astana-view

Медициналық қызметтерді сатып алудың жаңа қағидалары жеке сектордың дамуына кедергі болуы мүмкін

2023 жылғы 24 Тамыз
6646 просмотров

Медициналық бизнес-қоғамдастық дабыл қағып жатыр:  Денсаулық сақтау министрлігі Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорымен бірлесіп, медициналық қызметтерді сатып алу қағидаларына өзгерістер енгізілетін бұйрық жобасын әзірледі. Кәсіпкерлер осы өзгерістер медициналық қызметтердің халыққа қолжетімділігіне тікелей әсер етіп, жеке денсаулық сақтау секторын дамытуға елеулі кедергілер келтіреді деп алаңдайды.

         Әсіресе мынадай үш өзгеріс аталып отыр:  

  1. ТМККК/МӘМС шеңберінде қызметтерді сатып алуға рұқсат беру үшін жаңа Алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдарына (МСАК) кемінде 10 000 адам мөлшерінде тіркелген халықтың ең аз санын белгілеу;
  2. ТМККК/МӘМС шеңберінде күндізгі стационарлар қызметтерін сатып алуға рұқсат беру үшін бекітілген халықтың міндетті түрде болуын белгілеу;
  3. Алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдары бірлесіп орындауға беретін консультациялық диагностикалық қызметтер көлемінің шегін белгілеу (аудандар үшін – келісімшарттың жалпы сомасының 60%-ы, қалалар үшін – сатып алу келісімшартының жалпы сомасының 50%-ы, облыстар үшін – 30%-ы).

   Кәсіпкерлер сатып алуға қатысу үшін алғашқы медициналық-санитарлық көмектің жаңа ұйымдарына тіркелген тұрғындар санын ең кемі 10 мың адам деп белгілеуге қарсы. Олар мемлекеттік органдар мұндай сан қайдан алынғанын түсіндіруді сұрады.

«Бөлу кезінде моноқалалар неге қарастырылмады? Біздің Арқалықта небәрі 25 мың тұрғын бар. Біздің емханаға бес мыңға жуық адам тіркелген. Бізге 10 мың адам тіркеу мүмкін емес. Осы көрсеткішке жету үшін тіпті 2-3 жыл уақыт берсеңіз де мүмкін емес көлем. Осындай нормалар белгіленсе, онда моноқалалардағы медициналық жеке сектор жойылады. Мысалы, біз алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымын ашу үшін Ақмола облысының Есіл ауданын қарастырдық. Бірақ онда небәрі 8 мың адам тұрады. Демек жаңа қағидаларға сәйкес алғашқы медициналық-санитарлық көмектің жаңа ұйымдары онда ашылмайды, ал жұмыс істеп жатқандары 2-3 жылда 10 мың адамды тіркей алмайды. Сонда монқалаларда алғашқы медициналық-санитарлық көмектің ұйымдары жабыла ма? Халық амбулаториялық көмекті қалай алады, бәсекелестік орта қалай дамиды? Неліктен есеп айырысу кезінде моноқалалар қарастырылмаған? Неліктен барлығы ортақ шеңберге қойылды?», – деп сауал қойды медициналық орталықтардың бірінің құрылтайшысы Сәбит Әбдіқадырұлы.

 

«Primary Health Care» ұлттық қауымдастығының атқарушы директоры Инна Стратулат жаңашылдық жұмыс істеп тұрған алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарының іріленуіне және кеңеюіне әкелетінін атап өтті. Өзгерістердің нәтижесі қолданыстағы денсаулық сақтау инфрақұрылымының бұзылуына апарады. Өйткені дәрігерлік амбулаториялар мен алғашқы медициналық-санитарлық көмектің шағын орталықтары жойылады.

«Республикалық маңызы бар қалаларда бәсекелестік бар. Алматыда 19 жеткізуші, Астанада 15 жеткізуші, Шымкентте 13 жеткізу ұйым бар. Оларда 10 мың адам тіркелмеген. Бұл ұйымдар қалай іріленеді? Екі мың адамды 10 мың адамға жеткізуші үшін бір жыл да жетпейді. Еркін таңдау жойылады. Бірақ мемлекеттік құрылымдардың Денсаулық сақтау басқармаларының бұйрықтары арқылы өз аумағын қайта бөлуге қаншалықты дайын және қабілетті екеніне күмәнім бар. Себебі халықты жеке секторға қайта бөлуге ешкім мүдделі емес», – деді спикер «Атамекен» Ұлттық палатасының алаңындағы өзгерістерді онлайн талқылау барысында.

Инна Стратулат медициналық ұйымдарды ірілендіру үшін қосымша қуат, қаржы және кадр ресурстары керек екенін айтты. Алайда қазір оған жеткізушілердің қаржылық мүмкіндігі жоқ.  

Сонымен қатар, кәсіпкерлер ТМККК/МӘМС шеңберінде күндізгі станционарлар қызметтерін сатып алуға рұқсат беру үшін бекітілген халықтың міндетті түрде болуын белгілеу мәселесін көтерді.

Бұл норма пациентке медициналық қызметтерді еркінен тыс тұрғылықты жері бойынша алуды міндеттейді. Кәсіпкерлер бұл шара медицина саласындағы жеке сектордың дамуына кедергі келтіреді,  стационарды алмастыратын көмекке қол жетімділікті едәуір қиындатады деп санайды. Енді күндізгі стационарлар алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарына тәуелді, олар жүктеме мен төсек-орын тапшылығының жоғарылауына қарамастан, өзінің қаржылық мүддесін қорғау үшін пациенттерге үшінші тарап күндізгі стационарларына жолдама беруге құлықсыз болады.

«Мемлекеттік сатып алу қағидалары жобасы бойынша тіркелген пациенттері жоқ күндізгі стационарлар ТМККК/МӘМС жүйесінен түсіп қалайын деп тұр. Мұндай 239 ұйым бар. Бұл шара алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдары үшін қосымша жүктеме. Өйткені оларға күндізгі стационарларды ұйымдастыруға тура келеді. Сонымен қатар, егер диспансерлік есеп картасы қызметтерін орындауға беру көлемінің шегі белгіленетін болса, онда бұл тағы да бүгінгі таңда қаржылық қиындықтарға тап болған және несие қарызы бар МСАК-қа қаржылық ауыртпалық түсіреді. ҚР ДСМ мен әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының ұсынылған жаңалықтарының қорытындысы медициналық көмектің қолжетімділігін төмендету, бәсекелестікті шектеу және «үйдегі дәрігер» қағидатын сақтау мүмкін емес болады. Сондықтан Ұлттық палата ҚР ДСМ ұсыныстарына қарсы, осыған байланысты ҰКП осы мәселелерді ҚР премьер-министрінің орынбасары деңгейінде қарауға шығарды», – деді «Атамекен» ҰКП медициналық қызметтер департаментінің басқарушы директоры Назгүл Қабдрахманова.

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының өкілдері бизнестің ұсыныстарын «медицинаны дамыту тұрғысынан» қарайтынын атап өтті.

«Медициналық сақтандыру қоры бизнесті дамыту институты емес. Медициналық сақтандыру қоры – елдегі медицинаның дамуы. Қор кәсіпкердің қандай шығындарға ұшырайтынын ойлап отырмайды. Біз денсаулық сақтауды дамыту үшін жұмыс істейміз. Ұсыныстарды осы тұрғыдан қарастыру қажет», – деп қорытындылады «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ басқарма төрағасының орынбасары Айдар Нұралиев.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер