Қазақстандық фермерлер қытайлық әріптестердің АӨК саласындағы техникалық шешімдеріне қызығушылық танытты
Агроөнеркәсіп саласындағы қазақстандық бизнес ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу үшін Қытай жабдықтары мен технологияларын пайдаланатын болады. Сондай-ақ Қытайдағы қазақстандық өнімдерді өткізу нарықтарын кеңейтеді.
«Атамекен» ҰКП төралқа төрағасы Райымбек Баталов ACFIC жанындағы агроөнеркәсіп палатасының кәсіпкерлер делегациясымен кездесті.
Кездесудің мақсаты – қазақстандық және қытайлық АӨК кәсіпорындары арасындағы өзара іс-қимылды жолға қою және тереңдету.
«Басты міндет – отандық бизнеске жобаларды іске асыруға көмектесу. Біз көрші елмен бизнестегі жобалар арасындағы қарым-қатынастың жоғары деңгейіне шығып жатырмыз. Ұлттық палатаның инфрақұрылымы, әр ауданда өкілдігі бар, сондықтан жобаларға сүйемелдеу көрсете алады. Қазір әр өңірде интерактивті карта әзірленіп, онда Инвестициялық жобалар тізілімі болады. Оны «Атамекен» ҰКП жүргізеді», – деді Райымбек Баталов кездесуде.
Әрі қарай спикер агроөнеркәсіп кешенінің бір бағытына тоқталып, қазақстандық тауар өндірушілерге ауыл шаруашылығы саласындағы өнімділікті арттыруға байланысты қытайлық әріптестердің техникалық шешімдері қызықты екенін атап өтті.
«Бізде АӨК-нің барлық бағыты бойынша үлкен әлеует бар. Біз қайта өңдеушілеріміздің серіктестер тауып, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу бойынша бірлескен кәсіпорындар құруына мүдделіміз. «Атамекен» ҰКП отандық және қытайлық бизнесмендер үшін диалог алаңы болады», – деп атап өтті «Атамекен» ҚР ҰКП Төралқа төрағасы.
Кездесу барысында дәнді және майлы дақылдарды терең өңдеу саласындағы агросекторға арналған жабдықтар, сондай-ақ мал шаруашылығы мен қой шаруашылығы өнімдерін жеткізу жөніндегі жобалар талқыланды. Қазақстанда дәрілік шөптер, тыңайтқыштарды қайта өңдеу, жеміс-көкөніс дақылдарын өсіру және қайта өңдеу бойынша үлкен әлеует бар екені атап өтілді. Ауылдық жерлердегі қалдықтарды кәдеге жарату және қайта өңдеу бірлескен бизнес үшін де қызықты бағыт болды.
«Атамекен» ҰКП төрағасының орынбасары Ербол Есенеев қытайлық әріптестеріне АӨК-тің әр саласы туралы айтып, АӨК саласындағы қауымдастық басшыларын таныстырды.
Хiahe Anduo Investment Co., Ltd. төрағасы Ли Шэнлун Қазақстан мен Қытай арасындағы өзара тиімді ынтымақтастыққа қызығушылық танытқаны үшін алғысын білдіріп, Қазақстанның агроөнеркәсіп кешені саласында әлеуеті өте зор екенін, ал Қытай компаниялары қазақстандық бизнеспен өзара іс-қимылды ілгерілетуге мүдде танытып жатқанын атап өтті.
«Біздің бірлескен қызмет жоспарларымыз бар. Біз Қазақстанда ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу бойынша бірлескен кәсіпорындар ұйымдастырып, одан әрі өнім экспорты мәселелері бойынша жұмыс істей аламыз», – деді Ли Шэнлун.
Қытайлық кәсіпкерлер өз компанияларының АӨК саласындағы қызметін таныстырып, бірлескен жобалар іске асатынына үміт білдірді.
Сонымен қатар, 2022 жылдың қорытындысы бойынша ҚР мен ҚХР арасындағы ауыл шаруашылығы өнімінің тауар айналымы 781,2 млн долларды құрады, оның ішінде Қытайға экспорт 545,3 млн доллар болды.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: