Элеваторлардың жағдайы қиын: ҚТЖ астық жөнелтіп үлгермей жатыр
Қазір бидайды солтүстіктен оңтүстікке қарай тасымалдау бәсеңдеді. Оңтүстік өңірлерде ұн қымбаттап жатыр, ал солтүстіктегі элеваторлар болса бидайға толы.
Бүгінде елде астыққа қатысты жағдай қиын. Нөсер жауын салдарынан астық ору жұмысы баяулаған, дымқыл тартқан бидай көп. Су болған астықты кептіру керек. Алайда қолда бар инфрақұрылым мұндай көлемді игеруге қауқарсыз. Технология бойынша астықты кептіріп, бір аптадай ашық ауада бос қалдырып, кейін сақтауға жіберу керек.
Элеваторлардың басым бөлігінде былтырдан бидай қалған. Олар бидайды кептіріп үлгермей жатыр. Бұған қоса астықты жөнелту тоқтап қалды. Бәрі тұр. Кәсіпкерлердің айтуынша, осылай жалғаса берсе, элеваторлар жұмысын тоқтатуы мүмкін.
Мұндай жағдай ең алдымен фермерлерге, кейін өнім тұтынушы – қарапайым қазақстандықтарға ауыр тиеді. Фермерлердің жұмысшылары, банктердің алдында берешегі, тыңайтқыштар мен жанармай шығыны бар.
Бидай жөнелту проблемасы ішкі нарықта ғана емес, экспортта да орын алған. Мәселеге алаңдаған кәсіпкерлер «Атамекен» Ұлттық палатасына жүгінді.
Екінші жыл қатарынан нонсенс
«Қырүкейтен бастап астық жөнелтілмей жатыр. Екінші жыл қатарынан нонсенс. Элеваторлар астық ору, оны қабылдау, кептіру, сақтау және жөнлету бойынша жұмыс істейтін. Қазір болса, элеваторларда былтырғы астықтың қалдығы бар, қозғалыс жоқ. Элеваторлар толып қалды, кейінгі кезекте тұрғандарды қабылдау қиынға соғады», – деді Ақмола облысының кәсіпкері.
Бизнес өкілінің айтуынша, қазір ҚТЖ астықты жөнелту бойынша негізгі жоспарды да келіспейді.
«Олар (ҚТЖ – ред) қыркүйекте 400 мың тоннадай ғана астықты тасымалдағанын жазды. Бұған дейін миллионға дейінгі көлемді тасымалдай алатын. Тұтынушыларымыз болса оңтүстікте, астық – солтүстікте. Кейін ұн қымбаттады деп айтады. Әрине, астық элеваторларда жатса, қамбаттамағанда қайтеді. Мұнда бар, анда жоқ. Элеваторлар демалыссыз жұмыс істеп жатыр. Бұл астық үшін басымызбен жауап береміз, стандартқа сай сақтап жатырмыз. Егер жақын арада астық жөнелтілмесе, жабылып қалуға мәжбүр боламыз», – деді кәсіпкер.
ҚТЖ тасымалдау жоспарын қабылдамай жатқанын басқа кәсіпкер де растады.
«Бидайды тасымалдауға дайын екі фирма бар. Бірақ жоспар берілмей жатыр дейді. Неге жоспарлар берілмей жатыр, мұндай қандай проблема болуы мүмкін? Менен класқа жатпайтын бидайды тасымалдауға дайын фирма да бар. Он мың тоннадай алып кетсе (...). Бидай дымқыл, фермерлер табысын жоғалтып жатыр. Екінші қиын жағдай астықтың жартысы элеваторға кіріп, жартысы егісте қалғанда орын алады. Оны элеваторлар қабылдамайды да», – деді фермер.
Диқандар көктемде тұқым мәселесі өзекті болатынына алаңдайды. Бұдан басқа несие, жанармай және басқа да шығындар бар.
«Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Ербол Есенеев диқандар үшін осындай ауыр жағдай 2005 жылы болғанын айтты. Сарапшылардың бағалауынша, орылған бидайдың жартысы өніп кетті.
«Бірақ, бидай бәрібір болады, өйткені біз қажеттіліктен 2-3 есе көп өндіреміз. Жалғыз сұрақ: осындай қиын ситуациядан қалай шығуға болады? Мұндай жағдайды ешкім күтпеді. Құрғақ жазды көрдік, енді жаңбырлы күз түсті... Мұның бәрі Ауыл шаруашылығы мен бизнеске берілген сигнал, ауыл шаруашылығын дамыту тәсілдерін қайта қарау керек. Техника мен кептіру құралдарына көбірек инвестция салу керек. Тәуекел ең алдымен фермерге, қаржысын салған кәсіпкерге түседі», – деді Ербол Есенеев.
Мемлекет не істей алады?
Қазір бидайдың орташа құны – тоннасына 60 мың теңге. Мұндай астықтың көлемі шамамен 7 млн тонна болады.
«Менің ойымша, осы 2-3 млн тоннаға мемлекет жоқ дегенде 100 доллар берсе... Бұл – әрине фантастика. Дегенмен, үміт бар. Өйткені қазір әр диқан кәсібін сақтап қалуды ойлап отыр, осы мезетте мемлекет қол ұшын созып, үш жылға жеңілдікпен несие берсе, фермерлер үш жылда қарызын жабар еді. Мұндай шара не береді? Бұл шара ауыл шаруашылығын сақтап қалады. Өйтпеген жағдайда дефолт болады», – деді ақмолалық кәсіпкер.
Мемлекет тарапынан фермерлерге техника, кептіру құралдарын сатып алуға мүмкіндік беретін ынталандыру шаралары керек.
Сондай-ақ, Ұлттық палата өкілі кінәлілерді іздемей, тез бірлесіп әрекет ету керегін атап өтті.
«Ауыл шаруашылығы 10 трлн теңгеге жуық жалпы өнім өндіреді. Осында субсидияның үлесі 400 млрд теңге. Бұл өнім құнының 3-4%-ы ғана. Мемлекет әрдайым белсенді түрде көмектесе бермейді. Қазір нарықта жүрген барлық фермер бар қиындықтан өтті. Бірақ біз күн райына әсер ете алмаймыз. Енді бізге бірлік пен барлық тараптың көмегі қажет», – деді спикер.
Ербол Есенеевтің айтуынша, қазір көлік пен логистикаға кешенді түрде қарау керек. Бұл – «Қазақстан темір жолы» және Көлік министрлігінің мәселелері. Мәселені тағы Энергетика министрлігімен шешу қажет.
«Бұл процесте ҚТЖ логистері шешуші рөл атқаруы тиіс. Элеваторларды бидайдан босатып, биылғы жиналғанын кептіріп үлгеру керек. Барлығы астық сатып алуға дайын, бірақ логистикаға қатысты мәселелер бәрін ұстап тұр», – деді Ұлттық палата өкілі.
Спикерлер бидай жөнелтілгеннен кейін астық диірменге және одан әрі ұн мен нан дүкен сөрелеріне кететінін атап өтті.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: