astana-view

Ұлттық палатада «Бір ауыл – бір өнім» жобасының финалистеріне арналған  оқу семинары өтті

2023 жылғы 06 Қазан
8573 просмотров

ҰКП сарапшылары «Бір ауыл-бір өнім» жобасының финалистері қатарынан тамақ өнімдерін өндірушілерге арналған онлайн оқу семинарын өткізді. Финалистермен кездесуге «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Ербол Есенеев қатысты. Семинар барысында Франциядағы ірімшіктер мен сүт өнімдерінің халықаралық байқауының жеңімпазы, Халықаралық ірімшік жасаушылар гильдиясының мүшесі Александра Григолова тәжірибесін бөлісті.

 «Әйел кәсіпкерлердің бастамашылдығын атап өткім келеді. Қатысушылар арасында негізінен шағын өндіріс иелері жиналған. Олар ауылда тамақ өнімдерін өз қолымен жасайды. Ұлттық палата атынан сіздерді барынша қолдағымыз келеді. Осы бағытта үлкен әлеуетті көріп отырмыз. Сондықтан осындай жобалар бүкіл ел ауқымында көптеп іске асуы керек, бұл бағыт ерекше назарымызда. Бірінші кезең – Жапония тәжірибесі негізіндегі «Бір ауыл – бір өнім» жобасы. Келесі қадам жеңілдікпен қаржыландыруға шығу. Біздің күшіміз – бірлікте. Әр өнім бойынша жеткен жетістіктерімізді айтып, тәжірибе бөлісіп жүрсек, осы жолды тез әрі оңай өткереміз», – деді Ербол Есенеев.

«Атамекен» ҰКП Агроөнеркәсіп кешені және тамақ өнеркәсібі департаментінің сарапшысы Бағила Сәкенова кәсіпкерлерге тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі, тамақ өнімдерін өндіру объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды сақтау мәселелері, сондай-ақ жекелеген тамақ өнімдерін қолдау шаралары жөнінде консультация өткізді.

 «Қазіргі кезде «Бір ауыл – бір өнім» жоба қатысушыларына оқу курстары мен маркетингтік сүйемелдеу жүргізу арқылы олардың әлеуетін арттыруға күш салып жатырмыз. Әрі қарай өндірілетін тауарларды өндіру және өткізу жолға қойылады. Жалпы жобаны іске асыру жергілікті халықтың табысын ұлғайту және жаңа жұмыс орындарын құруға ықпал ететін болады. Біз қабылдап жатқан шаралар «Бір ауыл – бір өнім» жобасының өнімін дамудың жаңа және жоғары деңгейіне шығарады деп сенеміз. «Бір ауыл – бір өнім» жобасының 60 финалисіне арналған оқу семинарлары апта сайын түрлі бағыттар бойынша өтеді», – деді «Атамекен» ҰКП жұмыспен қамту және шағын және әйелдер кәсіпкерлігін дамыту департаменті директорының орынбасары Абай Мүслімов.

 «Бір ауыл – бір өнім» жобасының финалисі Александра Григолова әріптестері алдында сөз сөйледі. Ол «Жеті лақ» фермасының өкілі, Францияда өткен Mondialdu fromage-2023 ірімшік және сүт өнімдері байқауының жеңімпазы, сондай-ақ Ірімшік жасаушылардың халықаралы гильдиясының мүшесі. Александра Григолова ірімшік өндіру технологиясы, сапаны жақсарту және ақауларды жою бойынша білімін бөлісті. Сонымен қатар, семинарға қатысушылар Кеден одағының техникалық регламентіне сәйкестік туралы декларацияны қалай рәсімдеу керегін білді. Кәсіпкер сертификат алу және бизнесті дамытуда мемлекеттік қолдау шараларын қолдану туралы айтты.

 Еске салсақ, «Бір ауыл – бір өнім» жобасы жергілікті өнімнің сапасын арттыру, жергілікті брендтерді құру, маркетинг және нарықтағы өнімнің құндылығын арттыруға бағытталған.  «Бір ауыл – бір өнім» жобасын іске асыру аясында бүгінгі таңда жергілікті шикізаттан  дайындалған 60 тауар анықталды.

Қазіргі кезде «Бір ауыл – бір өнім» жобасының 20 өңірлік көрмесі өткізілді, оған жергілікті шикізаттан 500-ден астам өнім өндіруші қатысты. «Бір ауыл-бір өнім» жобасының барлық көрмесі «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік көрме-байқаулары аясында ұйымдастырылды. Барлық өңірде құрылған бренд-комитеттер жергілікті шикізаттан үздік 60 тауарды анықтады.

«Бір ауыл – бір өнім» жобасын іске асыру экспорттау немесе қолданыстағы қосылған құн өндірістік тізбектеріне енгізу үшін ең үлкен нарықтық әлеуеті бар өңірлердегі неғұрлым перспективалы тауарларды анықтауға мүмкіндік берді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер