ҰКП мамандары премьер-министрдің орынбасарына қой шаруашылығын дамыту жөнінде жоспарды таныстырды
ҰКП алаңындағы жиын премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин, «Атамекен» төралқа төрағасы Райымбек Баталов, мемлекеттік органдар, квазимемлекеттік компаниялар мен бизнес өкілдерінің қатысуымен өтті. Бұған дейін Серік Жұманғарин Ұлттық палатаға елдің азық-түлік қауіпсіздігі, сондай-ақ кәсіпкерлік мәселелерін шешетін саланы дамыту тәсілдерін ұсынуды тапсырған болатын.
«Атамекен» ҰКП төрағасының орынбасары Ербол Есенеев қой шаруашылығындағы ағымдағы жағдай туралы айтып, 2030 жылға дейін саланы одан әрі дамыту жоспарын ұсынды. Сондай-ақ компаниялардың басшылары сөз сөйледі.
Ербол Есенеевтің айтуынша, Қазақстан әлемде қой етін өндіру бойынша 16-орында тұр. Елдегі бар жер ресурстарын ескере отырып, қой етін өндіру бойынша топ-10 елдің қатарына кіру мүмкіндігі бар.
Қазақстан үшін Қытай (350 мың тонна) және Парсы шығанағы елдері (100 мың тонна) жеткізу үшін перспективалы нарықтар болып отыр.
«БАӘ нарығында қазақстандық қойдың 1 келі орташа құны 8-10 долларды құрайды, бөлшек саудада – 15 долларға дейін жетеді», – дейді Түркістан облысының «Қайып ата» ЖШС бас директоры Сырым Ерсаев.
Қазақастандық қой-ешкінің негізгі экспорттаушы ел Өзбекстан болып отыр. Қазіргі кезде отандық экспорттаушылар үшін Сауд Арабия нарығы ашылып отыр. Бизнес өкілдері осы елге ет сату мүмкіндігі туралы айтты.
«Қазақстандық қой еті экологиялық таза өнім, дәмді, сондықтан шетелде бағалы. Бұл саланы дамыту тиімді», – деді Жамбыл облысының «Мерке-ата комбинаты» ЖШС басшысы Берік Егембердиев.
ҰКП мәліметтері бойынша, бүгінде Қазақстанда қой саны 20 млн басты құрайды. Қой шаруашылығымен негізінен оңтүстік өңірлер айналысады.
Жиынға қатысушылардың айтуынша, салада және өткізу нарықтарында айналым қаражатының болуы, селекциялық жұмыс, бордақылау алаңдары, жаңа технологияларды қолдану, қалдықтарды кәдеге жарату, субсидия көлемінің жеткіліксіздігіне қатысты мәселелер бар.
Мәселен, 2023 жылы қой шаруашылығына субсидиялаудың жалпы көлемінің шамамен 5%-ы немесе 21 млрд.теңге тиесілі. Мемлекеттік қолдаудың негізгі үлесі селекциялық және асыл тұқымдық жұмыстарды субсидиялауға бағытталған. Бұл шара мал басының тұқымдық өзгеруіне оң әсер етеді, бірақ санның өсуі үшін тиімсіз.
«Отандық ірі қара малын сатып алуға субсидиялау нормативтері жануарлар құнының 15%-ын ғана жабады. Жемшөпті субсидиялауды іс жүзінде мал басының тек 5%-ын алады», - дейді Ербол Есенеев.
Қазіргі қарқын сақталса, қой саны 2030 жылға қарай небәрі 25 млн басқа ғана артады.
Кәсіпкерлер саланы дамыту бойынша өз тәсілдерін ұсынды. Салаға серпін беру үшін шаралар кешені қажет. Отырыста ет өндіру жөніндегі тізбектің барлық буынын қамти отырып, қой шаруашылығына арналған жеке бағдарламаның қажеттілігі, сондай-ақ осы процеске жеке қосалқы шаруашылықтарды тарту туралы мәселе қаралды. Жаңа тәсілдерді іске асыру кезінде 2030 жылы малдың екі еселенген өсуіне – 40 млн басқа дейін қол жеткізуге болады, 70 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылады.
Жиын соңында Серік Жұманғарин ҰКП ұсыныстарын қолдап, қой шаруашылығының Қазақстанда келешегі зор екенін атап өтті.
«Бизнеспен бірлесіп, АКК және ҚДБ арқылы қаржыландырылатын негізгі жобаларды айқындау қажет. Біз қазір осы екі институт арқылы қаржыландыруды қарастырып жатырмыз. Жаңа технологиялар мен шетелдік тәжірибені саралау маңызды», – деп спикер ет комбинаттары бойынша мәселені шешудің маңызын және олардың оңтүстік өңірлерде болуын атап өтті.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: