astana-view

Астанада Қазақстанның үздік тауарлары анықталды

2023 жылғы 12 Желтоқсан
7082 просмотров

Бүгін елордада  «Қазақстанның үздік тауары» республикалық-көрме байқауының жеңімпаздарын марапаттау салтанаты өтті. Байқауда жыл сайын «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар», «Халыққа арналған үздік тауарлар», «Үздік азық-түлік тауарлары» номинациялары бойынша жүлделер беріледі. Әр номинация бойынша үш жеңімпаз марапатталады.

Биыл «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік көрме-байқауларға республика бойынша 1,3 мыңнан аса кәсіпорын қатысты. Соның ішінде 27 финалист онлайн-дауыс беру кезеңіне өтті. Соңғы кезеңде жеңіске жеткен 9 дипломант «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауының дипломдары және эмблемасымен марапатталады.

Осы жылы «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» номинациясында «Большевичка» ЖШС (Қостанай облысы), «УК ЮНИС» ЖШС (Абай облысы), «Алматинские краски» ЖШС (Жетісу облысы) жеңімпаз атанды. Дипломанттарға жүлдесін ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев табыс етті.

 «Большевичка» ЖШС бас директоры Арсен Жетпісбаев кәсіпорын сапа саласындағы байқауға бірнеше рет қатысқанын, жүлдені биыл ғана алып жатқанын айтты.

 «Өткен жылдарда қатысқан әр байқаудан кейін кемшін тұстарымызды саралап, қорытынды жасадық. Көрсеткіштерді жақсартып, үздік болуға талпындық. Бүгін, міне, жеңіске жеттік. Бұл жеңіс біз үшін үлкен жетістік, ұжымның қажырлы еңбегінің жемісі. Бүгінгі марапат бізді жаңа белестерге жетелеп, жаңа жобаларды қолға алуға шабыт берді, келешектегі өршіл мақсаттар мен міндеттерге қанаттандырды», – деді Арсен Жетпісбаев.

 «Халыққа арналған үздік тауарлар» номинациясында «ТаразКожОбувь» ЖШС (Жамбыл облысы), «ТК Фарм Ақтөбе» ЖШС (Ақтөбе облысы), «A.V.Group» ЖШС (Қарағанды облысы) үздік атанды.

«Біздің кәсіпорынның тәжірибесі мол әрі әлемдік нарықта да бәсекелесе алады. Өндірістегі қуат та жеткілікті. Зауыттың бірегейлігі аяқ киім жасауға қажетті былғарыны өзі өндіре алады. 2024 жылдан бастап тері-былғары зауытын толық қуатта іске қосуды жоспарлап отырмыз. Сапа жағын да жетілдіріп келеміз. Біздің аяқ киімнің сапасы жоғары, әрдайым сұраныста болғанын қалаймыз», – деді жеңімпаз, «ТаразКожОбувь» ЖШС бас директоры Еркін Әбдібаев.

«Үздік азық-түлік тауарлары» номинациясында «Әулие-ата Феникс» ЖШС (Жамбыл облысы), «Балзия» ЖШС (Батыс Қазақстан облысы), «Жанаөзен сүт зауыты» ЖШС (Маңғыстау облысы) жеңімпаз болды.

 «Әулие-ата Феникс» ЖШС құрылтайшысы Фарида Жүнісованың айтуынша, «Үздік азық-түлік тауарлары» номинациясындағы жеңіс кәсіпорын үшін үлкен жетістік. Компания ұжымы өз өнімінің қазақстандықтар арасында сұраныста болғанын мақтан тұтады.

Еске салсақ, «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-байқауы жыл сайын өтетін шара. Байқаудың басты мақсаттары – жеке және заңды тұлғалардың отандық өнімнің сапасын арттыруға бағытталған қызметін жандандыру, Қазақстан нарығын жоғары сапалы және бәсекеге қабілетті өніммен толықтыруға жәрдемдесу, отандық және халықаралық стандарттар негізінде сапаны басқару мен қамтамасыз етудің қазіргі заманғы әдістерін кеңінен енгізуге алғышарттар жасау және оған жәрдемдесу, халық арасында сапа идеясын кеңінен таныту.

Байқау лауреаттары мен дипломанттары байқаудың эмблемасын төрт жыл бойы жарнамалық мақсатта пайдалану құқығын алады.

 

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер