astana-view

Астанада өткен көрмеде елдің түкпір-түкпірінен үздік тауарлар ұсынылды

2023 жылғы 27 Қазан
8626 просмотров

Еліміздің үздік отандық тауар өндірушілер елордаға келді. «EXPO» халықаралық көрме орталығында «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауы өтіп жатыр. Сонымен қатар, мұнда «Бір ауыл – бір өнім» жобасы финалистерінің өнімдері ұсынылды. Іс-шараға «Атамекен» ҰКП Төралқа төрағасы Райымбек Баталов пен ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров қатысты.

Астана тұрғындары мен қонақтарына 180 компанияның кәсіпкерлері өнімдерін ұсынды. Бұл компаниялар  «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауының өңірлік кезеңдерінің жеңімпаздары. «Атамекен» ҰКП Төралқа төрағасы Райымбек Баталов кәсіпкерлерді көрменің ашылуымен құттықтады.

«Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-байқауының қатысушыларын қарсы алуға қуаныштымын. Баршаңызды жеңіспен құттықтауға рұқсат етіңіз. Өйткені сіздер өңірлік кезеңнен өтіп, үздік нәтиже көрсеттіңіз. Жеке өнім шығару оңай шаруа емес. Әрқайсыңыз жеңімпаз болуға лайық екені сөзсіз. Отандық өндірісті жетілдіріп, жеке дамып, елді жақсартып жатқан сіздерге алғыс айтамын», – деді Райымбек Баталов.

Айта кетейік, байқау отандық өнімнің сапасын арттыруға бағытталған жеке және заңды тұлғалардың қызметін жандандыру, сондай-ақ Қазақстан нарығын жоғары сапалы және бәсекеге қабілетті өніммен толықтыруға жәрдемдесу мақсатында жыл сайын өткізіледі.

«2022 жылы шағын және орта бизнесте жұмыс істейтін қызметкерлер саны 4 миллионнан асып, 18 пайызға дейін өсті. Бұл өте жақсы нәтиже. Қазір бәрі біздің қолымызда, мемлекет өз тарапынан жақсы қолдау көрсетуде. Биыл несиелерді субсидиялауға 266 млрд теңге бөлінді. Оған үлкен сұраныс бар. Сіздермен бірге біз экономикамызды одан әрі күшейтетін боламыз», – деді ҰЭМ басшысы Әлібек Қуантыров.

Биылғы көрмеге тәжірибелі кәсіпорындармен қатар кәсіпті енді қолға алған кәсіпкерлер де қатысып жатыр.  Олар «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырған «Бір ауыл – бір өнім» жобасының 38 қатысушысы.

«Бір ауыл – бір өнім» жобасының қатысушылары үшін осындай байқауларға қатысу өнімді сату, тұрақты клиенттерді табу, өнім өткізу үшін аудиторияны кеңейту, ішкі және сыртқы нарыққа шығуға жаңа мүмкіндіктер береді», – деді «Атамекен» ҰКП жұмыспен қамту және шағын және әйелдер кәсіпкерлігін дамыту мәселелері жөніндегі департаменттің директоры Айдана Тоғызбаева.

Спикердің айтуынша, көрмеге қызығушылық жоғары. Бұл алаң қатысушыларға қажетті іскерлік байланыс пен жаңа серіктестіктер орнатуға мүмкіндік береді.

«Біз нағыз ыстауды қолдана отырып, ірімшік, гастрономиялық ет өндіреміз. Мұндай көрмелерге бірінші рет қатысып отырмыз. Бұл көрме өзімізді көрсетуге, тауарларымызды сатуға және ақша табуға үлкен мүмкіндік. Бізде мұнда тіпті жеткізушілер арасында іскерлік байланыс қалыптасады. Керемет қой. Сонымен қатар, қатысу да тегін. Сондықтан Ұлттық палатаға үлкен рахмет айтқым келеді. Мұндай іс - шаралар және жалпы «Бір ауыл – бір өнім» жобасы бизнес үшін өте пайдалы, өйткені бізге ҰКП-дан қаржылай емес қолдау, кеңес беру және оқу бойынша көмек көрсетіледі», – деді Павлодарлық  «Бір ауыл – бір өнім» жобасының финалисті Елена Малышева.

Көрмеге қатысушылар 188 өнім атауын ұсынды. Соның ішінде бал, табиғи косметика, қолдан жасалған сабын, түрлі шөп қосылған шай, дәмдеуіштер, шырындар, ет өнімдері, ірімшіктер, қымыздан балмұздақ, түрлі қоспалары бар жент, талқан печеньесі, мұздатылған жартылай фабрикаттар, жемістер мен жидектерден жасалған қақ, нан пісіруге арналған глютенсіз қоспа, киізден жасалған бұйымдар және кәдесый өнімдері бар.

Еске салсақ, «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен 2006 жылы 9 қазанда құрылған. Жеңімпаздар Елбасы қол қойған дипломдармен марапатталады және төрт жыл ішінде конкурс эмблемасын жарнамалық мақсатта пайдалану құқығына ие болады.

 

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер