astana-view

ДСМ жаңа қағидалары бизнеске кедергі келтіруі мүмкін

2023 жылғы 11 Қыркүйек
8075 просмотров

Денсаулық сақтау министрлігі Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорымен бірлесіп, бұйрықтың жобасын әзірледі. Оның шеңберінде медициналық қызметтерді сатып алу қағидаларына өзгерістер енгізу жоспарланып отыр.

Медицина саласында жұмыс істейтін кәсіпкерлер мен «Атамекен» ҰКП сарапшылары жаңа нормалар халыққа медициналық қызметтердің қолжетімділігіне тікелей әсер етіп,  денсаулық сақтаудың жеке секторын дамытуға кедергілер болуы мүмкін деген мәселені бірнеше рет көтерді. Кәсіпкерлерді қолдау мақсатында ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің сарапшылары да пікір білдірді.

«Бұл мәселе жайында хабардармыз, тиісті хатты Денсаулық сақтау министрлігіне жолдадық. Сондай-ақ ертең хабарландырулар, ұйғарымдар, тергеулер, сот процестерін болдырмау үшін ӘСМҚ-ға хатынымызбен танысуды сұраймыз. Бұйрық жобасы бізбен келісілуі керек. Мәселе өте өзекті және премьер-министрдің орынбасары, «Атамекен» ҰКП, бизнес-қоғамдастықтың, енді біздің де жіті бақылуымызда», – деді ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Қаржы нарықтары және өзге де салалар департаменті директорының орынбасары Тимур Отаршинов.

Спикер жаңа норма ескертулерді назарға алмай енгізілетін болса, онда Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі мұны «Монополияға қарсы заңнаманы бұзу» ретінде қабылдайтынын айтты.

Еске салсақ, Денсаулық сақтау министрлігінің жаңа қағидалары бойынша жаңа медициналық ұйымдар ТМККК/МӘМС шеңберінде базаға кемінде 10 мың пациентті тіркеген жағдайда ғана қызметтерді сатып алуға жіберілетін болады. Бұл іс жүзінде мүмкін емес.

Бұдан басқа, бірлесіп орындауға берілетін консультациялық диагностикалық қызметтер көлемінің шегін белгілеу мәселесі ашық күйінде қалып отыр. Жаңа қағидалар медициналық-санитариялық алғашқы көмек (МСАК) ұйымдарын клиникалық-диагностикалық бөлімшелерді ашуға міндеттейді. Олар мұндай бөлімшелерді қолданыстағы стандартқа сәйкес ашуға міндетті емес.

«Бүкіл әлемде мойындалған медициналық-санитариялық алғашқы көмектің қолданыстағы жүйесін бірден түбегейлі өзгертуге болмайды. Бизнес өзгеріске дайын, бірақ өзгерістерді кезең-кезеңмен енгізу керек.  Қазіргі кезде 257 жеке медициналық ұйымның 219-ында кеңейтілген клиникалық-диагностикалық бөлімшелер жоқ. Бұл дегеніміз халыққа қолжетімді минус 219 ұйым. Бұл ретте 10 мың тіркелген пациенті бар жаңа орталықтар да пайда болмайды. Соңында не қалады?»,  – деді ҰКП өкілі.

 Сонымен қатар, Ұлттық палата мамандары Денсаулық сақтау министрлігімен күндізгі станционарларда бекітілген халықтың саны міндетті болуы жөніндегі талапты жою бөлігінде уағдаластыққа қол жеткізді.

ҚР ДСМ медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті директорының орынбасары Күлайым Біржанованың айтуынша, Денсаулық сақтау министрлігі бастапқы және қайталама буын мамандарының күндізгі стационарларға жолдама беру мүмкіндігін қарастыру үшін Стационарды алмастыратын көмек көрсету стандартына өзгерістер енгізуге дайын. Түзету енгізу шамамен екі айға созылады.

«Бұл ретте біз Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жалған тіркеу фактілерін анықтаған кезде экономикалық және әкімшілік ықпал ету шараларын қолдана отырып, ТМККК/МӘМС шеңберінде денсаулық сақтау субъектілерінен медициналық қызметтерді сатып алу шартының орындалу талаптарына мониторинг жүргізу қағидаларын басшылыққа алуды ұсынамыз», – деді Күлайым Біржанова.    


Еншілес ұйымдар

Серіктестер