Мемлекеттік сатып алуда кеңсе қағазын өндіретін отандық кәсіпорындарға қолдау
Осы жылдың 13 қазанында «Ұлттық режимнен алып қоюды белгілеудің кейбір мәселелері туралы» ҚР Үкіметінің қаулысы бекітілді. Енді алып қою тізіміне А3 және А4 форматтарында жазу, басып шығару немесе басқа графикалық мақсаттар үшін пайдаланылатын қағаз қосылды.
Бұған дейін «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бұған дейін «Қазақстан қаптамашыларының қауымдастығы» ЗТБ бастамасы бойынша Қазақстанда өндірілетін кеңсе қағазына мемлекеттік сатып алудан алып қоюды белгілеу мәселесін көтерді.
«Қазақстан қаптамашыларының қауымдастығы» ЗТБ басқарма төрағасы Батырбек Әубәкіровтің пікірінше, А3 және А4 форматындағы кеңсе техникасына арналған қағаз өндіретін отандық кәсіпорындар осы тауар бойынша сатып алу көлемін толығымен жаба алады, сондай-ақ қажет болған жағдайда өздерінің өндірістік қуаттарын кеңейте алады.
Қазіргі кезде Қазақстанда кеңсе қағазын өндіретін кәсіпорындардың жиынтық өндірістік қуаты жылына 23 100 тоннаны құрайды. Кеңсе қағазы Шымкент, Астана, Алматы және Петропавл қалаларында шығарылады.
Бұл ретте 2022 жылы сатып алу көлемі шамамен 15 030 тоннаны құраған.
Сонымен қатар, 2023 жылдың 8 айындағы статистикалық мәліметтерге сәйкес, жазу, басып шығару немесе басқа графикалық мақсаттарға арналған қағаз бен картонның импорты ақшалай түрде 2022 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 5%-ға өсіп, 20,8 млн долларды құрады.
«Кеңсе қағазын алып ұою тізіміне кеңсе қағазын өндірудің дамуына, өндірістік қуаттылықтың артуына және жалпы отандық кәсіпорындардың жүктемесіне оң әсер етеді», – деп атап өтті «Атамекен» ҚР ҰКП Өңдеу өнеркәсібі департаментінің директоры Алматы Асқар.
Ұлттық режимнен алып қою ішкі нарықты қорғау, ұлттық экономиканы дамыту, отандық тауар өндірушілерді қолдау мақсатында белгіленетінін атап өткен жөн. Бұл ретте, ҚР Мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасына сәйкес, алып қоюды белгілеу ЕАЭО-ға мүше басқа мемлекеттерден өнім берушілердің мемлекеттік сатып алуға қатысуын жоққа шығармайды. Мәселен, ҚР Қаржы министрінің 2015 жылғы 11 желтоқсандағы № 648 бұйрығымен бекітілген Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларының 12-тармағының 4-бөлігінде ұсынылған өтінімдердің болмауына байланысты ерекше жағдай қарастырылған. Атап айтқанда мемлекеттік сатып алу өтпеді деп танылған жағдайда, мұндай мемлекеттік сатып алу барлық әлеуетті өнім берушілер арасында Заңның 13-бабында айқындалған бәсекелестік тәсілдермен жүзеге асырылатыны көзделген.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: