astana-view

Офтейк және ұзақ мерзімді келісімшарттар өндірістерге тауарлардың жаңа түрлерін шығаруға мүмкіндік береді

2023 жылғы 13 Қыркүйек
5600 просмотров

Дереккөз: akorda.kz

Отандық өндіріс келісімшарттар жасау және озық сауда құралдарын енгізудің қолданыстағы механимздерін жетілдіру арқылы өндірісті локализациялау үлесін ұлғайтуға және тауарлар түрін кеңейтуге дайын. Осындай мәлімдемені ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесуде «Риддер тау-кен шахта жабдықтары зауыты» ЖШС құрылтайшысы Андрей Печенин айтты.

 Кәсіпкердің айтуынша, Қазақстанда отандық өнім өндірісін жолға қоюға болады. Атап айтқанда, өнеркәсіптік кәсіпорындардың қажеттіліктеріне арналған жабдықтар: ірі өнеркәсіптік компаниялардың отандық жабдықты сатып алуға сұранысы мен дайындығы бар. Тауарлар немесе жабдықтарды өндірудің технологиялық процесін жолға қою үшін жағдай жасалған: мамандар, білім, ғылыми-өнеркәсіптік кешендер бар, олардың көмегімен өнеркәсіптік кәсіпорындардың қажеттілігіне өнім өндіруді жолға қоюға болады.

 Спикер Риддер тау-кен шахта жабдықтары зауытын мысалға келтірді. Зауыт ТМК секторының көптеген кәсіпорны үшін технологиялық күрделі жабдықты өндіреді. 2018 жылдан бері зауыт ERG-мен 4,8 млрд теңгеден астам сомаға 188 келісімшар жасады. Келісімшарттардың басым бөлігі ұзақ мерзімді.

Кәсіпкердің айтуынша, ұзақ мерзімді келісімшарттарға қол қою отандық өндірушілерге өндірістік қуаттарын жоспарлауға, яғни ілеспе тәуекелдерді барынша азайта отырып, жұмыс көлемі және өнім шығару үшін қажетті шығындарды алдын ала есептеуге мүмкіндік береді.

 «Біздің тау-кен металлургиялық кешенмен ынтымақтастығымыздың тәжірибесін басқа да салаларға тарату керек. Атап айтқанда, мұнай және газ секторы, электр энергетикасы саласы, АӨК», – деді кәсіпкер.

 Алайда Қазақстанда өндірісті локализациялау үшін офтейк келісімшарттардың үлесін ұлғайту қажет. Бұл шара ұзақ мерзімді келісімшарттармен қатар өңдеу саласы үшін оң әсер етеді. Атап айтқанда, инвестициялық жобаларды іске асыруға ықпал етеді және жұмыс істеп тұрған өндірістерде тауарлардың жаңа түрлерін өндіруді ынталандырады.

 Кездесу барысында кәсіпкер сатып алу және технологиялар трансферті бойынша жаңа цифрлық платформа құру қажеттігін көтерді.

«Қазіргі кезде  маркетплейс, сатып алу аналитикасы және басқа да IT шешімдерін ұсынатын көптеген мемлекеттік және жеке цифрлық платформалар бар. Алайда, бірыңғай платформаның болмауы сатып алу процедураларын қиындатып, қолайсыздықтар тудырады. Сондықтан, отандық тауар өндірушілер өкілдерінің пікірінше, жоғарыда аталған функцияларды біріктіре отырып, сатып алу рәсімін едәуір жеңілдететін және отандық өндірушілерге шығарылатын өнімнің сапасын арттыру үшін жаңа заманауи құралдарды пайдалануға мүмкіндік беретін бірыңғай цифрлық платформа құру қажет», – деп қорытындылады спикер.

 Еске салсақ, Ақордада Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бизнес өкілдерімен жыл сайынғы кездесуі өтті. Оған туризм, АӨК, логистика, IT және өңдеу өнеркәсібі салаларынан 200-ге жуық кәсіпкер қатысты. Ал «Атамекен» ҰКП Төралқа төрағасы Райымбек Баталов Қазақстандағы кәсіпкерлік ортаны дамыту жөніндегі шаралар, инвестициялық жобалар, мемлекеттік сатып алу мен офтейк-келісімшарттарды дамыту жөніндегі жұмыстар туралы баяндады.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер