astana-view

Мемлекеттік сатып алу порталында актілердің мерзімін бұзатын топ-5 мекеме анықталды

2023 жылғы 20 Желтоқсан
8322 просмотров

Дереккөз: pixabay.com

«Атамекен» ҰКП және «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігі мемлекеттік сатып алуға мониторинг жүргізді. Зерттеу «Сатып алудың бірыңғай терезесі» порталының қызметін пайдалана отырып, тапсырыс берушілердің электрон актілерге уақтылы қол қою бөлігіне жүргізілді. Талдау нәтижесінде 2023 қаржы жылдың өзінде ғана жалпы сомасы 18,7 млрд теңгені құратын мерзімі өтіп кеткен 22 мың электрон акті бекітілгені анықталды. Мерзім күнін кешіктірудің орташа ұзақтығы 19 күнді құрады.

Тиісті 3 күн мерзімді бұзатын мекемелер арасында:

  • «Шымкент қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасы» ММ. Оның қызметкерлері электрон актілерді жүйелі түрде кешіктіріп бекітеді. Мысалы, ақпан-сәуір аралығында мұнда жалпы сомасы 1,9 млрд теңгеге 8 электрон акті кешіктіріп бекітілген. Орташа алғанда электрон актіге 65 күн кідіріспен қол қойылады;
  • «СҚО әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасы» КММ. Қаңтардан мамырға дейін мұнда жалпы сомасы 49,5 млн теңгеге 7 электрон акті кешіктірілді. Ең ұзақ бекіту 106 күнге созылған. Орташа алғанда процесс 35 күнге созылды;
  • «Алматы қаласының энергетика және сумен жабдықтау басқармасы» КММ. Жеткізуші электрон актіні жіберген, ал тапсырыс беруші оны 106 күннен кейін ғана бекіткен. Төлемге жіберілген сома 17,1 млн теңгені құрады;
  •  Маңғыстау облысының полиция департаменті. Мұнда жеңіл автокөліктерді жалға алу қызметіне электрон актілерге 36 күннен кейін ғана қол қойылды. Төлем сомасы 29,2 млн теңгені құрады;
  •  Түркістан қаласы әкімдігінің «Инфрақұрылым және коммуникациялар бөлімі» ММ. Мұнда жеткізушімен электрон актіге көп қабатты үйлердің аулаларын абаттандыру бойынша жұмыстың 20 күні өткен соң қол қойды. Төлем сомасы 53,3 млн теңгені құрады.

             Жалпы, жүргізілген талдау бұзушылықтар жиі әкімдіктер мен оларға ведомстволық бағынысты ұйымдар тарапынан болатынын көрсетті. Олар жалпы сомасы 5,8 млрд теңгеге электрон құжаттарды бекіту мерзімін бұзуға жол берген.

             «Атамекен» ҰКП реттелетін сатып алу департаментінің директоры Руслан Шоқаевтың айтуынша, тапсырыс беруші тарапынан электрон актіге уақтылы қол қойылмаса, кәсіпкерлер салықтарды уақтылы төлей алмай, несиені өтеу мерзімдерін бұзады, қызметкерлерге еңбекақы бере алмай қалады.

«Бұған дейін актілерге уақтылы қол қоймағаны үшін тек тәртіптік жауапкершілік қарастырылған. Алайда, осы жылдың 2 қарашасынан бастап Қаржы министрлігі мерзімдердің мониторингі бойынша форматты-логикалық бақылау орнатты. Енді тапсырыс беруші веб-порталда электрон актіні уақтылы келіспеген жағдайда, тапсырыс берушінің жеке кабинеттегі әрекеттері электрон актіні бекіткенгее дейін бұғатталады», – деді Руслан  Шоқаев.

Спикер порталда электрон актіге қол қою жеткізілген тауарлар/көрсетілген жұмыстар/қызметтер үшін жеткізушіге төлем мерзімдерін бұзу мәселесін шешпейтінін, осыған байланысты рәсімдік бұзушылықтар үшін тапсырыс берушілердің контрагенттер алдындағы жауапкершілігін қатаңдату қажет екенін айтты.

«Тапсырыс беруші тарапынан мемлекеттік сатып алу порталында уақтылы көрсетілмеген қызметтер/жұмыстар немесе тауарларды жеткізгені үшін өсімпұл салу әлдеқайда оңай. Ал өнім берушілер кешіктірілген төлем үшін тапсырыс берушіге өсімпұл салу үшін сотқа жүгінуге және өз ақшасын сот тәртібімен өндіріп алуға мәжбүр. Яғни, мемлекеттік сатып алу порталының функционалы бастапқыда тапсырыс берушінің пайдасына құрылған. Көбінесе кәсіпкерлер сот ісін жүргізуді қаламайды және өз ақшасын айыппұлсыз берілгенін күтеді», – деп атап өтті спикер.

 

Анықтама:

«Сатып алудың бірыңғай терезесі» порталы – Ұлттық кәсіпкерлер палатасының сервисі сатып алулмен айналысатын барлық қатысушы үшін сатып алу нарығын ашықтығы және қолжетімділігін арттыруға бағдарланған.

Оны «Атамекен» ҰКП еншілес ұйымы – «Нарықты мониторингілеу және сараптау орталығы» ЖШС әзірледі. Оның негізгі мақсаты реттелетін сатып алу саласындағы кәсіпкерлер үшін ақпараттық сервистер құру..

 Портал Қазақстанның бес негізгі сауда алаңдарын: «Электрон қаржы орталығы» АҚ, «Бәйтерек»ҰБХ» АҚ-тың Еуразиялық электронды порталы, «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ және «Nadloc» АҚ-тың мемлекеттік сатып алу бойынша ақпаратын біріктіреді.

 Портал шеңберінде мемлекеттік сатып алудың негізгі қағидаттарын қолдана отырып, сатып алу қызметін оңтайлы тиімді жүзеге асыруға бағытталған мемлекеттік органдар үшін сараптамалық құралдар іске асырылды.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер