astana-view

Медицина қызметкерлерінің кәсіптік жауапкершілігін сақтандырудың жаңа моделі таныстырылды

2023 жылғы 03 Қазан
7381 просмотров

Жеке медицина саласының өкілдеріне  «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заң жобасы кезекті рет таныстырылды. Жаңа заң шеңберінде медицина қызметкерлерінің кәсіптік жауапкершілігін сақтандыру жүйесін енгізу көзделген.

 Кәсіптік қауымдастықтардың өкілдері Денсаулық сақтау министрлігінің қызметкерлеріне сұрақтарын қойды. Атап айтқанда кәсіпкерлерді тәуелсіз сараптама комиссиясының жұмысы қызықтырды.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Ғылым және адами ресурстар департаментінің директоры Дәулет Алдоңғоровтың айтуынша, тәуелсіз сараптама комиссиясының сарапшылары пациенттерді қолдау және ішкі аудит қызметінің сұрауы бойынша сақтандыру жағдайының белгілері анықталған жағдайда ғана тартылатын болады. Комиссияның жиналыстары онлайн режимде де өтуі мүмкін.

«Заң аясында тәуелсіз сараптама комиссиясының сарапшылары ретінде қатысатын медицина қызметкерлері үшін ынталандыру компоненті ретінде біліктілік деңгейін беруді қарастырғымыз келеді. Яғни, комиссия жұмысына қатысқаны үшін сынақ бірліктері беріледі. Бұл бірліктер маманға санат берерде есептеледі.  Алдағы уақытта комиссия сарапшыларының жұмысын сақтандыру компаниялары іске асыратын болады»,– деді Денсаулық сақтау министрлігінің өкілі.

Спикер сақтандыру жүйесін енгізу бойынша жұмысқа салалар бойынша кәсіптік қауымдастықтарды белсенді тарту қажет екенін айтты.

«Қазақстанның медицина индустриясы» отандық медициналық бұйымдар, медициналық өнімдерді өндірушілер одағының атқарушы директоры Эрик Байжүнісов сақтандыру компаниясының сақтандыру жағдайы үшін төлем жасауы пациенттердің кейіннен қылмыстық істі ашу мүмкіндігімен сотқа одан әрі жүгінуіне кедергі келтірмейтініне алаңдаушылық білдірді.

Оның сұрағына Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының қор және сақтандыру секторын дамыту орталығының басқарушы директоры Ерлан Бурабаев жауап берді: «Медиациялық келесімде сақтандыру төлемін алғаннан кейін пациенттің медицина қызметкерінің кәсіптік қызметіне шағымы жоқ екені көзделетін болады».

Заң жобасында медициналық қоғамдастықты толғандыратын басты мәселелерінің бірі –  ҚР Қылмыстық кодексінің 317-бабын қылмыс деп танымау (медициналық немесе фармацевтикалық қызметкердің кәсіби міндеттерін тиісінше орындамауы).

«ҚР Үкіметі ҚР Қылмыстық кодексінің 317-бабының 2-бөлігін жеке-жария айыптау істеріне [ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 32-бабы] аударуды қолдамады. Кәсіптік жауапкершілікті сақтандыруды енгізіоһлген кезде медициналық қызметкерлерге қатысты қылмыстық істердің ұлғайып кету тәуекелі бар ма? Өйткені кәсіптік жауапкершілікті сақтандыруды енгізу шағымдардың өсуіне әкеп соғады ғой?» – деп Алматы қаласы клиникалар қауымдастығының атқарушы директоры Расул Дүйсенов өз сұрағын қойды.

Дәулет Алдоңғаровтың айтуынша, құқық қорғау органдары ҚР Қылмыстық кодексінің 317-бабының 1-бөлігін ғана жеке-жария айыптау істеріне ауыстыру қажеттігін қолдады (ҚР ҚІЖК 32-бабы).

«Сондай-ақ, ҚР ҚІЖК-нің 179-бабына шағым жіберілгеннен кейін ғана сотқа дейінгі тергеп-тексерудің басталуы мүмкін екені туралы өзгерістер енгізуге қолдау көрсетілді. Шағым болмаса, іс қозғалмайды. Пациенттер үшінші кезеңге, яғни құқық қорғау органдарына дейін жетпеуі үшін сақтандыру моделін пысықтау қажет», – деп жауап берді ҚР ДСМ өкілі.

Еске салсақ, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заң жобасын құру қажеттілігі Президенттің заң және қаржылық қорғау жүйесін әзірлеу және енгізу және медицина қызметкерлерінің жауапкершілігі туралы тапсырмасына байланысты туындады. Бұл заң жобасы ҚР Парламенті Мәжілісінде бірінші оқылымнан өтті. Заң жобасын пысықтау жұмыстары жалғасып жатыр.

 

 

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер