astana-view

 Bed tax жарнасы тоқтайды: Туризм министрлігі кәсіпкерлер пікірін ескерді

2023 жылғы 20 Қазан
6789 просмотров

Бүгін брифинг барысында Туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев туристік жарна тоқтайтынын айтты. Өйткені жарна отандық бизнес үшін белгілі бір қолайсыздықтарды тудырды.

Еске салсақ, 2022 жылдың қарашасынан бастап «Атамекен» ҰКП мамандары енгізіліп жатқан норма  уақытылы емес екенін және жеткіліксіз пысықталғанын бірнеше рет айтқан болатын. Өйткені бұл қаулының жобасын нарық қатысушылары егжей-тегжей талқылаған жоқ.

 «Шетелдіктер туристік жарнаны төлеу қағидалары бекітілгеннен бастап «Атамекен» ҰКП туристік қоғамдастықпен бірлесіп, жарнаны тоқтата тұру немесе алып тастау бойынша жұмысты жүргізіп келді. Бұл жарна салықтық және бухгалтерлік әкімшілендірудің түсінікті алгоритмі болмағандықтан бизнеске қосымша жүктеме болды. Бұл норманы енгізуге әлі ерте екенін бірнеше рет көтердік. Оның үстіне туристерден жиналып жатқан қаражатты игерудің ашық механизмі болмады. Турист саны аз өңірлерден сұрақтар көп болды. Өйткені енгізілген жарна жергілікті жерлердегі қонақ үйлердің құнын қымбаттатып жіберді. Ұлттық палата және туристік қоғамдастық өкілдері ҚР Үкіметіне алғыс білдіреді», – деді «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Тимур Нақыпбеков.

Бұл пікірді қалалық туризмді дамыту орталығының атқарушы директоры, «Gvidon Tour» жеке кәсіпкерлігінің басшысы Татьяна Верницкая да қолдады. Қауымдастық басынан бастап bed tax деп аталатын туристік жарнаны жоюды жақтады.

 «Бұл механизм шикі екенін бірден түсіндік. Оның үстіне жарнаны енгізетіндей туристеріміз көп емес. Бүкіл әлемде туристердің шамадан тыс санын шектеу үшін bed tax жарнасы қолданылатынын түсіну керек. Ал бізде туристер саны аз. Оның үстіне елдегі отельерлердің пікірі бір болды. Туристік нарықтың бірігіп, бизнестің дамуына маңызды қадам жасағаны қуантады. Бізді қолдап, туристік жарға қатысты Үкіметке пікірімізді жеткізгені үшін Ұлттық палатаға алғысымыз зор. Қуанышқа орай Туризм министрлігі пікірімізді ескерді, әрі қарай да осындай қолдау болатынына үміттенеміз», – деді кәсіпкер.

«Wyndham Garden Burabay» сату бөлімінің директоры Гүлназ Негмеджанованың айтуынша, бұл жарна бизнес тарапынан да, қонақтар тарапынан да көптеген қиындық туғызды.

«Бүгінгі таңда жарнаның бұл түрі тоқтатылғанына өте қуаныштымыз. Біздің ойымызша, Бурабай ауданында жарна шетелдіктер үшін қонақүйлердің тартымдылығын төмендетті. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, bed tax жарнасын тоқтата тұруға қатысты үлкен жұмыс атқарылды. Бүгін біз сол жұмыстың нәтижесін көріп отырмыз», – деп түйіндеді Гүлназ Негмеджанова.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер