astana-view

ҚҚС мөлшерлемесін көтеру отандық тасымалдаушылардың бәсекеге қабілеттілігін төмендетеді

2023 жылғы 25 Қыркүйек
- Ақтөбе облысы
7002 просмотров

Мұндай позицияны «MR – Logistic Group» ЖШС директоры Рустам Мартасов айтты.

Өңірлік кәсіпкерлер кеңесінің отырысында  Ақтөбе облысы кәсіпкерлер палатасының Көлік және логистика салалық кеңесінің төрағасы ретінде Рустам Мартасов тасымалдаушылардың пікірін білдірді.

Кәсіпкер қосылған құн салығының мөлшерлемесі өсіру шығындардың ұлғаюы, автопаркті жаңартудың мүмкін еместігіне алып келетінін айтты. Ол бұл жайт отандық тасымалдаушыларды бәсекеге қабілетсіз етеді деп санайды.

 «ҚҚС-тің өсуі Қазақстан аумағындағы барлық тасымалдаушыға кері әсерін береді. Біріншіден, сырттан импортталатын автоөклік қымбаттайды. Демек шығын өседі. Сонымен қатар автопарктерді жаңарту үрдісі баяулайды. Екінші мәселе, біз кәсіпкерлердің, тасымалдаушылардың шығынын арттырамыз. Отандық нарықтың басым бөлігі халықаралық тасымалдарды орындап жүр, бұл нарықтарда Қазақстан белсенді қатысушы емес әрі бағаларды белгілемеді. Демек, нарықтың өзі бізге баға белгілеп отыр. Ал ҚҚС мөлшерлемесі көтерілсе,  сәйкесінше жанармай, сервис қызметтері, қосалқы бөлшектер де қымбаттайды. Осындай жағдайда бизнесті сақтау қиынға соғады. Салықты саралап, қандай да бір жағдай жасау керек», – деп түсіндірді Көлік және логистика салалық кеңесінің төрағасы.

 Бұл ұсынысты көпшілік қолдады.

«Тұтыну тауарлары, медициналық тауарлар мен қызметтер, білім беру секторы, коммуналдық қамтамасыз ету секторына 0%-дан 10%-ға дейін ҚҚС сараланған мөлшерлемелерін қарауға енгізу қажет деп санаймын. Бұдан басқа, қолданыстағы субсидиялау бағдарламаларына талдау жүргізу, бұрын берілген субсидиядан мемлекет үшін салықтар, экономикалық және әлеуметтік пайданың қайтарылуына мониторинг жүргізу қажет. Сонымен қатар, шикізат экспорты бойынша ұсыныс бар. Оның ҚҚС ставкасы 0%-ды құрайды, ал жеңілдетілген салық режимінде олар бюджеттен ақшаны қайтарады. Бюджет ақшасы экспортқа бағдарланған мұнай және газ кәсіпорындарына ҚҚС төлеуге жұмсалады. Таза шикізат экспорты үшін ҚҚС мөлшерлемесін белгілеп, елде қайта өңдеуді жүзеге асыратын кәсіпорындар үшін мөлшерлемені төмендетуді қарастырып көрейік, – деп ұсынды индустрия, сауда және қызмет көрсету салалық кеңестерінің мүшесі Виктория Исарова.

 «ҚҚС бәрібір көтерілетін болса, мөлшерлемені кезең-кезеңмен ұлғайту және сараланған әдісті қолдануды ұсынамын. Мысалы, өндірісті жаңғыртуға және кеңейтуге одан әрі инвестициялаған  жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарын ҚҚС-тан босату керек», – деді Жеңіл өнеркәсіп қауымдастығының вице-президенті, «Глобал-Спецодежда» тігін кәсіпорнының жетекшісі Надежда Шабаева. – Өйткені ҚҚС мөлшерлемесін көтеру отандық тауарлар бағасының өсуіне әкеледі. Соның салдарынан жергілікті өнім бәсекеге қабілетсіз болады. Ал сұраныстың төмендеуі отандық  өндіріс көлемінің төмендеуіне әкеледі. Бизнес «көлеңкеге» түседі, ал өңдеу өнеркәсібіне мемлекеттің қолдауы болмаған жағдайда өндіріс жабылады».

 Еске салсақ, кәсіпкерлер арасында мұндай наразылық толқыны Ұлттық экономика министрлігінің ҚҚС мөлшерлемесін 2025 жылдан бастап 12%-дан 16%-ға дейін көтеру туралы бастамасынан кейін болды. Бұл бастама Президенттің салық заңнамасын оңайлату және орта бизнес кәсіпкерлерінің қатарын ұлғайтуға қатысты жақында кәсіпкерлермен кездесуі барысында айтылған тапсырмаларымен үндеспейді.

«Ұлттық экономика министрлігі ҚҚС-ті өсіруге реттеушілік әсерді талдауын бермеді. Ел бюджетін ҚҚС-ті көтеріп емес, басқа тәсілдермен, соның ішінде мемлекеттік шығындарды оңтайландыру арқылы толтыруды ұсынамын», – деп атап өтті Ақтөбе облысы ӨКП өңірлік кеңесінің мүшесі Марат Итеғұлов.

«Бюджет қаражатын толықтыруды тауарлар мен терең өңделген өнімдердің экспорттық операцияларынан іздеу қажет. Ол үшін таза шикізатты экспорттамай, өңдеу дәрежесі жеткілікті өңдеуші кәсіпорындарды дамыту үшін жағдай жасау қажет», – деп толықтырды «Epsilon Group» ЖШС өндіріс жөніндегі директоры Айдос Жамидолла.

 Кәсіпкерлер салықты өсірмей,  қолданыстағы салықты жинау бойынша жұмысты күшейтуді ұсынды.

Айта кетейік, «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы (Салық кодексі)» ҚР кодексінің жобасы шеңберінде ҚҚС мөлшерлемесін көтеру туралы мәселені талқылау Ақтөбе облысының Өңірлік кәсіпкерлер кеңесінің отырысы барысында өтті. Шара барлық салалық және аудандық кәсіпкерлер кеңестерінің мүшелерінің қатысуымен өтті.

Кездесу қорытындысы бойынша кәсіпкерлердің барлық ұсыныстарын жинақтап, ҚР Үкіметімен талқылау және қарау үшін «Атамекен» ҰКП орталық аппаратына жіберу туралы шешім қабылданды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер