astana-view

JICA жапон ұйымының сарапшылары Ұлттық палатамен ынтымақтастықты нығайту мақсатында Астанаға келді

2023 жылғы 18 Қазан
6660 просмотров

 «Бір ауыл – бір өнім» жобасын стратегиялық дамыту шеңберінде «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, ҚР Ұлттық экономика министрлігі және Жапония халықаралық ынтымақтастық агенттігі (JICA) өкілдерінің ресми кездесуі өтті. Қазақстанға сапардың осы кезеңі Ұлттық палатаға құнды кері байланыс алуға мүмкіндік берді. Ал JICA делегациясы «Бір ауыл – бір өнім» жобасына белсенді қатысатын жергілікті кәсіпкерлердің ерекшеліктері мен қажеттіліктерін жақсы түсінуге көмектесті.

 JICA делегациясының Қазақстанға келуі «Бір ауыл – бір өнім» жобасын іске асырудың ағымдағы кезеңін талқылау мақсатында ұйымдастырылды. JICA делегациясын аға кеңесші Уеда Такафуми және басқа да негізгі агенттік өкілдерімен бірге Харагучи Акихиса  «Бір ауыл – бір өнім» жобасының бас кеңесшісі бастап келді.

 Кездесу барысында жобаны дамытудың стратегиялық бағыттарын әзірлеу, бар проблемалар мен сын-қатерлерді талдау, сондай-ақ оларды шешудің тиімді жолдарын анықтауға назар аударылды. Қазақстанда  «Бір ауыл – бір өнім» жобасын  іске асыру барысында алынған практикалық тәжірибені талқылау және жобаны оңтайландыру бойынша ұсынымдар әзірлеуге басты назар аударылды.

 «Біздің миссиямыз «Атамекен» ҰКП-ға «Бір ауыл – бір өнім» жаңа жобасын бірлесіп жүзеге асыруға көмектесу. Бастапқыда бұл жоба Жапонияда, Оита префектурасында пайда болды. Географиялық ерекшеліктеріне байланысты онда жоба баяу дамып жатыр. «Бір ауыл – бір өнім»  жобасы шалғай ауылдық аймақтардағы ауылшаруашылық аумақтарын дамытуға көмектесу үшін іске қосылды. Жапонияда сәтті іске қосылғаннан кейін біз бұл жобаны Қырғызстанда жүзеге асырдық. Онда «Бір ауыл – бір өнім» жобасы жоғары нәтиже көрсетті. Енді жапондық тәжірибе қазақстандық кәсіпкерлерге өз өндірісін жергілікті шикізаттан жаңа деңгейге шығаруға көмектеседі. Осылайша елдің экономикалық дамуы мен өз әл-ауқатын арттырады деп үміттенеміз», –  деп атап өтті JICA аға кеңесшісі Уеда Такафуми.

Жиында жоба қатысушылары арасында тәжірибе мен білім алмасуға ерекше назар аударылды. Бұл ынтымақтастық жоба бастамаларының сапасы мен тиімділігін арттыру үшін сараптама, үздік жапондық тәжірибе және инновациялық әдістемелермен белсенді алмасуды көздейді.

 «Бұл жоба өте маңызды, оның жүзеге асыруда Қазақстанда үлкен әлеует бар. Жапондық агенттік бізге «Бір ауыл – бір өнім» жобасын іске асыруға, кәсіпкерлерді оқыту, брендті ілгерілету және қазақстандық өнімді насихаттауда көмектесіп жатыр.  Қазір барлық өңірде жоба аясында сатуға болатын түрлі санаттағы 60-қа жуық тауар іріктеліп алынды», – деді ҰЭМ өкілі Нұрбол Жаңабеков.

Жобаға қатысушыларды қолдауға қатысты ұйымдастырушылар мен кәсіпкерлер үшін қосымша консультациялар, оқу семинарлары мен шеберлік сабақтарын ұйымдастыру туралы шешім қабылданды. Бұл шара қатысушыларға өз өнімдерін сату үшін қажетті білім мен дағдыларды алуға көмектеседі. Ынтымақтастық жоспарларында жобаны басқару мен іске асырудың ағымдағы процестерін оңтайландыру көзделген.

  «Келесі жылға іріктелген кәсіпкерлердің өнімдері дүкен сөрелеріне жетуі үшін сүйемелдеу жоспарланған. Сондай-ақ кәсіпкерлерге оқу жүргізіп, біліктілігін арттырамыз. «Атамекен» ҰКП тарапынан да технологиялық көмек көрсетілетін болады. Яғни, егер бұл тамақ өнімдері болса, онда технологтар көмектеседі, маркетологтар өнімді қаптау мәселелері бойынша қосылады. Сондай-ақ, біз мемлекеттік органдармен «Бір ауыл – бір өнім» жобасының финалистеріне барынша көмек көрсету үшін бірлесіп жұмыс істейтін боламыз», – деді «Атамекен» ҰКП басқарушы директоры Айдана Тоғызбаева.

Сондай-ақ, алдағы төрт жылға арналған «Бір ауыл – бір өнім» жобасы шеңберінде ынтымақтастықтың ұзақ мерзімді жоспарын қамтитын уағдаластықтар жасалды. Ынтымақтастықтың негізгі бағыты жоба шеңберін кеңейту болады. Бұл шара гендерлік қатысуға қолданыстағы шектеуді алып тастай отырып, келесі жылдың өзінде-ақ әйелдер кәсіпкерлігінің әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.

Жиында жоба өнімдерін өндірушілер санын көбейту бойынша белсенді жұмыс істеу туралы шешім қабылданды. Бұл шаралар жобаның сан алуандығы мен инновациялық дамуына, сондай-ақ оның әлеуметтік ықпалы мен экономикалық тиімділігін арттыруға көмектеседі.

 «Бір ауыл – бір өнім» жобасының терең әлеуметтік маңызы бар. Бұл жергілікті өнімді өндіруге және таратуға бағытталған бастама ғана емес, сонымен қатар  ауылдарды әлеуметтік дамыту мен нығайтудың қуатты құралы. Жоба ауылдық жерлердегі адамдарды өз күшіне сену, жетістікке жету және идеяларды жүзеге асыруға көмектесу арқылы ерекше шабыттандырады. Жоба жергілікті тұрғындарды ішкі нарық үшін сапалы және бәсекеге қабілетті өнім жасауға ғана емес, сонымен қатар ең таңдаулы шетелдік клиенттердің қажеттіліктерін қанағаттандыруға ұмтылуға ынталандырады», – деді Айдана Тоғызбаева.

 Спикердің айтуынша, «Бір ауыл – бір өнім» жобасы – ұлттық өнім үшін мақтаныш пен жеке әлеуетті көрсетуге арналған платформа, ұлттық қазақстандық бірегейлікті әлемдік деңгейде сақтау және ілгерілетуге ықпал ететін бірегей салт-дәстүр, мәдени мұра және жергілікті шеберлердің өнерін көрсету мүмкіндігі.

 Сонымен қатар, Қазақстанға келген жапондық делегация іс жүзінде Астана қаласынан келген үш финалистің қызметімен танысты.

Жоба қатысушылары өз өнімдерін таныстырды, идеяларын қалай іске асырғаны туралы әңгімелерін бөлісті және оларды іске асыру барысы туралы айтты. Осындай диалог делегацияға жобаға қатысушылар қол жеткізген нақты нәтиже, сондай-ақ олардың жұмысының практикалық тәжірибесі, орын алған проблемалар және оларды шешу жолдарымен барынша толық және егжей-тегжей танысуға мүмкіндік берді.

«Бір ауыл – бір өнім» жобасы жергілікті деңгейде экономикалық даму мен кәсіпкерлікті ынталандыруға бағытталған халықаралық бастама. Қазақстанда жоба 2022 жылы «Атамекен» ҰКП қамқорлығымен пилоттық режимде іске қосылды. Бастама жергілікті қоғамдастықтарды қолдау, әйелдер кәсіпкерлігін дамыту, шағын және орта бизнесті дамытуды ынталандыру, сондай-ақ бірегей жергілікті өнімдерді ішкі нарықта, соның ішінде шетелдік нарықтарда ілгерілетуге бағытталған. Биыл жоба Қазақстанның түрлі өңірлерінен келген кәсіпкерлерді біріктіріп, тәжірибе, білім және инновациялық идеялармен алмасу платформасын ұсына отырып, өз шекарасын едәуір кеңейтті.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер