Токиоға сапар: Жапониямен бизнес-ынтымақтастықтың перспективалы салалары аталды
«Атамекен» ҰКП делегациясы Токиода өткен Жапония мен Қазақстанның үкіметі мен жеке секторы өкілдерінің сегізінші бірлескен отырысына қатысты. Онда Төралқа төрағасы Райымбек Баталов жапондық серіктестерге өнеркәсіптің түрлі басым салаларында қазақстандық бизнеспен ынтымақтастық мүмкіндіктерін ұсынды.
Жапония Қазақстанның Азиядағы негізгі сауда және экономикалық әріптестерінің бірі және еліміздегі инвестор 10 елдің қатарына кіреді. Жапондық инвесторлармен бірге химия өнеркәсібі, машина жасау, инфрақұрылым және тау-кен секторын қоса алғанда, түрлі салаларда бірқатар жоба іске асырылды.
«Соңғы бірлескен жиыннан кейін бес жылдан асты, содан бері алдымыздан түрлі сын-қатерлер шықты. Дегенмен ынтымақтастығымызды дамытудың жаңа мүмкіндіктерін көріп отырмыз. Бүгінгі шара іскерлік байланысымызға жаңа серпін беретініне сенімдімін. Бұл бағытта «Атамекен» ҰКП ынтымақтастықты нығайтуға атсалысуға дайын. Қазіргі кезде біз инвестициялық жобалардың мониторингі жүйесін жетілдіру үшін Қазақстан Үкіметімен белсенді жұмысты жүргізіп келеміз. Біз инвестициялық жобалардың орындалуын қадағалауға және осы процеске қатысушылардың ашық жұмыс істеуі мен жауапкершілігін арттыруға мүмкіндік беретін Инвестициялық порталды әзірлеп жатырмыз», – деді Райымбек Баталов.
Ұлттық палата жапондық серіктестерге өндіріс, терең өңдеу, жеңіл өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, IT-индустрия, туристік сала, экология, жер қойнауын пайдалану сияқты түрлі басым салаларда ынтымақтастық мүмкіндіктерін ұсынды.
«Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, жапондық әріптестерді 16 қарашада Астана қаласында өтетін «Қазақстандық қамту 2.0» халықаралық форумына қатысуға шақырамын. Форумның басты назары отандық тауар өндірушілерді қолдау мен елішілік құндылықты дамытуға бағытталатын болады. Бірлескен жұмысымыз серіктестігімізді жаңа деңгейге көтереді деп сенемін», – деді ҰКП басшысы.
Кездесудің Қазақстан мен Жапония арасындағы бизнестегі жаңа бағыттарға арналған екінші сессиясында «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Тимур Нақыпбеков модератор болды. Спикер кейінгі бес жыл ішінде қазақстандық бизнестің Жапониямен ынтымақтастықты арттыруға және барлық салада жапон тәжірибесін зерделеуге деген қызығушылығы айтарлықтай өскенін атап өтті.
Атап айтқанда, сессия барысында IT бизнестегі инновациялар, ақылды фермалар және ауыл шаруашылығындағы инновациялық технологиялар, жеңіл өнеркәсіп және фармацевтика салаларындағы әлеует талқыланды.
Панельдік сессиядан кейін Ұлттық палата басшылығының Marubeni корпорациясы және Жапония металлургиялық және энергетикалық қауіпсіздік ұйымы (JOGMEC) Жапонияның шағын және орта бизнес өкілдері, сондай-ақ Жапонияның Ресей және жаңа тәуелсіз мемлекеттермен сауда қауымдастығының (РОТОБО) басқарушы департаментінің басшылығымен кездесуі өтті. Кездесуде шағын және орта бизнесті дамытуға бағдарланған нақты бағыттар анықталды.
Импорт және экспортты жүргізуде кең іскерлік желісі бар Marubeni корпорациясымен кездесуде Ұлттық палата АӨК, энергетика және су ресурстарын пайдалану саласындағы ынтымақтастықтың мүмкіндіктерін талқылады. Тараптар екіжақты серіктестіктің жол картасын құруға келісті. Marubeni өкілдері Ұлттық палатаның Инвестициялық портал құру жөніндегі бастамасын жоғары бағалады.
Бұдан басқа Жапония металлургиялық және энергетикалық қауіпсіздік ұйымымен (JOGMEC) ТМК, газдандыру және металлургия саласындағы ынтымақтастық әлеуеті, сондай-ақ республика нарығында қазақстандық қамтуды арттыру үшін бірлескен кәсіпорындар құру мүмкіндігі талқыланды.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: