astana-view

Мәслихаттар 2024 жылғы наурыздың соңына дейін бөлшек салық мөлшерлемесін төмендете алады

2023 жылғы 01 Желтоқсан
11006 просмотров

Бұл туралы ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Амрин «Атамекен» Ұлттық палатасының алаңында бөлшек салық мөлшерлемесін төмендету бөлігінде салық заңнамасының нормаларын түсіндіру жөніндегі семинар жиналыс барысында мәлімдеді. Оның айтуынша, тиісті заң жобасы Парламентте мақұлданған және жақын арада құжатқа Мемлекет басшысы қол қоятын болады.

Еске салсақ, Салық кодексіне сәйкес 2023 жылдан бастап мәслихаттар бөлшек салық мөлшерлемесін 4%-дан 2%-ға дейін екі есе төмендетуге құқылы. Сонымен қатар, заңдағы қайшылық салдарынан қазіргі кезде мәслихаттарда 2024 жылға қарай мұндай құқық болмайды.

 «Бөлшек салық мөлшерлемесін 1 шілдеге дейін төмендету бойынша шешім қабылдап үлгерген өңірлердің шешімі заңды болып қалады. Үлгермегенер немесе шешімді 1 шілдеден кейін қабылдағандар сіздерге оны келесі жылдың 1 қаңтарынан 31 наурызы аралығында қабылдау керек. Бұл 2024 жылға арналған бөлшек салық мөлшерлемесін төмендету туралы шешім болады. Осы тоқсанда бөлшек салық туралы шешім қабылдауға уақыт болуы керек. 2025 жылға арналған шешім 2024 жылғы 1 желтоқсаннан кешіктірілмей қабылдануы тиіс», – деп түсіндірді вице-министр жаңа норманы.

Спикер мәслихат депутаттарын бизнестің қызмет түріне, табысына және орналасқан жеріне қарай сараланған түрде бөлшек салық мөлшерлемесін төмендету мәселесіне қарай қарауға шақырды.

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, өз кезегінде, мәслихаттың келесі отырысына дейін оның қолданылу мерзімін өзгерте отырып, бөлшек салық мөлшерлемесі бойынша жыл сайынғы шешім қабылдауды жоюға бастамашы болды. Бастаманы бизнес пен мемлекеттік органдар қолдады.

Кәсіпкерлер мәслихаттар бөлшек салық мөлшерлемесін екі есе төмендетуге құқылы болғанына қарамастан, депутаттар шешім қабылдауға асықпайтынын атап өтті. Мысалы, 2023 жылы бөлшек салық мөлшерлемесі Қарағанды және Қызылорда облыстарында ғана 2%-ға, Астанада 3%-ға дейін төмендетілді. Шешімдер қабылдау механизмі бойынша сұрақтар туындайды.

«Мәслихаттар деңгейінде мөлшерлемені төмендетуге кім бастамашылық етеді деген сұрақ туындайды. Мәслихаттар өздігінен мәселені көтермейді және олар Мемлекеттік кірістер органдары немесе әкімдіктен шешім күтеді. Бұл мәселе өңірлерде бар. Әр өңір әр түрлі түсінеді. Бірыңғай алгоритм жоқ»,  – деп атап өтті «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Тимур Жаркенов. 

Айта кету керек, бөлшек салықтың арнайы салық режимі ретроспективті түрде енгізіліп, осы жылдың басынан бастап күшіне енді. Бөлшек салықты жұмыскерлерінің саны 200 адамнан аспайтын, ал табысы күнтізбелік жылға 2,1 млрд теңгені (600 мың АЕК) құрайтын кәсіпкерлер қолдана алады.

Салық мынадай мөлшерлемелер бойынша төленеді: заңды тұлғалармен мәмілелер үшін 8% және жеке тұлғаларға сату кезінде 4%. Бұл ретте мәслихаттарға бөлшек салық мөлшерлемесін екі есе төмендету құқығы берілді.

«Біз бөлшек салық үшін бір жарым жыл бойы күресіп келеміз. Бұл ретте кәсіпкерлер салық қолданылуын екі түрлі түсініп келді.  Енді бізге әрбір даулы мәселеге нақты анықтама берілді. Қауымдастықтар әлі де көп жұмыс істеп, кәсіпкерлердің сұрақтарына бастамашы болуы керек. Сонда әр сұрақты бірге қоямыз, жеке-жеке мемлекеттік органдарға барып, түсіндіруді сұрамаймыз», – деп санайды ҚР қоғамдық тамақтану қауымдастығының төрайымы Вероника Нұрпейісова.

Еске салсақ, бүгінде бөлшек салықтың арнайы салық режиміне жататын қызмет түрлерінің тізіміне 190 ЭҚЖЖ (экономикалық қызметтің жалпы жіктеуіші) кіреді. Олардың ішінде бөлшек сауда, автомобильдер, киім-кешек пен жиһазды жөндеу, ағаш өңдеу, сырлау және сылау жұмыстары, такси қызметтері, қоғамдық тамақтану және т. б.

Кәсіпкерлерден туындайтын мәселелерге байланысты бүгін «Атамекен» Ұлттық палатасының алаңында ҚР Ұлттық экономика министрлігі және ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің өкілдерімен бірлесіп бөлшек салық мөлшерлемесін төмендету бөлігінде салық заңнамасының нормаларын түсіндіру бойынша семинар жиналыс өтті.

 

 

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер