astana-view

Астанада «Жалпыға міндетті білім беру» бағдарламасына отандық тауар өндірушілер қатыспайды

2023 жылғы 14 Тамыз
7439 просмотров

 Биыл отандық мектеп формасын өндірушілер «Жалпыға міндетті бірдей білім беру» бағдарламасына мектеп жәрмеңкелері деңгейінде ғана қатыса алады. ҚР Білім министрлігі  биыл «Әлеуметтік әмиян» сервисінің орнына жобаны монетизациялау және білім алушылардың белгілі бір санаттарына ақшалай  материалдық көмек көрсетуді таңдады. Бұл тәсіл отандық мектеп формасын өндірушілерге жобаға толық көлемде қатысуға мүмкіндік бермейді деп санайды «Атамекен» ҰКП мамандары.

ҰКП Өнеркәсібі департаментінің директоры Алмат Асқардың айтуынша, мектеп формасын тігуде отандық тауар өндірушілерді қолдау құралдары жеткіліксіз және одан әрі пысықтауды талап етеді.

«Отандық тауар өндірушілер өзінің өндірістік қуатын арттыра алады. Елордада 2019-2021 жылдар аралығында өткен «Жалпыға міндетті білім беру» жобасы соған дәлел. Егер 2019 жылы осы бағдарламаға ел ауқымында 9 отандық өндіруші қатысса, 2020 жылы – 16 өндіруші, ал 2021 жылы 18 өндіруші қатысқан. «Әлеуметтік әмиян» сервисі сатып алушыларға жеткізушілердің тауарлары мен сауда нүктелерін, төлемдер тарихын қарап шығуға, сондай-ақ әлеуметтік карточкадағы ақша қалдығын тексеруге мүмкіндік берді», – деді Алмат Асқар.

Спикердіі айтуынша, Президенттің «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» жолдауын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарының 52-тармағына сәйкес ҚР Білім министрлігі отандық тауар өндірушілерден мемлекеттік тапсырыс есебінен мектеп формасын сатып алу механизмін әзірлеп, іске асыруы тиіс еді. Алайда, бұл тапсырма осы оқу жылында іске асырылған жоқ.

 «Мектеп формасын өндірушілер ата-аналарға сапалы тігілген жейделер, блузкалар, сарафан, костюм (пиджак, кеудеше, шалбар немесе белдемше), кеудешелер, жемпір, спорт киімін, сондай-ақ аяқ киімді жақсы бағада ұсына алады. Өз кезегінде, отандық өндірушіден мектеп формасын сатып алу арқылы жеңіл өнеркәсіп саласында жаңа жұмыс орындары құрылады, елдегі сатылымның ашықтығы артады, салық түсімдері өседі. Жалпы, қазақстандық өндірушілердің сатылатын сапалы өнімдерінің санын арттыруға мүмкіндік береді. Ең бастысы, ақша елде қалып, экономикамызға жұмыс істейтін болады», – деп толықтырды ҰКП өкілі.

Айта кету керек, бұған дейін толыққанды бағдарламаның орнына Астана мен басқа өңірлерде отандық тауар өндірушілердің қатысуымен мектеп жәрмеңкелері өтеді. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы салалық қауымдастықтармен бірлесіп, өңірлер бөлінісінде мектеп киімін өндірумен айналысатын отандық тауар өндірушілердің тізілімін ұсынды.

Өңірлердің әкімдіктері ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен бірлесіп кесте белгіледі, оған сәйкес бүкіл ел бойынша 140-қа жуық мектеп жәрмеңкесі ұйымдастырылатын болады.

Өңірлер бойынша мектеп жәрмеңкелері өтетін мекенжайлардың тізімін мына сілтемеден көруге болады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер