Мемлекеттік органдар тарапынан бизнеске түсетін қысым төмендемей тұр
Шығыс Қазақстан облысында Бірыңғай есеп беру күні барысында ШҚО Кәсіпкерлер палатасы директорының құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасары Әлия Мұқашева кәсіпкерлік қызметті мемлекеттік бақылау және қадағалау саласындағы өзекті мәселелерді айтты.
2023 жылғы 28 қыркүйекте Шығыс Қазақстан облысында өңір басшысының орынбасары Дархан Сапановтың төрағалығымен бизнес-қоғамдастық алдында бақылау-қадағалау органдарының Бірыңғай есеп беру күні өтті. ШҚО Кәсіпкерлер палатасының атынан Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдің өкілі Әлия Мұқашева баяндама жасады.
«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы он жыл бойы орталық мемлекеттік органдармен бірлесіп еліміздегі бизнес-ахуалды жақсарту бойынша жұмыс істеп келеді. Мемлекет басшысы бизнес-ахуалға реформалар қажет екенін бірнеше рет атап өтті, өйткені реттеу жүйесі әлі де қатаң, жазалаушы сипатынан арылған жоқ. Осы мақсатта «Атамекен» ҰКП Ұлттық экономика министрлігімен бірлесіп «таза парақтан» реттеуді іске асыру бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Бүгінде осы реформа аясында бизнеске қойылатын 10 мыңнан астам талаптың күші жойылды немесе қайта қаралды. Алайда, бизнеске түсетін әкімшілік қысымды төмендету бойынша қабылданып жатқан шараларға қарамастан, жекелеген мемлекеттік органдар тарапынан кәсіпкерлік субъектілерін әкімшілік процеске және сот дауларына негізсіз тарту орын алуда», - деп хабарлады Әлия Мұқашева.
Бизнес-омбудсменнің өкілі «Сот актілерінің банкі» базасының мониторингі барысында кәсіпкерлерді ескіру мерзімі өткен құқық бұзушылықтар бойынша әкімшілік жауапкершілікке жүйелі тарту фактілері анықталғанын атап өтті. Мониторинг барысында Өскемен қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы тарапынан бизнесті жауапкершілікке негізсіз тартудың 32 фактісі анықталды. Кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты қозғалған осы істерді Әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сот тоқтатты.
Талдау барысында бизнес субъектілерінен берешекті өндіріп алу туралы 1 944 заңсыз салық бұйрығы шығарылғаны анықталды (оның ішінде 692 орындалды және төленді), бұл атқарушылық іс жүргізуді негізсіз қозғауға және кәсіпкерлерге қатысты сот орындаушыларының берешекті өндіріп алу бойынша мәжбүрлеу шараларын қолдануына әкелді. Прокурорлық қадағалау актісі бойынша салық бұйрықтарының күші жойылды, кінәлі лауазымды адамдар тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
«Тағы бір мәселе - камералдық бақылау. Бақылаудың бұл түрі соңғы уақытта «танымал» болып тұр. Көптеген мемлекеттік органдар өз құзыретінде камералдық бақылау жүргізу құқығына ие болғысы келеді, дегенмен іс жүзінде бақылаудың бұл түрі объективті емес, ол салалар мен сфералар бойынша кеңейтілмейді. Бұл Палатаның түбегейлі ұстанымы, өйткені камералдық бақылау шеңберінде тексерілетін адам өзінің кінәсіздігін уақтылы дәлелдеу мүмкіндігінен айырылады, бұл ретте тәжірибе көрсеткендей, ештеңе шешілмейді», - деді Әлия Мұқашева.
ӨКП директорының орынбасары мемлекеттік органдардың назарын бақылау-қадағалау қызметінің репрессивтілігін төмендету қажеттігіне аударды. Ол статистикалық деректерді келтірді, оған сәйкес 2022 жылы мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау органдары бизнеске шамадан тыс қысым көрсеткен.
«2022 жылы мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау органдары 174 жеке кәсіпкерді жауапкершілікке тартты, нақты айтар болсақ, айыппұл салды, бұл ретте ескерту түріндегі жазаның баламалы түрлері қолданылған жоқ», - деді бизнес-омбудсмен өкілі.
Сонымен бірге ол өрт қауіпсіздігі және салық міндеттемелері саласындағы бақылау-қадағалау қызметінің репрессивтілігі төмендегенін атап өтті. Бірінші жағдайда ескерту ретінде балама ӘҚБтК-нің бір ғана бабында, ал екінші жағдайда – екі бабында ғана болса да, екі жағдайда да ескертулердің үлесі айтарлықтай жоғары - тиісінше 78,3% және 69,2%-ды құрайды.
«Азаматтар мен бизнестің құқығын қорғаудағы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің шешуші рөлін ерекше атап өткім келеді. Бүгінгі таңда ӘРПК – мемлекеттік органдардың кінәсінің презумпциясы, соттың белсенді рөлі және әділеттілік қағидаты сияқты түбегейлі жаңалықтарды қамтитын жалғыз заң. Дәл осы институттың арқасында кәсіпкерлерде мемлекеттік органдармен туындайтын дауларды әділ шешуге болады деген үміт, сенім пайда болды. ӘРПК шеңберінде Шығыс Қазақстан облысының соттары бүгінде шешімдердің шамамен 64%-н азаматтар мен кәсіпкерлердің пайдасына шығарады. Алайда, мемлекеттік органдар жоғарыда келтірілген статистикадан ешқандай сабақ алған жоқ, жұмыс әдістерін жетілдіруге тырыспайды да», – деді Әлия Мұқашева.
Қорытындылай келе, Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдің өкілі бақылау-қадағалау органдарының жұмысын құқық бұзушылықтардың салдарымен күресуге емес, олардың алдын алуға барынша шоғырландыру қажет екенін тағы да атап өтті.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: