Тау-кен металлургия кешеніндегі цифрландыру инвестцииялық тартымдылықты арттырады
Астанада «Атамекен» ҰКП Төралқасының геологиялық сала, тау-кен, көмір өндіру және металлургия өнеркәсібі комитетінің геологиялық сала жөніндегі қосалқы комитетінің отырысы өтті. Жиын барысында қосалқы комитеттің мүшелері жер қойнауын геологиялық зерттеу, минералды-шикізат базасын молайту саласындағы инвестициялық тартымдылықты арттыру, сондай-ақ жер қойнауын геологиялық-геофизикалық зерделеуді жақсарту мәселелерін талқылады.
«ERG Exploration» ЖШС және «Qazaq Geophysics» ЖШС секілді отандық геологиялық барлау компаниялары перспективалы алаңдарды анықтау мақсатында деректерді цифрландыру және геологиялық барлау жұмыстарының инновациялық әдістерін қолдану саласында өз мүмкіндіктерін ұсынды.
«Аэрогеофизикалық деректерді жинау мен құрылымдау және оларды цифрлық форматқа көшіру – қажеттілік. Бұл кезең Қазақстан жер қойнауының геологиялық-геофизикалық зерттелуін арттыру үшін заманауи аэрогеофизикалық зерттеулер талап етілетін облыстарды айқындауға мүмкіндік береді», – деді «Атамекен» ҰКП Төралқа төрағасының кеңесшісі Жандос Әбішев.
Спикер цифрлық деректердің болуы басым аудандарды одан әрі болжамды түсіндіру мен бөлудің шешуші факторына айналып жатқанын айтты. Қазіргі және өткен деректерді пайдалануға негізделген бұл процесс бүкіл саланың инвестициялық тартымдылығын арттыруға мүмкіндік береді.
Осы ретте Қазақстан Республикасы аумағының басым бөлігі зерттеліп болғанын атап өткен жөн. Алайда деректер жеткіліксіз аймақтарды анықтау және осы учаскелерде қосымша аэрогеофизикалық зерттеулер жүргізудің шұғыл қажеттілігі бар.
«Аэрогеофизика саласындағы түбегейлі өзгерістер деректерді 1-ден 3 шақырымға дейінгі шешімде алуға мүмкіндік береді. Бұл әдістің артықшылығы айқын: үлкен аумақтарды жылдам қамту, жер үсті түсіріліммен салыстырғанда аудан бірлігіне шаққандағы құнның төмендеуі, экологиялық қауіпсіздік, ыңғайлы интеграция және жоғары өнімділік», – деді «ERG Exploration» ЖШС геофизикалық бөлімінің бастығы Тимур Карсенов.
Еске салсақ, бұл шаралар инвесторлардың геологиялық саланы дамытуға және кейіннен пайдалы қазбаларды өндіруге қызығушылығын қолдауға және нығайтуға бағытталған.
Жиын қорытындысы бойынша ҚР өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Геология комитеті мен «ERG Exploration», «Қазақмыс» және «Қазмырыш» компаниялары арасында Өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою жоспарланған. Оның шеңберінде осы бағытта тиісті жұмыстар жүргізілетін болады.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: