мемлекеттік сатып алуды реттеуді жақсартпайды. Одан қалды іс жүзінде осы салада сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің қалыптасуы мен дамуын растаған жүйелі құқықтық қақтығыстарды қамтиды.

«Бұл жоба тек ведомстволық шоғырлануды күшейтеді. Сонымен қатар, Ұлттық палатаның заң жобасына қатысты ескертулерін Қаржы министрлігі толық назарға алмады», – деп атап өтті «Атамекен» ҰКП Реттелетін сатып алу департаментінің директоры Руслан Шоқаев.

Кеңес барысында Үкімет пен Қаржы министрлігіне, сондай-ақ Абай және Қызылорда облыстары бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаменттеріне бірқатар ұсыныс айтылды.

«Осылайша, заң мүдделердің ұйымдық қақтығысын тудырады, яғни қызмет көрсететін ұйым бұл қызметтерді бейтарап көрсете алмайды. Сондықтан оған жүктелген функцияларды орындауы мүмкін емес», – деп қорытындылады Қайырбек Сүлейменов.

Сонымен қатар, әкімдіктердің лауазымды тұлғаларының заң бұзушылығына қатысты Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Абай және Қызылорда облысындағы департаменттеріне коммуналдық кәсіпорындардың лауазымды тұлғаларының іс-әрекеттеріне құқықтық баға беру туралы ұсынымдар жолданды.

 

«Атамекен» ҰКП Кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңес отырысының материалдары ҚР Үкіметінің Аппаратына және Бас прокуратураға жіберіледі.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер