astana-view

Астанада «Атамекен» ҰКП кезекті ХІ съезі өтті

2023 жылғы 17 Қараша
10971 просмотров

Бүгін елордада «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының кезекті ХІ съезі өтті. Съезд жұмысына Қазақстанның барлық өңірінен жүздеген делегат қатысты.

Жиынның күн тәртібіне бірқатар мәселе ұсынылды. Атап айтқанда, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы төралқасының жекелеген мүшелерін атқаратын қызметінен босату және лауазымға сайлау және «Атамекен» ҰКП Ревизиялық комиссиясының мүшесі лауазымына сайлау мәселелері қаралды. Бұдан басқа, «Атамекен» ҰКП Ревизиялық комиссиясының 2022 жылғы жылдық есебі және «Атамекен» ҰКП-ның 2022 жылғы қызметінің қорытындысы туралы бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануға жататын жыл сайынғы есебі бекітілді.

«Атамекен» ҰКП төралқа төрағасы Райымбек Баталов еліміздің түкпір-түкпірінен келген делегаттарды съездің ашылуымен құттықтап, ҚР премьер-министрінің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевқа сөз берді. Вице-премьер өз сөзінде Ұлттық палатаның жұмысы бизнеске жобаларды іске қосу, жұмыс орындарын құру, қызметкерлердің табысын арттыру және сол арқылы елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға мүмкіндік беретінін атап өтті.

«Былтырдан бері «таза парақтан реттеу» қағидатын сәтті іске асырғанымыз белгілі. Қазірдің өзінде өзекті емес деп табылған 9 мың талап күшін жойды, тағыда шамамен 1 мың талап жыл соңына дейін, тиісті заң қабылданғаннан кейін күшін жоятын болады. Тәуекелдерді басқаруды іске асыру және жүйелі автоматтандыру келесі жылдан бастап бизнесті жоспарлы тексеру және әкімшілік жауапкершілікке тартуды едәуір қысқартуға мүмкіндік береді», – деді Ерұлан Жамаубаев.

Сонымен қатар шағын және орта бизнесті дамытудың маңызды факторы – қаржылай қолдау шаралары. Осы жылдың 10 айында 670 млрд теңге сомасына 9 мыңға жуық жоба субсилияланды және 270 млрд теңге болатын 7 мың жобаға кепілдік берілді.

 «Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес геологиялық барлау, АӨК кешені үшін заңнамалық түрде икемді жағдайлар жасалатын болады. Өңдеу өнеркәсібіндегі жаңа жобалар корпоративтік табыс салығынан, жер және мүлік салығынан 3 жылға босатылады. Салықтар мен төлемдер саны 20 пайызға, есеп беру формалары 30 пайызға қысқарады. Салық салудың сервистік моделіне көшу аясында фискалдық сүйемелдеу арқылы бизнеске қолдау көрсетуге басты назар аударылады. Осы және басқа да тәсілдер жаңа Салық кодексі арқылы жүзеге асырылады», – деді премьер-министрдің орынбасары.  

Спикердің айтуынша, кәсіпкерлердің өзекті мәселелері Үкімет деңгейінде талқыланып, шешіліп, тиімді және сындарлы өзара іс-қимыл және отандық бизнесті қолдау жөніндегі жұмыс жалғастырылатын болады. Соңында Ерұлан Жамаубаев съезд делегаттарына экономиканың дамуына қосқан үлесі және жүргізіліп жатқан реформаларды қолдағаны үшін алғысын білдірді.

Жиын барысында «Атамекен» ҰКП басқарма мүшелері съезд делегаттарының алдында өз бағыттары бойынша, оның ішінде Өңірлік даму мәселелері және орта бизнеске жеке назар аудара отырып, салааралық мәселелер және бизнесті қорғаудың экожүйесін құру мәселелеріне қатысты сөз сөйледі.  Бұл бағытта Ұлттық палата трансформация және ағымдағы міндеттер шеңберінде Бас прокуратура, Жоғарғы Сот, әкімдіктермен жаңа алаңдар құрып жатыр.

«Атамекен» ҰКП төралқа төрағасы Райымбек Баталов Инвестициялық жобалар тізілімі іске қосылатынын хабарлады.

«Мемлекет басшысы осы жылдың сәуірінде Ұлттық палатаға Үкіметпен бірлесіп инвесторлар мен инвестициялық жобалардың дерекқоры бар интерактивті инвестициялық карта жасауды тапсырды. Біз прототипін жасадық. Пилоттық режимде көпшілігіңіз премьер-министрдің қатысуымен орта бизнес бойынша өңірлік кездесулер кезінде жүйені сынап көрдіңіз. Механизмдерді пысықтап, аяқтап жатырмыз, желтоқсанда жүйе дайын болады. Карта толыққанды іске қосылғанда әкім, премьер-министр және Президент Әкімшілігіне өзекті деректер қолжетімді болады. Кәсіпкер үшін артықшылығы анық. Ең бастысы – шешімдер қабылдау жылдамдығы артады, жауапкершілік мүлде басқа деңгейде болады», – деді ҰКП басшысы.

 Спикердің айтуынша, Палата алдындағы міндеттер бизнестің әр санаты бойынша нақты әрі түсінікті. Шағын бизнес үшін – табыс пен жұмыспен қамту. Орта бизнес бойынша – жұмыс істеп тұрған компаниялардың саны және инвестициялық жобаларды іске асыруға жәрдемдесу. Сонымен қатар Ұлттық палата «Іскерлік ахуал» рейтингі шеңберінде жүргізетін кәсіпкерлерге арналған сауалнамалары. «Атамекен» ҰКП әкімдіктер үшін де осындай көрсеткіштерді ұсынады. Қазір көрсеткіштердің 20-дан астамы бизнес саласында. Нәтижесінде барлық өңір бойынша өңірлік палаталар мен жергілікті атқарушы органдардың өзара іс-қимылының бірыңғай форматы қамтамасыз етіледі.

«Осыған дейін айтқанымдай, қазір біз мемлекеттік жоспарлау жүйесіне және басқа да нормативтік актілерге бірқатар өзгерісті қамтитын кешенді шешім дайындап жатырмыз. Қазір  2024 жылға аяқ басқалы тұрмыз. Жаңа Салық кодексін қалыптастыру мәселесі бар. Үкімет ҚҚС мөлшерлемесін арттыру мәселесін талқылап жатыр. Сонымен бірге біз әлсіз инвестициялық белсенділікті, салалық және өңірлік саясаттардың тоқырауын көріп отырмыз. Біз әкімдіктер мен орталық мемлекеттік органдар деңгейінде нақты ұсыныстар беріп, сол ұсыныстар тыңдалуы үшін күш-жігерімізді біріктіріп, бірге алға ұмтылуымыз  керек деп санаймын. Қазақстандық қамту – осының жарқын мысалы. Кешегі форумда біз отандық тауар өндірушілер мен ТМК-ны біріктірдік. Қазіргі кезде Үкімет мүлдем басқаша әрекет ететінін көрсетеді. Бұл тәжірибені жалғастыруға ниеттіміз», – деді Райымбек Баталов.     

Спикер Мәжіліс барлық түзетулерді қабылдайтынына және оның қорытындысы бойынша кезектен тыс съезд өткізілетініне үміт білдірді. Сондай-ақ Ұлттық палата съезді Мемлекет басшысының қатысуымен екі күнде өткізуге бастамашы болатынын айтты.          

 

 

 

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер