astana-view

Мемлекеттік сатып алу туралы жаңа заң: бізнестің қалауы не?

2023 жылғы 14 Қараша
7896 просмотров

Дереккөз: pixabay.com

Қазақстанда Мемлекеттік сатып алу туралы жаңа заң әзірленіп жатыр. Заң жобасы Мәжіліске келіп түскеніне қарамастан, бизнестің жаңа редакцияға көңілі толмайды. Кәсіпкелер жобада оң серпін беретін түбегейлі өзгеріс жоқ деп санайды. Заң нормаларының саны екі есеге қысқарған. Ал «Атамекен» ҰКП мамандары берген 71 ұсыныстың 22-сі ғана толық қабылданды. Тағы бес ескерту ішінара қабылданған.

ҰКП мамандары қазіргі кезде «мүдде қақтығысының» болуы ықтимал деп санайды. Өйткені сатып алудың әр кезеңінде тек Қаржы министрлігінің комитеттері қатысады. Бұл жағдайды болдырмау үшін Палата сатып алуды реттеу және әдіснамалық қамтамасыз ету жөніндегі функцияларды басқа мемлекеттік органға беруді ұсынды. Бұл шара сатып алуда ашық механизмді қамтамасыз етеді.

«Атамекен» ҰКП реттелетін сатып алу департаментінің директоры Руслан Шоқаевтың айтуынша, қолданыстағы заңнаманың басты проблемаларының бірі – квазимемлекеттік және мемлекеттік мекемелер тарапынан жасалған келісімшарттардың жоғары талаптары.

«Тапсырыс беруші келісімшарттың орынсыздығына сілтеме жасай отырып, одан біржақты тәртіппен бас тарта алады. Ал өнім беруші инвестиция салды, шығындарға ұшырады, бірақ екінші тарап төлеуден бас тартты. Келісімшарттық міндеттемелерді орындау мерзімі өткен кезде келісімшартты біржақты бұзуға да болады. Алайда, егер өнім беруші келісімшарттан бас тартса, онда оған айыппұл, залалды өтеу, беделге нұқсан және сатып алуға қатысуды шектеу сияқты проблемалар төнеді», – деді Руслан Шоқаев.

 Мемлекеттік сатып алу туралы қолданыстағы заңнамаға сәйкес «Мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізілімі» ұғымы бар. Бұл тізілімге өзінің келісімшарттық міндеттемелерін орындамаған немесе келісімшарт жасаудан жалтарған өнім берушілер енгізіледі. Өз кезегінде, тапсырыс берушілерге қатысты жауапкершілік шаралары қарастырылмаған.

 Сонымен қатар тауар, жұмыс, қызмет сапасының бағадан басымдығы қалай жүзеге асатыны түсініксіз. Заң жобасы «Сатып алу үшін пайдаланылатын ақшаны оңтайлы және тиімді жұмсау, соның ішінде сатып алынатын тауар, жұмыс пен көрсетілетін қызметтің бағасы мен сапасының арақатынасын қамтамасыз ету жолымен» мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидатымен ғана толықтырылды.

Бұдан басқа, Ұлттық кәсіпкерлер палатасының нормалардың сақталу заңдылығын қадағалау үшін Мемлекеттік сатып алудың тәуелсіз мониторингі институтын құру туралы бастамасы артық деп саналды.

Қазір түрлі ақпарат көздерінде Қазақстан аумағы бойынша тауар, жұмыс пен қызмет қажеттіліксіз сатып алынатыны туралы мәлімет таралып жатыр. Бұл жайт мемлекеттік сатып алуды заңнамалық деңгейде өткізу туралы хабарландыруларға тұрақты мониторинг жүргізу қажеттігін көрсетеді.

Қазіргі кезде заң жобасы Мәжілісте қарау сатысында тұр. Бизнестің кейбір ұсыныстары оған түспегеніне қарамастан, «Атамекен» Ұлттық палатасы заң қағидаларының жобасына неғұрлым егжей-тегжей ұсыныстарды талқылауға ниетті.

 

  


Еншілес ұйымдар

Серіктестер