astana-view

«Құпия құжаттар» немесе мемлекеттік органдардың бизнес пен экономиканы дамуына кедергі келтіруі

2023 жылғы 20 Қыркүйек
7587 просмотров

Ұлттық палата бірнеше жыл бойы жер беру рәсімдерінің ашықтығы мен жер ресурстары туралы ақпараттың қолжетімділігін жеңілдету, осы саладағы цифрландырудың баяу дамуы туралы проблемаларды белсенді көтеріп келеді.

 «Ұлттық палата орталық және жергілікті мемлекеттік органдар, кәсіпкерліктің жекелеген субъектілері және салалық қауымдастықтармен белсенді жұмыс қорытындысы бойынша қазіргі проблемалардың негізгі себебі картографиялық ақпарат, аэроғарыштық суреттер, кеңістіктік деректер және координаттар жүйесін құпияландыру жөніндегі жүйенің ретсіздігінен орын алды деп санайды», –  деді «Атамекен» ҰКП Құрылыс және жер қатынастары департаментінің сарапшысы Дана Жараспаева.

 Сарапшының айтуынша, картографиялық және кеңістіктік ақпараттың «абсолютті құпиялылығы» азаматтар, бизнес және мемлекет үшін қаржылық, ұйымдастырушылық және әкімшілік шығындардың үлкен ауқымын тудырады. Бұл жайт жер қатынастары және табиғи ресурстарды пайдалану салаларында мемлекеттік қызметтерді цифрландыру және басқару жүйесін (кадастрларды) дамытуды тежейді. Мысалға Мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесі және Жария кадастр картасы, түрлі кадастрларының цифрлық жүйелері сияқты ақпараттық жүйелерді келтіруге болады.

 Ұлттық палатаның мамандары жыл сайын мемлекеттік қызмет көрсету немесе бюджеттік инвестициялық жобаларды іске асыруға мемлекеттік тапсырма нысанында картографиялық өнімнің сан алуан түрлерін жасау бойынша ұсыныстарды келіседі.  Картографиялық өнімдер шеңберінде мемлекеттік кәсіпорындарға түрлі «құпия» карталар жасауға көп миллиардтаған сома  бөлінеді.

«Жер ресурстарын басқару комитетін ауыл шаруашылығы цифрлық электрон карталарын жасауға  қаражат бюджет есебінен бөлінеді. Нәтижесінде бұл карталар «құпия» болады және ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің көбіне, халыққа қолжетімді болмайды. Мұндай «құпия» карталар Субсидиялаудың мемлекеттік ақпараттық жүйесі және электронды үкіметтің бизнеске арналған басқа да сервистерінде толық мөлшерде қолданылмайды», – деді Дана Жараспаева.

Спикердің мәліметінше, тура осындай жағдай геологиялық, топырақ және топографиялық карталарға қатысты деп айтуға болады. Мұндай «құпия» карталардан не бизнеске, не қоғамға пайдасы аз. «Құпиялылық» статусы мемлекеттік органдар үшін аргумент болып отыр, сонай-ақ, геодезия, картография және аэроғарыштық түсірілім қызметтері нарықтарында бәсекелестік пен жұмыстарды орындау үшін бизнес субъектілері үшін жасанды кедергіге айналған.

 «Қазіргі кезде Қазақстанда пайдаланушылардың кең ауқымына кеңістік ақпаратқа шектеусіз қол жеткізуді қамтамасыз ететін компаниялардан әртүрлі шетелдік онлайн карта қызметтері көп. Бұл сервистер мемлекеттік және жеке онлайн-сервистер, мобильді қосымшаларда пайдаланылады және Қазақстан азаматтары мен кәсіпкерлерінің күнделікті қолданысында. Бұл сөзімізге мобильді қосымшалар арқылы әрбір азаматқа қолжетімді Қазақстанның бүкіл аумағына жоғары егжей-тегжей ғарыштық түсірілімдер сервистері дәлел. Бірақ бұл ретте Қазақстан ішінде егжей-тегжей ғарыштық түсірілімдерді пайдалануға шектеу бар. Танымал сервистердің бәрі бизнес пен халыққа пайдалы болуына қарамастан оларды мемлекеттік ақпараттық жүйелерде пайдалануға  болмайды. Өйткені олардың заңдық статусы мен техникалық сипаттамалары жоқ», – деп атап өтті Жерді қашықтан зондтау қауымдастығының мүшесі Абзал Жамалов.

Ұлттық палата мамандары Үкімет уәкілетті мемлекеттік органдармен бірлесіп, Қазақстан Республикасының жер және табиғи ресурстарының басқа да түрлері саласындағы мемлекеттік қызметтер мен басқару жүйелерін цифрландыруды дамытуды  және кәсіпкерлік субъектілерін тиісті салаларда өзекті және шынайы ақпаратпен қамтамасыз ету үшін карталар мен кеңістік ақпараттың сан алуан түрлеріне қойылатын құпиялылық жөніндегі талаптарды қайта қарап, оңтайландыруы қажет деп санайды.

 Еске салсақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жолдауы мен бизнес өкілдерімен кездесуінде шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуды қолдау жөніндегі маңызды міндеттерді белгілеу, осы мәселені қамтамасыз етудегі Үкіметтің белсенді рөлі, сондай-ақ цифрландыруды кеңінен енгізуді үнемі атап өтеді. Қазақстанда шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту үшін жер және табиғи ресурстар туралы өзекті және шынайы ақпараттың қолжетімділігі басты рөл атқарады. Дегенмен, қазіргі кезде бұл шараға қол жеткізуде көп шектеу бар.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер