Салық жеңілдігі өңдеу саласын қалай құтқара алады?
Салық салу жөніндегі жұмыс тобының отырысында кәсіпкерлер Мемлекет басшысының жолдауын іске асыру аясында экономиканың жекелеген салаларын қолдау мәселелерін талқылады. Жиын барысында ең өзекті тақырыптар қарастырылды. Атап айтқанда, өңдеу өнеркәсібін ынталандыру, шағын бизнесті ірілендіру, өңірлерге салық мөлшерлемелерін қайта қарау мүмкіндігін мәслихат деңгейіне шығару.
«Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Тимур Жаркеновтың пікірінше, ұсынылған шараларға қойылатын басты талап – іске асатын және бизнес үшін пайдалы болуы тиіс.
Ұлттық палатаның сарапшысы Дастан Қазиев өңдеу өнеркәсібін ынталандыру үшін корпоратив табыс салығы бойынша – босату түрінде (терең өңделген өнім бойынша кірістер бөлігінде) жеңілдік жасау және төмендетілген мөлшерлемені қолдануды (өз өндірісінің өзге де өнімі бойынша кірістер бөлігінде) ұсынды. Сондай-ақ ҚҚС бойынша – Қазақстанда қайта өңделетін шикізат импортына және тауарларды өткізуге ҚҚС бойынша кейінге қалдыру түрінде жеңілдікті қарастыруды ұсынды.
«Атамекен» ҰКП Өңдеу өнеркәсібі департаментінің басқарушы директоры Алмат Асқардың пікірінше, өңдеу өнеркәсібіндегі маңызды мәселелердің бірі – кәсіпорындардың негізгі қорларын жаңарту. Сондықтан ҚР жаңа Салық кодексінің жобасына ҚҚС төлеу жөніндегі норманы «есепке алу» әдісімен (427 және 428-баптар) енгізу жақсы ынталандырушы шара болар еді.
Бұл ұсыныстар салық төлеушілерге қолайлылық және салық органдарының әкімшіліктендіруін ескере отырып жасалды.
Сонымен қатар, кәсіпкерлер мемлекеттік органдар Президент жолдауын «тікелей орындаған» жағдайда жұмыс істеп тұрған бизнес бөлшектеніп, қайта тіркелуі ықтимал тәуекелдері туралы пікір білдірді.
«Сол кезде әріптестеріміз үш жыл ішінде салық жеңілдігі кезінде күн көру үшін кәсіпорындарын жауып, жаңасын ашатын болады. Сондықтан кәсібін адал жүргізіп жатқан отандық өдірушілер үшін ынталандыру шараларын қарастыру керек», – деп атап өтті Жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары қауымдастығының құрылтайшысы және президенті Наталья Ахшабаева.
ҚР Фармацевтикалық қызметті қолдау және дамыту қауымдастығының президенті Марина Дурманова қолданыстағы заңнамада жабдықтарды жаңғыртуды жүзеге асыратын жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар үшін салық жағынан қолдау шаралары жоқ екенін атап өтті.
Ұлттық палата Төралқасының өңдеу өнеркәсібі комитетінің төрайымы Тахмина Нағыманова Президент жолдауына сәйкес өңдеу өнеркәсібін кешенді дамыту қажеттігін еске салды.
«Жолдауда Президент шетелдік және отандық инвесторларды салықтан босатуды айтты; инвестор жұмыс істеп тұрған кәсіпорында да болуы мүмкін. Мұны жаңа өндіріс немесе өндірісті кеңейту туралы қандай да бір инвестициялық келісімшартпен бекітуге болады», – деді Тахмина Нағыманова.
Өңдеу өнеркәсібі одағының атқарушы директоры Әсел Дангилова әріптестерін қолдады.
«Өңдеу өнеркәсібін қолдау және алғашқы үш жылда салықтан босатуға қатысты біз осы жеңілдікті терең өңдейтін және жұмыс істеп тұрған компаниялар мен кәсіпорындарға беруді ұсынамыз. Өңдеу өнеркәсібінің дамуы терең өңдеу өндірісінің өсуі есебінен қамтамасыз етілетіні анық», – деп атап өтті Әсел Дангилова.
Шағын бизнесті ірілендіруді ынталандыру мәселесі бойынша талқылаудың қорытындысы бөлшек салық шеңберінде қызметін жүзеге асыратын кәсіпкерлерден түсетін салық түсіміне талдау жүргізу қажеттілігі болды. Тәуелсіз бизнес одағының төрағасы Берік Зайыровтың пікірінше, бөлшек салық шекті деңгейге «жақындаған» кәсіпкерлер үшін шешім бола алады.
Жаңа Салық кодексінің жобасына ұсыныстарды талқылау осы жылдың соңына дейін жалғасады. Салық заңнамасын жетілдіру жөнінде ұсыныстары бар тұлғалар салық салу департаментіне мына электрон пошта арқылы жібере алады: info@atameken.kz.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: