astana-view

Қазақстан мен Ресей арасындағы саудадағы бірқатар шектеу жойылуы мүмкін

2023 жылғы 01 Қараша
6655 просмотров

Ресей тарапы өз аумағынан тауарлардың кейбір түрлерін әкетуге рұқсат беру тәртібін жойып, ағаш материалдарын әкету үшін қосымша өткізу пункттерін аша алады, сондай-ақ қазақстандық жүргізушілер Ресей Федерациясының аумағында бұрын жасалған бұзушылықтары үшін айыппұлын төлеген жағдайда  кіруге рұқсат бере алады.

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы тиісті мәселелерді талқылауға бастамашылық етті. Бұл мәселелер Қазақстан Республикасы және Ресей Федерациясы арасындағы Ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның 24-ші отырысында қаралды. Кездесу ҚР премьер-министрінің орынбасары Серік Жұманғарин мен РФ Үкіметі төрағасының орынбасары Алексей Оверчуктың төрағалығымен өтті.

«Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Тимур Жаркеновтың айтуынша, ресейлік тарап көтерілген мәселелерді қысқа мерзімде қарауға дайын екенін білдірді.

«Ресеймен сауда ынтымақтастығында шешуді қажет ететін көптеген мәселе жиналған. Мысалы, экспортқа рұқсат беру тәртібі. Кейбір өнеркәсіптік тауарларды шығару үшін Ресейдің салалық министрліктерінен рұқсат құжаттарын алу қажет. Бұл ретте қазақстандық кәсіпкер оларды тіпті өз техникасы, жабдығы, көлік құралдарына да алуға мәжбүр. Оларды алу процесі өте күрделі және ұзақ уақытты қажет етеді», – деді Тимур Жаркенов.

Спикер Ресей аумағынан ағаш материалдарының кейбір түрлерін автокөлікпен әкету үшін қосымша өткізу пункттерін ашу қажеттігін атап өтті.

«Қазіргі кезде қазақстандық ағаш өңдеу кәсіпорындары мен жиһаз фабрикалары Ресей ағаш өнімдерін алты өткізу пункті арқылы ғана әкете алады. Қазақстан-Ресей шекарасының ұзақтығын ескерсек өткізу пунктерінің саны өте аз. Сондықтан «Атамекен» Ұлттық палатасы Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарында Орск және Маштаково қосымша өткізу пункттерін ашу, сондай-ақ ағаш материалдарының барлық түрін, соның ішінде бөренелерді әкету бойынша барлық шектеуді жою туралы мәселеге бастамашылық жасады», – деді спикер.

 Еске салсақ, қазір Ресей орманын экспорттауға Кулунда, Веселоярск, Ольховка, Бугристое, Озинки и Петухово өткізу пункттері арқылы рұқсат етілген.

Сондай-ақ, Комиссияның қарауына «Атамекен» ҰКП мамандары Ресей Федерациясының аумағында бұрын жасалған бұзушылықтар үшін әкімшілік айыппұлын төлеген жағдайда қазақстандық жүргізушілерге Ресей Федерациясына кіруге тыйым салуды жою туралы мәселе көтерді.

Бұл мәселе Ресей Федерациясымен шекаралас аймақтардың тасымалдаушылары үшін өте өзекті. Тыйымның күшін жою екі елдің халықаралық қатынасында жүк тасымалдаумен айналысатын жүргізушілер үшін тең жағдай жасайды.

Жиын қорытындысы бойынша Ресей тарапы жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін бұрын салынған айыппұлды төлеген қазақстандық жүргізушілердің Ресейге кіруіне тыйым салуды жою туралы мәселені қысқа мерзімде Ресей ІІМ-мен бірлесіп қарау бойынша міндеттеме алды.

  

  


Еншілес ұйымдар

Серіктестер