astana-view

Президент орта бизнесті дамыту және негізгі проблемаларды шешу кешенін ұсынды – Тимур Нақыпбеков

2023 жылғы 04 Қыркүйек
2577 просмотров

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы жолдауы бизнестің жүйелі мәселелерін айқындады. Әсіресе, өсу қарқыны төмен орта бизнесті дамытуға және негізгі проблемаларды шешуге бағытталған өзгерістер кешені. Президент жолдауына қатысты мұндай пікірді «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Тимур Нақыпбеков білдірді.

«Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жолдауда әдеттегідей бизнестің дамуына көп көңіл бөлді. Әсіресе, өсу қарқыны төмен орта бизнесті дамытуға және негізгі жүйелі мәселелерді шешуге бағытталған өзгерістер кешенін атап кетті», – деп жазды Ұлттық палата өкілі Фейсбук желісіндегі парақшасында.

Тимур Нақыпбековтің айтуынша, Мемлекет басшысы бұл мәселелерді текке көтерген жоқ. Бұл – Үкімет, Ұлттық палата және жергілікті атқарушы органдардың ел кәсіпкерлерімен кездесуінде көтерілген мәселелер.

«Естеріңізге сала кетсем, біз өткен жаз айларында үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың еліміздің барлық өңіріндегі белсенді орта бизнес өкілдерімен кездесуін өткізген болатынбыз. Кездесулерде бизнес тарапынан 50-ге жуық жүйелі мәселе көтеріліп, кәсіпкерлердің салалық ұсыныстары талқыланды. Осы кездесулердің қорытындысымен, барлық көтерілген мәселе сараланып, Президент ұсынған Жолдаудан орын тапқанын көрдік», – деді басқарма төрағасының орынбасары.

Тимур Нақыпбеков Жолдауда «су үнемдеу жүйелерін енгізу, қаржылық ресурстардың қол жетімділігін арттыру, туризм саласында ұтымды жобаларды қолдау, агроөнеркәсіптегі өңдеуді арттыру, ет, сүт бағыттарын дамыту, көлік-логистика саласын реформалау, отандық кәсіпкерлер мен инвесторлардың салық жүйесін әрі қарай оңтайландыру сияқты жүйелі мәселелерге көңіл бөлу тапсырылғанын» атап өтті.

Президент елдегі су тапшылығына айрықша ден қойып, мәселені тез әрі тиімді шешу үшін Су ресурстары және ирригация министрлігін құруды тапсырды.

«Жыл өткен сайын халқымыздың саны да, экономикамыз да өседі. Бұл – қалыпты құбылыс. Сол себепті 2040 жылдарға қарай Қазақстандағы су тапшылығы 12-15 миллиард текше метрге жетуі мүмкін. Жалпы, біз – трансшекаралық су көздеріне тәуелді елміз. Еуразия құрлығындағы өзендер мен каналдар – баршамызға ортақ табиғат байлығы. Осы су көздері біздің халықтарымызды, экономикамызды жақындастырады. Сондықтан көршілес әрі достас елдермен бұл мәселе бойынша әрдайым өзара түсіністікке және келісімге келу керек», – деді Президент.

Палата маманы Мемлекет басшысының «әсіресе, су саласындағы арнайы министрлікті құру бастамасы ауыл шаруашылығына ауадай қажет мәселе еді» деп атап өтті.

Сондай-ақ, Тимур Нақыпбеков Жолдауды жүзеге асыру бойынша мемлекеттік органдар мен «Атамекен» палатасының алдында тиісті мақсаттар қойылғанын жеткізді.

«Ендігі мақсат, айтылған мәселелерді тиімді жүзеге асыру. Жолдауды жүзеге асыру бойынша Үкіметтің бірінші отырысы өтіп, мемлекеттік органдар мен «Атамекен» палатасының алдында тиісті мақсаттар қойылды», – деп түйіндеді Ұлттық палата өкілі.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер